18.12.2025, 17:30
Оқылды: 67

Тасада өткен талант

Өткен аптада Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада Батыс Қазақстан өңірінен шыққан көрнекті жазушы, аудармашы Сайымжан Еркебаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Менің  Қожанасырым…» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

DSC04158

Бұл іс-шараға Алматы қаласынан қаламгердің жары Сара Әмірханова, балдызы Жанат Мешітбаев, жазушының қызы, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Анар Еркебай, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, театртанушы, өнертану магистрі Айжан Ахмет арнайы келді.

DSC04198

«Менің Қожанасырым…» естелік кітабына жазушының шығармашылығын талдаған ғылыми мақалалар, замандастары мен әріптестерінің, отбасы мүшелері мен жақын туыстарының естеліктері топтастырылған. Сонымен қатар қаламгердің өмірлік болмысын юмор мен сатира арқылы ашатын дүниелер де жинаққа енген.

Кітаптың тұсауын кесу құрметі ақын, ардагер ұстаз, жұбантанушы, Үзілдік Елубайқызына және Қазақстан Жазушылар одағының Батыс  Қазақстан облысындағы өкілі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллинге  берілді.

DSC04161

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған Сайымжан Еркебаевтың «Алғашқы адым», «Жолдар мен шақырымдар», «Жарылған бүр», «Ауыл кештері» сияқты шығармалары оқырман қауымның көңіл төрінен орын  алған. Қаламгердің көркем туындылары ұлттық болмысты, адам жанының иірімдерін, қоғамдағы қайшылықтарды терең аша білуімен құнды.  Өз сөзінде Бауыржан Ғұбайдуллин Сайымжан Еркебаевтың шығармашылығына ерекше тоқталды.

– Сайымжан Еркебаев – менің сүйікті жазушыларымның бірі. Жетінші сыныпта оқып жүргенде «Жолдар мен шақырымдар» кітабын оқып, ерекше әсер алдым. Сайымжан ағай осы романында сол кезеңдегі тоталитарлық жүйеге қарамастан, кейбір ұлттық мәселелерді сыналап болса да, көтере білген. Осының өзі сол кезеңде айтарлықтай батылдық еді. «Жолдар мен шақырымдарда» тың игерушілердің күн сайын көрген қат-қабат қиындығы, романның басты кейіпкері Балтакескеннің өзіне жүктелген жұмысты жанкештілікпен тындыруы және оның Айбала аруға деген пәк сезімі оқыған жанға ұмытылмастай әсер қалдырады. Кейіпкерлер қақтығысы мен психологиялық иірімдері терең ашылған.

1992-93 жылдары «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналында қызмет атқардым, ал Сайымжан ағай қызмет істейтін «Парасат» журналы (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») бізбен бір ғимаратта, тоғызыншы қабатта еді. Ағайдың кофе қайнататын шағын стакан-шәйнегі болды. Соған кофе қайнатып, екеумізге теңдей бөліп құйып отырып, айтқан әңгімелері әлі күнге дейін жадымда. Жаңа ғана «тұсауы кесілген» мына кітапта Қазақстанның халық әртісі, режиссер, драматург Ерсайын Төлеубайдың «Тасада өткен талант» деген естелігі бар. Мен бұл пікірмен толықтай  келісемін. Шынында да, айтулы жазушы Сайымжан Еркебаевтың шығармашылығы өмірде өзі барында лайықты бағасын алған жоқ, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

– Әкемнің туған өлкесі – менің де өз жұртым. Осыдан бес жыл бұрын Орал қаласына Жұбан ақынға арналған спектакльге келіп кеттім. Кейін менің келіп кеткенімді естіген Үзілдік апай хабарласып, маған әкем туралы біраз әңгіме айтты. Мен таң қалдым. Өйткені осыған дейін әкемнің туған өңіріне бірнеше рет келсем де, мені ешкім іздемеген еді. Осы кітапқа естеліктер жинақтай бастағанымда бірден Үзілдік апайға хабарластым. Бүгінгі іс-шараның өтуіне де ұйытқы болып, бастама көтерген әдебиет жанашырына отбасымыздың атынан ризашылығымды білдіремін, – деді жазушының қызы Анар Сайымжанқызы.

«Менің Қожанасырымның» таныстырылымы С. Еркебаевтың «Гүлге ұмтылған екеу» атты шығармасының премьералық қойылымына ұласты.

Гүлге ұмтылған екеу

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері жазушы, Сайымжан Еркебаевтың «Гүлге ұмтылған екеу» драмасын көрермен назарына ұсынды. Қойылымның режиссері – Қостанай қаласынан арнайы шақырылған Ералхан  Мырзахмет.

«Гүлге ұмтылған екеу» – жастық арман, адал сезім және өмір жолындағы күрделі таңдаулар жайлы сыр шертетін туынды. Қойылым екі жас кейіпкер – Нұртаза мен Балиманың мөлдір махаббаты, болашаққа деген  үміті, бір-біріне деген кіршіксіз сезімін аялаумен басталады. Болашаққа бірге қол созған қос ғашық алдарында не күтіп тұрғанын білмейді. Бірақ арадағы нәзік сезімнің оты сөнбейтініне екеуі де сенімді.  Әдемі сезімнің жетегінде жүргенде Нұртазаның әкесі қайтыс болады. Анасы ауру болғандықтан, туыстары оған тезірек үйлен деген шарт қояды. Алайда ата-аналардың арасындағы араздық, бұрыннан келе жатқан түсініспеушілік екі жастың бірге болуына кедергі келтіреді.

DSC04754

Қойылымның негізгі идеясы – жастық арман мен кіршіксіз махаббаттың өмір сынақтарына тап болуын суреттейді. Аутор адам баласы бақытқа ұмтылғанымен, қоғам мен тағдыр олардың жолын әрдайым бір арнаға тоғыстыра бермейтінін меңзейді. Жарық шам бейнесіндегі гүл – аялы арманның, пәк сезімнің символы ретінде көрініс табады.

Режиссер Ералхан Мырзахметтің айтуынша, бұл – Сайымжан Еркебаев әңгімелері негізінде сахналанған алғашқы премьера.

– Қойылым бір ай көлемінде дайындалды. Аутор көтерген тақырып – екі жастың қалауына айналасындағы адамдардың қарсы болуы. Бұл – бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған мәселе. Біз ата-ана мен жастар арасындағы көзқарас қайшылығын көрсетуге ұмтылдық. Спектакльде параллель сахналық шешім қолданылды, бірнеше оқиға қатар өрбиді. Тұрмыстық тақырыпты көркемдік тұрғыда ерекше жеткізуге мән бердік, – дейді режиссер.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале