4.02.2022, 10:00
Оқылды: 52

Тарихы терең колледж немесе құрылысшы болғың келе ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа  жағдайдағы  Қазақстан: іс-қимыл  кезеңі» атты халыққа Жолдауында кәсіби білім берудің маңызына тоқталып, «Кәсіби  білім  берудің  бүкіл  жүйесін  еңбек  нарығында  сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз  жөн» деп баса айтты. Егемен  еліміздің  болашағы саналатын жалынды жастарға сапалы кәсіптік-техникалық білім беру  –   заман  талабы. Қай  қоғамда да әр мамандықтың өзіндік орны һәм мәртебесі бар. Сондай қадірлі  мамандықтың бірі құрылысшы мамандығы екені әмбеге аян. Құрылысшы  – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық.

IMG_8261

Батыс Қазақстан облысындағы Орал политехникалық колледжі  – 1956 жылдан бері құрылыс саласы бойынша мамандар даярлайтын техникалық және кәсіптік білім беретін көне оқу орындарының бірі. Алғашында бір ғана мамандыққа баулыған колледжде бүгінгі таңда 5 мамандық, 11 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Колледжде 600-ге жуық оқушы мемлекеттік тапсырыс негізінде еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа ие құрылыс мамандықтары бойынша тегін білім алуда. Оқу орны осы уақытқа дейін 15 мыңнан астам мамандандырылған құрылысшы дайындап, бағыт-бағдар беріп, еңбек жолына қадам басқызды. Облыстың және қаланың өндірістік нысандары, жүздеген тұрғын үйлер колледж түлектері еңбегінің нәтижесінде салынғанын атап өткен жөн. Колледж студенттері мен түлектері өз кезегінде түрлі мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан ауқымды құрылыстарға өз үлестерін қосуда.

Қазіргі таңда Орал политехникалық колледжінде 59 инженер-педагог қызмет атқарады. Соның 41-і – оқытушы, 18-і – өндірістік оқыту шебері. Оқытушылардың барлығының да білімі жоғары. Ал өндірістік оқыту шеберлерінің ішінде 11-і жоғары білімді, 7-еуі арнаулы орта білімді. Жоғары санатты педагог саны – 11, педагог-зерттеуші – 2, бірінші санатты педагогтер – 10, екінші санатты – 14, магистр, академиялық дәрежесі бар педагогтер – 6.

«Жас маман» жобасы бойынша 2021 жылы колледждің әкімшілік құрамы мен инженер-педагогикалық құрамы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оқу орнының қуатты материалдық-техникалық базасы бар. Оқу кабинеттері мен шеберханалар техникалық оқыту құралдарымен, оқу-әдістемелік құжаттамалармен, көрнекі құралдармен, электрондық оқулықтармен және әдебиеттермен жабдықталған.

Мамандықтар тізімі

Аталмыш оқу ордасында ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану, аутокөлік жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану, дәнекерлеу ісі, механика және металл өңдеу, электроника және энергетика, электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, аутомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, техник-электромеханик, құрғақ құрылыс шебері, құрылыс әрлеу жұмыстарының шебері, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері секілді қоғамға қажетті, тұрмысқа пайдалы мамандықтар бар.

IMG_8218

Директордың даты бар...

Мақаланы жазу барысында Орал политехникалық колледжінің директоры Нұрболат Нұрпейісовпен жүздесіп, көкейдегі бірқатар сауал-сұрағымызды қойған едік.

– Басты мақсатымыз – балаға білімнен бұрын тәлім-тәрбие беру. Кәсіптік білімді тәрбиемен қатар ұштастырып бермесе, әрі қарай даму болмайды. Біздің колледж – тарихы тереңнен сыр шертетін көне оқу орны. Көбіне құрылысшы мамандарды даярлаймыз. Оның ішінде тас қалаушы, сылақшы, ағаш өңдеуші,  тағы  басқа...

Құрылысшы өте қажетті мамандық деп ойлаймын. Себебі құрылыс болмаса, ел дамымайды, мемлекет гүлдемейді. Тіршіліктің өзі құрылысқа тәуелді. Десек те, көңілді қынжылтатын жайт – соңғы жылдары талапкерлердің дені гуманитарлық бағытты таңдауы болып тұр. Бәрі мұғалім, заңгер, экономист болғысы келеді. Жалпы, мұндай гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдауға қоғамның да, ата-ананың да тікелей қатысы бар. Таңдасын. Ешқандай бөтен ойым жоқ. Бірақ та кәсіптік мамандықтарды таңдағандар да қор болмайды, жерде қалмайды. Қазіргі таңда құрылысшылардың да табысы – толағай, жұмысы – сұранысқа ие. Сондықтан ата-ана балаға мамандық таңдарда дұрыс ақыл-кеңес беруі шарт. Әр бала - әртүрлі. Оның қарым-қабілетіне, икеміне қарау керек қой. Қазақта жалған намыс бар. Бәрі баласын галстук тағып, костюм киіп отыратын жылы жерде жұмыс істеткісі келеді. Олай болмайды ғой. Абай атамыздың «Есектің артын жусаң да, адал мал тап» деген дана­лық сөзі бар. Өмірде әр адам өзінің жанына жақын мамандықты меңгеріп, адал еңбек етсе, бақыт басын имей ме?! Мысалы, қазір тас қалаушылар жерге тастағанда 450 мың теңге айлық алады. Олар кімнен кем? Отбасын асырап, маңдай терімен нәпақасын тауып, бақытты ғұмыр кешуде, – дейді, өзін алаңдатқан біраз мәселені ақтарылып ашық айтқан колледж директоры.

P.S. Құрылыс – экономиканың негізгі діңгегі. Иә, өркениетті елдерде құрылысшы айтулы мамандықтардың бірі саналады. Ал өз ісінің хас шебері һәм кәсіби маман жұмыссыз қалам деп ешқашан уайымдамаса керек-ті. Себебі мұндай адамға кез келген мекеме-кәсіпорын зәру және оған жоғары жалақы төлеуге әзір. Не десек те, таңдау өз еркіңізде, жас талапкер! Іске сәт!

 Алтынбек Серікқалиұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале