Осыдан екі ғасыр бұрын қазақ елі мүлде басқа мәдениетте, өркениетте өмір сүргені тарихтан белгілі. Жыл мезгілінің қолайсыздығына байланысты көшіп-қонып жүрген қазақ халқында дала мәдениеті қалыптасты.
Кейбір өзіміздің ұлттық нигилистеріміз (нигилизм – өз этносының мәдени құндылықтарын жоққа шығару) кеңес үкіметі орнағаннан кейін біздің елде мәдениет, өркениет дамыды деген жансақ пікірде жүр. Рас, бұл пікірмен кейбір жерде келісуге тура келеді. Ресей үкіметінің отаршылдық саясатынан кейін қазақ балалары тек медресенің білімімен шектелмей, мектепте орысша әріп танып, жаңа бағытты игере бастады. Қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлы: «Орыс тілін үйреніп, шығармаларын оқыңдар, орыс тілі үлкен өркениетке жол ашушы», – деп бекер айтпаған. Ақынның жеткізгісі келгені – орыстың тілін, білімін, ғылымын үйреніп, өз еліңнің ұлттық мәдениетін дамытуға үлес қосу. Бірақ отаршыл саясаттың пайдасынан зияны көп болды.
Голощекиннің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» («Лучше досолить, чем пересолить») деген ұстанымының әсерінен қазақ даласының өркениеті өзгеріп шыға келді. Ашаршылық қазақты мәңгүрттікке әкеліп соқтырды. Кеңес үкіметінің сұрқия саясатына шыдамаған 1,5 миллион қазақ халқы бір түнде Қытай, Қырым асып, Гималай тауы арқылы Үндістан мен Иранға жетіп, Түркия елінен пана тапты. Кейбір адамдар діттеген жеріне жетпей, таудың ыс ауруынан қайтыс болған деседі. Ашаршылықтан 3 миллионға жуық қазақ қырылып, 40 миллиондай малдан 4,5 миллион ғана қалған. Бұл тек жобалап айтылған тарихи статистика.
«Голощекиндік геноцид» аталып кеткен реформаның әлі күнге дейін тарихи шындығы ашылмай келеді. Өйткені сол ғасырдағы ауыл шаруашылығының негізі болған ұжымдастыру саясатына жұрт күмән келтіруге қорқып, мақтаумен өтті. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті. Бұл тарихи оқиға жылдан-жылға ұмытылып барады. 31 мамырды қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алу күні деп белгіледік. Алайда мәселенің байыбына бара бермейтіндер көп.
Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Петропавл және Орал қаласында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштер бар. Облысымыздың орталығындағы ескеркіш қала шетіндегі «Ысқырық тау» («Свистун гора») деген жерде орналасқан. Бұл жерге халық көп бармайды. Нәубет құрбандарына арналған мұра не себепті қала ішінде жоқ? «Өзінің тарихын білмеген ұрпақ келешекте не істеп, не қойғанын өзі де білмейді» депті ғой Әлихан Бөкейханов. Тарихты тірілту – сіз бен біздің қолымызда!
Перизат Сариева,
Орал қаласы