Тасқала ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мерей ауылында салынып жатқан мәдени-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.
Биыл маусым айында басталған кешен желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Сыйымдылығы 100 орынға шақталған нысан ауыл спорты мен мәдениетінің дамуына ерекше серпін берері сөзсіз.
Мерейге спорт кешенін тұрғызып жатқан мердігер ұйым директоры Қайнар Есмұқанов аталған кешенді салуға жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті бес тұрғын тартылғанын айтты.
Қазіргі таңда инженерлік желілер тарту, ғимараттың іргетасын құю, темір конструкцияларды құру, қоршау орнату, жылу қазандығын орналастыру аяқталған.
- Кешеннің ел игілігіне берілер күні жақын. Сэндвич панельдерді бекітіп, төбесін жауып жатырмыз. Жұмыстың 70 пайызы аяқталды деуге болады. Күн райы ойдағыдай болса, белгіленген мерзімде нысанды тапсырамыз, - деді құрылыс учаскесінің басшысы Қуаныш Төрниязов.
200 миллион теңгеден астам қаражатқа тұрғызылып жатқан кешенге бөлінген қаражаттың 90 пайызы ел бюджетінен берілген болса, қалған ақша жергілікті қазынадан шығарылған.
Мыңға жуық тұрғыны бар Мерей ауылы үшін мұндай кешен салынуы үлкен жаңалық.
Енді осы кезге дейін ескі ғимаратты паналап келген ауыл мәдениет үйінің ұжымы жаңа ғимаратқа орналастырылады.
Сондай-ақ ауыл жастары мен балалары алаңсыз жаттығу жасап, спортпен шұғылдануға да мүмкіндік алады.
Ауылға сән берер ерекше нысанды аралаған өңір басшысы тез арада төбесін жауып, белгіленген мерзімге дейін жұмысты аяқтауды тапсырды.
- Мәдени-сауықтыру кешені болған дұрыс. Енді барлық үлкен ауылға осындай кешендерді салу керек. Өйткені бұл әлдеқайда арзан әрі уақытқа үнем. Жұмыс уақтылы аяқталғаны жөн. Бірақ басты назарда сапаға мән беріңіз, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Мердігер көп ұзамай кешеннің электр жарығы мен жылуын қосатынын айтты.
Түгелбай Бисен,
Фотоға түсірген: Болат Бек
zhaikpress.kz