Тасқала ауданындағы Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ, Бастау және Достық ауылдары – шекара маңындағы стратегиялық маңызы бар елді мекендер. «Қаладан – ауылға!» жобасы осы ауылдарда жүзеге аспақшы. Іссапармен барған бізді аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева Достық ауылдық округіне алып келді. Онда аталмыш округтің әкімі Хафиз Ахметовпен кездесіп, жобаның іске асу барысымен таныстық.
Суреттерді түсірген Мәди Салық
– «Қаладан – ауылға!» бағдарламасының маңызы өте зор. Ауданымыз, әсіресе, біздің округ шекара маңында орналасқандықтан, тұрғындардың ауылда орнығып қалуына мүдделі болуымыз керек. Өкінішке орай, халықтың, соның ішінде оқушылардың саны жылдан жылға азайып барады. Былтыр жергілікті әкімдік пен мектеп ұжымы бірлесіп, 4 отбасыны көшіріп әкелген едік. Олардағы 15 баланың 14-і мектеп жасында. Биыл облыс әкімдігі қолдау білдіргендіктен, бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүруде. Достық ауылдық округіне 10 отбасы көшіп келмек. Қазір 5 үй сатып алынып, оларға жөндеу жүргізілуде, – деді Хафиз Маратұлы. 2023-2024 оқу жылында Достық орта мектебінде 81 оқушы білім алған. Ал Ынтымақ ауылында бастауыш мектеп ашылған, 6 шәкірт оқиды. Мұндағы шағын орталықта 7 бала тәрбиеленуде. Бастаудағы бастауыш мектепте 5 оқушы бар. Достық ауылдық округі әкімінің айтуынша, Бастау ауылына екі бастауыш сынып мұғалімі керек. Бұрынғы мұғалімдердің екеуі де отбасы жағдайына байланысты басқа жаққа қоныс аудармақ. Бір кітапханашы қажет. Достық ауылындағы мектепке «D» санатындағы куәлігі бар көлік жүргізушісі керек. Қазір білім ошағының көлігін 1956 жылы туған азамат жүргізіп жүр екен.
Сондай-ақ жуырда мұндағы «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі зейнетке шығыпты. Енді су жаңа арнайы көлікті тізгіндейтін маманның орны бос. Шаруа қожалықтары малшы, механизатор және басқа да жұмысшыларды іздеп жүр.
«Ауылдарға көшіп келетін отбасыларға қоятын бірінші талабымыз – толық жанұя болулары шарт. Себебі ер-азаматы жоқ отбасыға ауылдық жерде тұру қиын. Екіншіден, көпбалалы отбасы болулары керек. Ауылға көшіп келген отбасыларға берілетін баспана бес жыл бойы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде болады. Осы мерзім өткен соң, жекешелендіріледі. Сонымен қатар отбасыларға бұзаулы сиыр, не болмаса, қой беріледі. «Не болмаса» деуімнің себебі бар.
Мәселен, жас отбасының көшіп келгісі келеді. Бірақ жұбайы сиыр сауа алмайды. Ал сиыр саумағасын бұзауды өсіре алмайды деген сөз. Сондықтан оларға қой берген жөн. Ал отбасылар ауылдан бес жылға жетпей көшіп кететін болса, онда үй мен малды тастап кетеді. Себебі бұл үй мен мал келесі келетін отбасыға беріледі. Бір айтатын жайт, бұл малды ауылдың бас көтерер азаматтары беріп отыр», - деді Хафиз Ахметов.
Жалпы Достық ауылдық округінде 738 тұрғын бар. Мұнда 15 шаруа қожалық, 24 жеке кәсіпкер, екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АШӨК) және бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Бұл салада 53 адам еңбек етіп жүр.
Округ әкімімен бірге Бастау ауылына барып, жөнделіп жатқан бір үйді көрдік.
Бұл екі пәтерлік тұрғын үйдің бір жағы екен. Шатыры мен есік-терезесі жөнделуде. Үйдің ауласы қоршалған. Бұл ауылға қатысты ерекше айтып кететін жайт, мұнда «Бастау Агро» АШӨК құрылған. Кооператив сүтті бағыттағы мал бағып, бау-бақша өсіреді және мал азығын дайындайды. Кооперативтің төрт құрылтайшысы және 25 мүшесі бар. Әсіресе, қожалықтардың кооперативке қосылуы тиімді болып отыр.
Себебі олардың жер телімдері бар. Ал тағы бір құрылтайшы азамат бау-бақша егеді. Ол картопқа тапсырыс қабылдайды. Мысалы, округ әкімдігі 3 тонна картопқа тапсырыс береді. Басқа қожалықтар да қанша мөлшерде көкөніс керек екенін айтады. Қоңыр күз болғанда шаруа жинаған өнімін қайда өткізетінін ойлап қиналмайды. Себебі өнімді сатып алушылар дайын. Сонымен қатар облыстағы тұрақтандыру қоры да заңды тұлғалар өндірген өнімді сатып алады. Бұл да шаруаның алты ай жазғы еңбегінің еш кетпеуіне сеп болса керек.
Мәселен, былтыр мұнда 19 тонна картопты өткізу қиынға түскен екен. Енді тұрақтандыру қоры артылған өнімді сатып алса, шаруаларға зор қолдау болмақ. Сондай-ақ бұл ел экономикасының драйвері – ауыл шаруашылығын дамытуға да оң әсер етеді. Ал «Қаладан – ауылға!» жобасы ауылдың ырыс пен ынтымақтың ордасы екенін дәлелдей түсетіндей.
Ясипа Рабаева
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz