2.02.2024, 12:30
Оқылды: 107

Тарихшының туындысы

Өңірімізге белгілі өлкетанушы, тарихшы Зұлқожа Шарафутдиновтың «Байлар қалай тәркіленді?» атты кітабы қалың оқырманға жол тартты. Таяуда Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасының оқу залында автордың жаңа еңбегінің таныстырылымы өтті.

книга Зулкожа (1)

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен студенттер қатысты. Басқосуды М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев жүргізді.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде ақынның әріптестері оның шығармашылығына тоқталды. Бұған қоса сонау 1930 жылдары кеңестік таптық күрестегі қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ байларының мал мүлкін барымталау қалай жүрді, қазақ байларын үстем тап өкілі ретінде қазақ қоғамынан аластату мақсатында кеңестік қуғын-сүргіннің қалай басталып, қалай аяқталғаны сөз болып, оқырмандарға бұрын жарияланбаған деректер ұсынылды. Қатысушылар «Ел тарихын зерделеген» деген тақырыпта бейнеслайд тамашалап, келушілерге «Таубұйратта туған ұл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ өлкеге танымал азамат, «Құрмет» орденінің иегері Лавр Хайретдинов пен облыстық архив директоры Айжан Сауғабаева жаңа кітаптың лентасын қиды.

– 1994 жылы Алатау баурайындағы Алматыдан Орал өңіріне келгенімнен бері архив қорын зерделеп, қордағы маңызды деректерді көпшілік назарына ұсынып келемін. Биыл бұл салада еңбек етіп жүргеніме 30 жыл толмақ. Бүгін таныстырылып отырған «Байлар қалай тәркіленді?» кітабы өлкеміздің, Отанымыздың өткені мен бүгіні үшін құнды еңбек деп есептеймін. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары ірі байлардың дүниелерін тәркілеу және оларды жер аудару бағытында үлкен саясат жүргізілгені баршаға мәлім. Қазақ байларын тәркілеу туралы декреттің өзі 1928 жылы 27 тамызда қабылданып, кейбір деректерге сәйкес бұрынғы хан, сұлтан тұқымынан шыққан ірі байларды тәркілеу 20 қыркүйектен 1 қарашаға дейін жалғасты. Сол кезде Батыс Қазақстанда барлығы 71 бай болған. Президенттің қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Жарлығы шыққаннан кейін облыстық архивтен осы байлар туралы мәлімет іздей бастадық. Архивте 71 адамның аты-жөні, жасы, руы, олардан қанша мал тәркіленгені туралы ақпарат тап-тұйнақтай сақталған. Бүгін қолдарыңызға тиіп отырған кітапта осы жазықсыз жазаланған тұлғалардың тағдыры баяндалған, – деді өлкетанушы, тарихшы Зұлқожа Ғайнеденұлы.

Шарада С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 7-сынып оқушысы Әлижан Тұрғали «Махамбеттің термесін» орындаса, осы мектептің 5-сынып оқушысы Шерхан Дүйсенғали ақын Ғайсағали Сейтақтың «Ақ Жайық» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар Ж. Молдағалиев атындағы кітапхананың директоры Шолпан Оразаева авторға лебізін білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

Зұлқожа Шарафутдинов 1961 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданының Ескі Асан ауылында дүниеге келген. Ол – «Бөкей орда» (2000 ж.), «Тастөбе
соғысы» (2004 ж.), «Еділ-Жайық тарихы» (2008 ж.), «Орал өңірі тарихы» (2010 ж.), «Елқазық» (2016 ж.), «Таубұйрат» (2018 ж.), «Зонадан көшкен колхоздар» (2023 ж.) атты
тарихи-танымдық кітаптар мен 80-ге жуық ғылыми-публицистикалық мақаланың  авторы.

Аружан Аманжол,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале