Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 2025 жылдың 9 желтоқсанында «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: ғылым мен қоғам диалогы тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отыр. Сондықтан осы ғылыми мәжілістің игі мақсаттарын сараптаған жөн сияқты. Әр халықтың өзіндік тарихи жады бар, ол ұрпақтан-ұрпаққа беріле отырып, ұлттық бірегейлікті қалыптастырады.

Ұлт – бұл ортақ естеліктер, дәстүрлердің, этнографиялық заңдылықтардың, тарихи оқиғалар тізбегін бірге кешкен қауымдастықтың жиынтығы. Ұлттың бүгінгі келбеті мен болашағы өз тарихын қалай есте сақтап, оны қалай түсінуімен байланысты. Тарихи жады – халықтың өз өткенін түсінуі, оны бағалауы және одан сабақ алуы. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда тарихи жадыны жаңғыртуға үлкен көңіл бөлінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихын жоғалтқан жұрттың болашағы бұлыңғыр» деген болатын. Тарихтың мәнін терең ұғынбай, ұлттық бірегейлікті сақтап қалу мүмкін емес. Ұлттың мәдени құндылықтары, тілі, дәстүрлері – осының барлығы тарихи жадымен тікелей байланысты. Сондықтан ұлттық болмысты сақтаудың бірден-бір жолы – тарихи сананы қалыптастыру. Қазіргі заманғы жаһандану үрдістері ұлттық мәдениеттерге әсер етіп, кейбір дәстүрлердің жоғалуына себепкер болуда. Сол себепті тарихи жадымызды сақтап қалу – ұлт ретінде жойылып кетпеудің басты шарты. Ұлттық бірегейлік мемлекеттік мүддемен астасып, осы тұтастануға Қазақстанды мекендеген барлық ұлт пен ұлыстардың бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып ұйысуы елдіктің, мемлекетшілдіктің нықталуына алып келеді.
Бүгінгі Қазақстанның геосаяси дамуында түркі бірлігінің, түркі бірегейлігінің де маңызы зор. Әлемдік кеңістік аясында түркі дүниесінің алатын өзіндік орны бар. Түркілердің ортақ тарихын бірлесе түгендейтін, ондағы зор рухани және материалдық ескерткіштерді насихаттайтын, әлем алдында Түркі мәдениеті деп таныстыруға лайық құндылықтарды көрсетіп, бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізу аса өзекті.
Түркі халықтарының рухани, мәдени жағынан бірлесуі, жақын болуы – заман талабы. XIX ғасырдың соңында орын алған «түрікшілдерден», XX ғасырдың басындағы оянған түркі зиялыларының айтқан пікірлерінен, XXI ғасырда өмір сүріп, жаһандануды бастан кешіріп отырған біздің қазіргі жағдайымызда үлкен айырмашылықтар бар. Ол айырмашылықтар өміріміздегі болып жатқан түрлі өзгерістермен тікелей байланысты. Қазіргі жағдайда әлемде түрлі интеграциялық ықпалдастық үдерістер жүріп жатыр, үлкен жаһандану мәселелері тұр (А. Тайжанов).
Жаңа ғасырда түркі әлемінің рухани-мәдени интеграциясының саяси-әлеуметтік мәні зор. «Түркі дүниесі түгел бол» дегенде барлығы бірлесіп, бір мемлекет құрып, бір тілде сөйлеп, бір ұлт болып кетеді деген сөз емес, бұл бірлестіктердің, ұжымдастықтың мәні түркі халықтарының арасындағы мәдени-ақпараттық алмасулар, экономикалық, саяси қарымқатынастардың тығыз байланысы, қай салада да түсіністікке қол жеткізу. Бұл жағдайда, біріншіден, бізге өзіміздің әлемдік тарихтан алатын түркілік тарихымызды тұтастай бағамдауға мүмкіндік туады, екіншіден, ортақ тарихи мұрамызды насихаттауға, соның негізінде келешек ұрпағымызды этномәдени тұрғыда тәрбиелеуге жол ашылады. Түркі халықтары қазіргі кезде бір-бірімен рухани жақын болатын болса, сырттан төніп тұрған үлкен жаһандану залалы, жалпы ұлттың өзін-өзі жоғалтып алуы, рухани мәдениетінен ажырап қалуы деген сияқты қауіп-қатер азаяды.
Түркі интеграциясының жаңа дәуірінде бізге тарихтан үлгі алған жөн. Тамыры бір түркі халықтарының ынтымақтастығының түп төркіні тым тереңде жатыр. Түркі тілдерінің даму және қалыптасу кезеңдерін ғылымда алты кезеңге бөліп қарастырады: Алтай дәуірі, Хун дәуірі (V ғасырға дейін), Көне түркі дәуірі (V-Х), Орта түркі дәуірі, Жаңа дәуір, Ең жаңа дәуір. Соның ең маңыздысы орта түркі дәуірі (Х-ХV ғ.). Орта түркі дәуірі – маңызды әлеуметтік оқиғаларға толы кезең. Бұл кезеңде түркі тектес халықтар жеке-жеке халық болып ыдырап, соның негізінде бүгінгі түркі тілдері дербес тіл ретінде қалыптаса бастады. Орта түркі дәуірінде түркі тайпаларының бірде қосылып, бірде ыдырауы, әртүрлі саяси оқиғалар түркі халқының тарихи даму үдерісіне және соның негізінде оның тілінің дамуына өзінің әсерін тигізді.
Орта түркі дәуірінде жазылған жазба мұралар түркі дүниесінің ортақ дүниетанымынан мол хабар береді. Қазақстанның Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2022 жылғы 11 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысып, «Осы орайда мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады», – деді. Болашақта Түркі мемлекеттер ұйымының кітапханасында тұратын басты ескерткіш Махмуд Қашқаридың «Диуан лұғат ит-түрік» сөздігі болмақ. М. Қашқари – түркі халықтарының тілі мен халық əдебиетіне, тарихы мен тағдырына, жағрафиясы мен мифологиясына, əдет-ғұрпы мен тұрмыс-салттарына жіті ден қойып, қоғам дамуын, кезең көріністерін, əлеуметтік-мəдени ортасын, саяси құрылымдарын кеңінен зерделеген энциклопедиялық еңбек қалдырып, түркітану ғылымының негізін қалаған жалпытүркілік тарихи-тілдік тұлға (Қосыбаев, 2014:35).
М. Қашқари бірінші кезекте – түрікшіл тұлға. Ол түркі елінің ұлылығын таныту, түрік тілінің жасампаздығын дәлелдеу үшін әр бір түркі тайпасының аузынан төгілген сөз маржандарын теріп алып, түркі сөзінің құдіретін әлемге паш етті. Сайып келгенде, түркітану ғылымында да, тарих ғылымында да ұлт тарихын тіл тарихымен тығыз байланыста қарастыру керек. Өйткені кешегі Кеңестер одағының территориясы болып саналған, бүгінде бірнеше тәуелсіз мемлекеттер орналасқан еуразиялық территорияның басым көпшілігін түркі халықтары мекендейді. Бұл жерлер – түркілердің туып-өскен атақонысы.
Жақында Түркия Ұлттық білім министрлігі Орталық Азия атауын мектеп бағдарламасында Түркістан деп атауға шешім қабылдады. Бауырлас түрік қоғамының тәуелсіз санасынан туындаған бұл әрекет – құптарлық іс. Ұлы Мағжан ақынның:
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен (Жұмабаев, 2006: 25), – деген рухты жырлары санамызда қайта жаңғырды.
Біз Ұлы Дала деп жүрген ке-ңістігіміз Кеңес заманында Орта Азия деп аталса, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы Орта Азия республикалары мен Қазақстан аумағында пайда болған геосаяси кеңістік Орталық Азия деп аталды. Геоаймақ ресми түрде 1993 жылы 4 қаңтарда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан республикалары президенттерінің Ташкент қаласында өткен саяси, экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөніндегі басқосуында бе-кітілді. Орталық Азия болып аталуы – жер аумағының Еуразия құрлығының ортасында орналасуына және бұл елдердің тарихы, діні мен тілі, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы, мәдениеті мен шаруашылығындағы жақындықтар, ұқсастықтардың көп болуына байланысты. Ал Түр-кістан осы ұлы кеңістіктің тарихи географиялық атауы, яғни түркілер елі, түркілер мекендеген аймақ дегенді білдіреді. Тарихи атауды қалпына келтіруді Орталық Азия елдері де қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Профессор О. Бүркіттің пікіріне сүйенсек, «Ғасырлар қойнауынан келе жатқан әлемдегі көне халықтың бірі – түркі халықтарының болашағы жарқын. Кезінде әлемдік өркениеттің іргетасын қалауға тікелей атсалысқан Ұлы халықты тарихтан сызып тастауға болмайтыны кім-кімге де белгілі. Бүгінгі демографиялық мәліметтерге сүйенер болсақ, түркі халықтарының таңы әлі қайта ататынына күмән келтіруге болмайды».
Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде Түркі әлемі бірлестігін жандандыру мақсатында келелі істер атқарылды және жалғасын табуда. Астанада 2023 жылғы 3 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өткені есімізде. Осы жиында «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. «Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлі-гін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет», – деді Мемлекет басшысы. Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Tradi-tions), біріздендіру (Unifica-tion), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Invest-ments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Мемлекет басшысының пікіріне сүйенсек, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз ортақ.
Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан 2024 жылдың 3 қазанында Түркі елдерінің ынтымақтастығы күнін атап өтті. Осыдан 15 жыл бұрын дәл осы күні Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойылып, кейін ол Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) болып өзгертілген еді. Салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ТМҰ өзін бейбітшілік пен тұрақты дамуды нығайтуға үлес қосуға ұмтылатын халықаралық қатынастардың толыққанды және беделді субъектісі ретінде жариялай алды. Түркі интеграциясы транзит әрі көлік, экономика, экология, ғылым, білім, өнер, туризм, спорт мәселелерінен бастап, қомақты гуманитарлық блокпен аяқталатын кең ауқымды ынтымақтастықты қамтиды. Қазақстан – ТМҰ қызметі аясында интеграцияны дамытуды көздейтін ұйымның бастамашысы және негізін қалаушы мемлекеттердің бірі.
2024 жылдың 19 қазанында Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің экономика және сауда министрлерінің 13-ші кездесуі өтті. Кездесудің басты тақырыбы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері болды. ТМҰ аясында құрылған Түркі инвестициялық қоры экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, елдеріміздің қарқынды өсуі мен өркендеуі үшін капиталдарды, технологиялар мен таланттарды тартуға деген ортақ ұмтылысты айғақтайды. Алдағы уақытта «TURAN» арнайы экономикалық аймағын ашу жоспарланып отыр.
2024 жылдың 6 қарашасында Қырғызстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымының 11-саммиті өтті. Басты тақырып: «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік». Келелі жиынға ұйым мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінің басшылары, сонымен бірге осы ұйымда бақылаушы мәртебесіне ие Түркіменстан, Венгрия және Солтүстік Кипрдің ресми өкілдері қатысты. Бішкектегі жиында көлік-логистика байланыстары, соның ішінде Қытайдан Еуропаға Ресейді айналып өтетін бағытты нығайту – Түркі мемлекеттері ұйымының басымды міндеттерінің бірі ретінде аталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев «Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын... Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады, оған мүмкіндігіміз жетеді», – деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол ұйымға мүше мемлекеттерді Орталық Азия елдері, Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ аймағы арқылы өтетін Орта дәліз әлеуетін пайдалануға және түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыруға шақырды.
Соңғы уақыттардағы Еуразия кеңістігіндегі саяси жағдайлар қазақ қоғамының «орыс әлемінен» іргесін аулақ сала алмайтынын көрсетті. Бұл біздің географиялық тағдырымыз. Орыс тілі мен мәдениеті ғылым-білім көзі дегенмен, Абайша айтсақ, «залалынан қашық» болған да абзал. Жаңа Қазақстанның алдында да толған таңдау: Америка жосығы, Қытай үлгісі, Түркия жетістіктері, Азия жолбарыстарының серпіні бәрі пайдалы, бәрі қажет сияқты. Біздің төл жолымыз, өркениетке бастар арнамыз қайда деген сауал туындайды. Дана халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демей ме. Тілі мен діні, ділі бір, ортақ тарихи жолы, дәстүрлері бар Түркі әлемімен бірлесе жол табу, жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті, түркілік бейнеңді сақтаудың бірден-бір жолы болып қала береді. 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болған Ақтау қаласындағы рухани іс-шаралар түркі бірлестігінің шындығын әлемге паш етті.
Қазақ халқының тарихын объективті түрде шын мәнінде әлемдік тарихи үдерістердің контекстінде түсіну және түсіндіру үшін, біз түркілік тарих пен руханиятқа бетбұрыс жасап, жетістіктерін игеруіміз керек. Қазақ тарихы мен мәдениетінің кешегісі жеке дара, дербес құбылыс емес, ол түркілік тарихпен, мәдениетпен бірге өрілді, өсті, дамыды, бірге жетілді. Ұлттық бірегейлік, түркілік тұтастық – рухани мәдениетіміздің басты тірегі.
Мұрат Сабыр,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті
«Түркітану және Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі