21.11.2023, 15:45
Оқылды: 50

Тарихта қалған тағы бір сиез

Қазақтардың Екінші Жалпықазақ сиезі 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында шақырылады. Сиезді шақыруда және ұйымдастыруда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Досжанов, Е.Омаров айырықша белсенділік танытады.

жп осень (3)

Сиезге Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу, Самарқан және Бөкей Ордасынан барлығы 80-нен астам өкіл қатысады.

Олардың ішінде Б.Құлманов, Ә.Кенесарин, Ғ.Қараш, Ғ.Ахметжанов, М.Мақұлов, О.Қондыбаев, Ғ.Ешмұхаметов, М.Шоқай, И.Аралбаев т. б. белгілі тұлғалар болады. Сиездің төралқасына Б.Құлманов (төраға), Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, Ә.Кенесарин, Ғ Қараш сайланады.
Сиездің күн тәртібіне Сібір, Түркістан автономиясы туралы, Қазақ автономиясы, милиция, ұлт кеңесі, оқу мәселесі, ұлт қазынасы, мүфтилік мәселесі, халық соты, ауылдық басқару, азық-түлік мәселесі т.б мәселелер енгізіледі.
Сиез автономияға байланысты аса маңызды тарихи қаулы қабылдайды. Онда: «Қазақ-қырғыз автономиясы – «Алаш» деп аталсын, «Алаш автономиясының жері, үстіндегі түгі, суы, астындағы кені – «Алаш» мүлкі болсын», «Алаш облыстарын қорғауда Ұлт Кеңесін құру, оның аты «Алашорда» болсын» деген қаулы алынады. Ал Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы болып белгіленеді.
Осылайша, Екінші Жалпықазақ сиезі Алаш автономиясын жариялап, Алашорда үкіметінің құрылатынын жария етеді. Сондықтан бұл сиез ғасыр басынан бергі ұлт-азаттық қозғалыстың ұлы қорытындысы ретінде тарихта қалды.

Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале