7.07.2022, 10:45
Оқылды: 95

Тарихи тұлға

Түп тұқияннан күні бүгінге дейінгі біз білетін бір анық  –  тарихты  тұлғалар  жасайды, тарихта тұлғалар сақталады, тарихи қажеттілік тұлғаларды туғызады. Уақытпен дәлелденген осы шындыққа көз жеткізгісі келген кісі болса, кейіпкеріміз көрнекті ғалым, академик Тұяқбай Зейітұлы Рысбековтің өмірі мен шығармашылық жолына үңілуге кеңес береміз.

InShot_20220707_102812793

Түбі бір түркі жұртының мақтанышы Махмұд Қашқаридың «Ұлым, саған айтайын, өсиетін дананың, білімдіні таны да соңына ер, қарағым» деген тәмсілін әңгімеміздің прологі етіп ой сабақтаудағы мақсат, ұстаздық жолда білім мен ғылымға ұмтылған сан шәкіртті соңына ертіп, бағыт беріп, жағдай жасап, мектеп қалыптастырып отырған Тұяқбай Рысбековтің ғылым көгіндегі темірқазыққа айналған тарихи тұлға екенін айту, кейінгі буынға үлгі ету, «бір ғалымды көрсеңіз...» деген өлең жолдарының шынайы өмірде жүзеге асатынын талапты жасқа көрсету идеясы ғана.

Қазіргі таңда 90 жылдық тарихы бар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің заманауи келбет алуына, имидж қалыптастыруына Тұяқбай Зейітұлының сіңірген еңбегі орасан екенін ел біледі. Аталмыш университет тізгінін тоқсанның тоқырауында қолға алып, министрдің емес, ұжымның қалауымен ректор болып сайланған Рысбековтің жиырма жыл жұмыс ырғағын жорғасынан жаңылдырмаған сұсы мен топтан торай алдырмаған тұсын ұстаздар ұстаханасы  аңыз  қылып  айтып  жүр.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары республикадағы екінші жоғары оқу орны болып ашылған университет тарихын парақтап, қалыптасу, даму жылдарына назар аударар болсақ, ректорлар тізімі мен атқарылған істер ақпаратына қанығамыз. Бір анығы, іркіліссіз ілгерілеудің барын түйсініп, тәубе айтасың. Жоғары оқу орнының көрсеткішін материалдық базасымен бірге ғылыми әлеуетіне қарап танимыз десек, Тұяқбай Зейітұлы басшылық еткен жылдары университеттің жаңа кезеңге аяқ басып, бұрын болмаған мүмкіндіктерге ие болғанын аңғаруға болады. Соның бірі – Отан тарихы мамандығы бойынша алғашында тарих ғылымдарының кандидаты, кейіннен докторы ғылыми дәрежесін беретін біріккен диссертациялық кеңестің университетте ашылуы. Бұл университет тарихындағы ректорларға алдыртпаған асу болатын. Шектеулі уақытқа ректор болу бар да, елдің шектеусіз құрметіне бөлену бар екенін уақыт сыншы дәлелдеп беріп отырғанын республика көлеміндегі жоғары оқу орындары ректорларының тарихына үңілсек, анық көреміз. Көшелілігімен көпшіліктің ықыласын аударған ректорлар көшін Ө. Жолдасбеков, Е. Букетовтер бастап тұрса, сол санатта дауылпаз ақын Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін ұзақ жыл басқарған Тұяқбай Зейітұлы  Рысбеков  те  бар.

Кейіпкеріміз ой толғауымыздың тақырыбы етіп алып отырған тұлға мәселесін өзінің «Тарихи тұлғалар: уақыт және өмір жолдары» атты зерттеу еңбегінде өмірден түйгенін өз өмірімен байланысты тінін тірліктің шүйкесімен бір ескенін түйсінеміз. Әңгімеміздің арқауына айналар ауторлық толғаныстан бір үзік келтірейік. «Жалпы тұрғыдан алып қарағанда, тарихи тұлғалар былайша анықталады, бұлар – жағдайлардың күшімен және жеке басының сапаларымен тарих тұғырына көтерілгендер. Олар – тек іс-әрекеттің және саясаттың қайраткерлері ғана емес, сонымен қатар ойлағыш адамдар, не қажет және не уақтылы және өзінің соңынан басқаларды, бұқараны ерте алатын рухани басшылар. Бұл адамдар тарихи қажеттілікті сезінеді және қабылдай алады».

Біз сілтеме жасап отырған тұжырымдамада тұлғалардың жағдайдың күшімен және жеке басының сапаларымен тарих тұғырына көтерілетіні айтылады. Енді осыны кейіпкерімізбен қабыстырсақ. Әңгімеміздің басында Тұяқбай Зейітұлының университет ректоры болуына ұжымның ықпалы, яғни қалауы болғанын айтқан болатынбыз. Бұл сонау тоқсаныншы жылдар саясатындағы қайта құру, демократиялық жаңғыру әсерімен жүзеге асқан оң құбылыс еді. Бұлай дейтін себебіміз сол кездегі А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты 60 жылдық тарихында алғаш рет 1991 жылы наурыз айында ұжымның жалпы жиналысында тікелей сайлау нәтижесінде өз басшысын өзі сайлады. Тұлғалардың анықталуындағы жағдайлардың күші дегенде осыны айтпақпыз. Тұжырымдамадағы екінші жеке басының сапаларымен тарих тұғырына көтерілу мәселесін таратсақ. Тұяқбай Зейітұлы туралы жазылған мақалаларда құрдастары мен тұстастары студенттік жылдарды сағына еске ала отырып, Төкеңнің сан қырлылығы мен өнерге жақындығы, топтағы көшбасшылығын ат жалын тартып мінгелі барлығын қызықты етіп баяндайды. Алғаш Жамбыл педучилищесі, кейін қазіргі әлФараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттік жылдар естелігі адами қасиеттерімен ортаға танылудың алғашқы баспалдақтары болса, бұл арнайы жолдамамен 1971 жылы Орал пединститутына ұстаздық қызметке келген жылдар­дан шыңдала түскенін байқаймыз. Отыз жасында орда бұзып, кандидаттық диссертация қорғауының өзі сол кезең үшін шет аймақтағы Орал пединститутында екінің бірі жете алмайтын ғылым жолындағы нәтиже  болатын.

Тұяқбай Зейітұлының ұжым басқарудағы тәжірибесі мен жеке басының сапалық қасиеттері 1979 жылы кафедра меңгерушісі болып тағайындалуымен толыса түсті деп айта аламыз. Он жылдай кафедраны басқарып, 1988 жылы дербес шыққан тарих факультетінің деканы қызметіне жоғарылатылған Тұяқбай Зейітұлы мансап биігінде ғана емес, ғылым жолында да ілге­рілегенін 1990 жылы отандық тарих ғылымының қара шаңырағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығуынан көреміз. Ұжым басқару мен ғылымды нәтижелі қатар алып жүруі Абайдың «Екі кеме құйрығын, ұста жетсе бұйрығың» афоризмін еске түсіреді. Тәуелсіздік таңы жақындаған тұстағы демократиялық жаңару ықпалымен ректорлыққа кандидатура ұсынылған тұста білім ордасының ұжымы лайықты азамат деп Тұяқбай Рысбековті таңдады. Міне, бұл да «жеке басының сапаларымен тарих тұғырына көтерілу» тұжырымдамасы тұғырнамасының растығын дәлелдейді.

Уақыт талабына сай тұлғаны анықтайтын іс-әрекет пен саясаттағы қайраткерлік Тұяқбай Зейітұлы келбетін ректорлық қызметке келуімен шыңдай түскенін аңғарамыз. Әрине, мұны бір мақала көлемінде таратып айту мүмкін емес. Түрлі деңгейдегі дөңгелек үстел басындағы кеңестер мен ғылыми конференцияларды ұйымдастыру, баяндама жасау, сондай-ақ қалалық, облыстық мәслихат депутаты ретінде халықтың аманатын орындау жылдары – кейіпкеріміздің тарихи тұлға деңгейіне көтерілгенін анықтайтын іс-әрекет пен саясаттағы қайраткерлік  көрінісі.

Тұяқбай Зейітұлы – ел тәуелсіздік алғаннан кейін жоғары және орта мектептерде оқу процесін заман көшіне сай ұлттық болмысқа басымдық бере отырып дамыту бағытын ұстанған басшының бірі. Ол кезде Оралда мұрты едірейіп шыға келетін қызыл қалпақты казактардың көбесі әлі де сөгіле қоймаған қалада жалғыз ғана қазақ мектебі бар кез болатын. Батыс Қазақстан облысында да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жетіспейтініне көз жеткізген Тұяқбай Зейітұлы 1992 жылы ректорлық тәжірибесі бір жылдығына қарамастан көрегенділік танытып, профессор М.Тілеужанов екеуі министрлікке облыстағы кадр тапшылығын түсіндіріп, сол жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 5 курсы мен 4 курсын қатар бітіріп, облыстағы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының бойына қан жүгірткенін қауым ел және осы жолдардың авторы жақсы біледі.

Кеңестік жүйенің ыдырауы ел экономикасын шатқаяқтатып, ішкі және сыртқы миграция толқынын арттырғаны белгілі. Тарихи отанына кетушілер мен жан бағу қамымен ауыл-аймақ атақоныстан аудан, облыс орталығына ағылған ел білім жүйесіндегі тепе-теңдікті де бұзып кетті. Осы кезде білікті басшы Тұяқбай Зейітұлы шағын мектептерге әмбебап педагог кадрлар даярлау ісін шұғыл қолға алып, өзінің ойлағыштығын, қоғамға не қажеттігін дер кезінде шеше білетін үйлестірушілік қабілетін танытты. Кейін бұл бастама республика көлемінде шағын мектептерге әмбебап педагог кадрлар даярлау ісінде жетекшілік мәнге ие болды.

Облыс көлеміндегі дарынды балаларды орталықтандырып тереңдетілген арнайы бағдарламамен оқытатын мектеп ашу ісінде де Тұяқбай Зейітұлы аз тер төккен жоқ. Қаламыздағы дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп жеке отау тікпес бұрын қазіргі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанында көп бағытты лицей-мектеп болып Рысбековтің бастамашылығымен 1993 жылы іргетасы қаланған болатын. Мұндай жарқын істердің нәтижесі деп университеттің жетістіктерін, алдыңғы қатарлы оқу орындарымен иық теңестіріп халықаралық деңгейге көтерілуін, кредиттік оқыту жүйесінің дәстүрлі оқу жүйесімен сабақтастырылуын айтсақ болады. Бүгінгі күні «ұлдың өзі болғандай, қыздың өзі толғандай» болуы мүмкін, ақиқатында  университет тарихындағы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді көреген ректор Тұяқбай Зейітұлы сақасының иіріп тастағанда алшысынан тұрып, оңтайлы шешімін  тапқаны  көптің  жадында.

Тұяқбай Зейітұлы тұлға туралы толғанысында олар «өзінің соңынан басқаларды, бұқараны ерте алатын рухани басшылар. Бұл адамдар тарихи қажеттілікті сезінеді және қабылдай алады» деп ойын қорытындыласа, тарихи тұлға деп танып отырған кейіпкеріміздің рухани көшбасшылығы, тарихи қажеттілікті сезінуі туралы сөзімізді Жүсіп Баласағұнның «Ғалымдар серке секілді қайда бастаса да тура жолға бастайды» деген тәлімімен тұздықтауды жөн көріп отырмыз.

Тұяқбай Зейітұлы – тарихшы ғалым ретінде өзін ғылыми ортада мойындатқан тұлға. Бұған жазған еңбектері мен ғылыми жетекшілігімен қорғалған 2 докторлық, 20 кандидаттық, 40-тан астам магистрлік диссертация дәлел. Осыншама адамды ғылым жолына тарта білуі рухани басшылығын танытса, кеңес идеологиясы айтқызбаған тарихи ақтаңдақтарды жазуы, шәкірттеріне тақырып етіп ұсынуы – тарихи қажеттілікті сезінуі және  қабылдай алуы.

Тұяқбай Зейітұлының жарияланымдары мен шәкірттерінің зерттеу нысандарына қарасаңыз, сабақтастықты, бірін-бірі толықтыруды байқарыңыз анық. Үңіле түссең, Батыс Қазақстан аймағының үш ғасырдан астам тарихи энциклопедиясына жолығасыз. Тұлғалар, жер-су қоныстар, алыс-беріс, дала-қала халқының ахуалы, ағарту, ақпарат, шаруашылық, өндіріс тағы да басқа аймақ тарихының ғасырлар тынысын аңғартатын еңбектері – осының  дәлелі.

Жаһандану дәуірінде тілін тұғырға қонғызып, тарихын түгелдеп таразылаған халық қана келер жүз жылдықтардың табалдырығынан аттай алады. Мәңгілік ел болу, ұлттық кодымызды сақтау, кейінгі буынды соңынан ерте білетін, тарихи қажеттілікті сезіне алатын уызынан ұлттық болмысқа жарыған рухани көшбасшыларға тән. Соның бірі Батыс Қазақстан аймағындағы тарих ғылымының шамшырағына айналған, мектеп қалыптастырған ұлтымыздың ұлық ұлдарының бірі – Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков.

Мұны бізден әлдеқайда бұрын көрнекті ақын Күләш Ахметова «Таластың сәлемі» өлеңінде «Ұлтының мүддесін ойлаған, Ұл едің тұлғалы»  деп айтқан болатын.

Тұяқбай Зейітұлы еңбектерінің хронологиялық көрсеткішіне қарасақ, жарты ғасырға жуық тарих ғылымына талмай қызмет етіп келе жатқанын көреміз. Сол жылдар аралығында ғалым 700-ден аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік басылым жариялады. Қаншама архивтің шаңын қағып, ғылыми шығармашылық жұмыс­пен айналысудың азабы мен рақатын осы жолда жүргендер ғана біледі.

Тарих ғылымының докторы, профессор бірнеше отандық және алыс-жақын шетелдер академиясының академигі, «Парасат» орденінің кавалері Тұяқбай Зейітұлының білім мен ғылым саласындағы көп жылғы еселі еңбегі ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР үкіметі тарапынан сан рет марапатталды. Ел ағасының ресми билікпен қоса елдің де алғысын алғанын көзбен көрген жайым бар. Орал қаласындағы Чапаев көшесінің тұрғыны, қарт ана Төкеңе тұрған үйінің терезесінің тозығы, жетіп тұрғанын айтып, қолғабыс сұрайды. Тілегі орындалған ананың тілегі «Тәңірім Тұяқбайжанның көңіл терезесін кірлетпе, көлеңкеңді түсірме» болды. Бүгінгі таңда тарихи тұлғаға айналып отырған Тұяқбай Зейітұлы әулеттің ғана әкесі емес, елдің де рухани әкесі. Бұған білімнің қара шаңырағында қара ормандай бой түзеген шәкірттері   дәлел.

Алты алаштың баласы жиналғанда ұстаздың орны төр болса, қазақтың тарихын, руханиятын төрге тартып жүрген тарихи тұлға, ұлағатты ұстаз Тұяқбай Зейітұлының 75 жылдық мерейтойы қазақ баласының ұқсап бағып, бой түзейтін бір  төрі  болуы  керек.

Тілек біреу, төрт құбылаңыз аман болсын, түйін біреу: «Тұлға да пенде. Ендеше, оның бойында да басқа адамдарға тән олпы-солпы іс-әрекеттер болуы заңды. Мысалы, заман ағымын дер кезінде түсінбеу, дұрыс қабылдай алмау жағдайлары да кездесе береді. Бұларға әр адамның бойында болатын жеке қасиеттері мен болуға, болмауға тиіс әрекеттерді қосыңыз. Осы ұстанымды қабылдасақ, тарихи әділдік болар еді. Жігерлі, қайратты, ақылды адамдардан көп нәрсені күтуге болады, бірақ ойымызға алғанның бәрін күту – әбестік».

Азамат Мамыров,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық

университетінің қауымдастырылған профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале