13.11.2024, 10:30
Оқылды: 81

Тасқаладағы ерлік сағаты

Алтыншы қарашада Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық Жақсығұловтың 100 жылдығына орай «Батырға  құрмет  – ұрпаққа  міндет» атты ерлік  сағаты  өтті.

16b5af9e-2ab6-4427-8f32-ca8ee13c1171

Бұл  іс-шараны Тасқала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі батырдың өнегелі өмірі мен ерен ерлігін насихаттау мақсатында ұйымдастырды. Ерлік сағатына аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, батырдың ұрпақтары және оқырмандар қатысты.

Тасқала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Дүйсенова сөз алып, Садық Шәкелұлының өмір жолына тоқталды. Оған қоса осындай іс-шаралардың алдағы уақытта жүйелі түрде ұйымдастырылатынын жеткізді. Садық Жақсығұлов туралы «Жеңісті жақындатқандар» атты деректі фильм көрсетілді. Батырдың қызы Тамара Жақсығұлова әкесі жайында ғибратты әңгіме өрбітті.

– Біз әкемізді құрмет тұттық. Өте мейірімді жан болатын. Ол – біз үшін өмірлік үлгі-өнеге. Оқушы кезімізде сабағымызды оқытып, ақыл-кеңесін аямайтын еді. Ұл-қыздарын қиналғанға жәрдемдесуге жетеледі. Көмекке зәру адамдар былай тұрсын, ол көшеде жүрген ит пен мысыққа да қамқор болды. Аяғы жараланған ит пен мысықты үйге әкеліп, олардың жарасын емдеп жазатын. Оның өнегелі өмірі ұрпағының бой тіктеуіне, болмыс-бітімін нықтауына оң әсерін тигізуде. Осындай ерлік сағатын ұйымдастырып, ұрпақтарын шақырып, әкеміздің ерліктерін насихаттауды жүйелі жолға қойған кітапхана мамандарына алғысымыз шексіз, – деді Тамара Садыққызы. Өз кезегінде өлкетанушы Ғалым Хисаметдинов, зейнеткер ұстаз Бақтығұл Тасмағамбетов және Тасқала аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов сөз алып, естеліктерімен  бөлісті.

465651799_2003431676775967_4023270076982158312_n

Ерлік сағатында патриоттық мазмұндағы әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Батысқазақстандық қаламгерлердің өлең-жырларын оқушылар жатқа біледі екен. Батырдың шөбересі, Тасқала ауылындағы «Сәулет» мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Сұлтан Жақсығұлов белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Батырмен жүздесу» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Жиеншары, Тасқала ауданының орталығында орналасқан Садық Жақсығұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Айрат Ықсанов оқырмандар назарына өзінің арнауын ұсынды. Сонымен қатар іс-шара барысында «Тасқала тарихындағы өшпес тұлға» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалды. Кітап көрмесіне батырға қатысты мақала-материалдар жарияланған жинақтар, газет-журналдар  қойылған.

Іс-шара соңында Садық Жақсығұловтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тасқала тарланы» атты облыстық ақындар мүшәйрасы қорытындыланды. Осындай мәнді-мағыналы іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылуы керек екенін тілге тиек еткен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбділманов жүлдегер-жеңімпаздарды ақшалай сертификаттармен және  дипломдармен  марапаттады.

Мәрлен  Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале