18.02.2026, 10:30
Оқылды: 17

Тастүйін дайын болу керек

Ақпан ортасынан алып, қыстың  қаһары қайтар шақ та алыс емес.  Кәрі құданың кетер  мезгілі жақындаған сайын өңір үшін ең жауапты кезең – көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі күн тәртібіне шығады.  Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды електен өткізіп, дайындық барысын жан-жақты пысықтау – уақыт талабы.

Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысына қатысып, көктемгі кезеңге әзірлік барысын талқылады. Жиында су басу қаупі бар аймақтар нақтыланып, құзырлы құрылымдар мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар  жүктелді.

Отырыста гидротехникалық  құрылыстардың жай-күйі, су тасқынының алдын алу шаралары, сондай-ақ хабарландыру жүйесінің дайындығы толық тексерілді. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынының алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлініп, 12,5 шақырым қорғаныс бөгеті нығайтылды. Тасқала ауданында 0,6 шақырым канал кеңейтіліп, Орал қаласында 1,3 шақырым арық орнату жұмыстары жүргізілді. Бәйтерек ауданындағы Чиров су қоймасы жөнделді. Сонымен қатар Деркөл, Жақсыбай, Қалдығайты, Өлеңті, Қайынды өзендерінің арналары кеңейтіліп, үш аутоматтандырылған гидробекет орнатылды. Орал қаласында Жайық өзенінің жағалауы бекітіліп, су басу қаупі бар аутожол учаскелеріне 162 су өткізу құбыры орнатылып,  ауыстырылды.

– Облыс бойынша 162 гидротехникалық құрылым бар. Оның ішінде су жинау сыйымдылығы 669 миллион текше метрді құрайтын 39 су қоймасы, жалпы ұзындығы 2019 шақырым болатын 63 канал, 6 тоған, 1 бөгет және 4 гидроторап бар, – деді БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат  Молдашев.

Көктемгі су тасқыны кезінде көлік жолдарының қауіпсіздігі айрықша маңызға ие. Жолдарды күтіп-ұстау, су өткізгіш құбырларды орнату күн тәртібіндегі өзекті мәселе. 2025 жылы жалпы сомасы 1 миллиард 9 миллион теңгені құрайтын 60 су өткізгіш құбырды күрделі жөндеуге арналған 23 жоба дайындалған. Қазіргі таңда олардың жартысынан астамы іске асырылды.

– Көктемгі су тасқыны кезеңінде халықтың қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарында үш көпір құрылысына жобалық-сметлық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Атап айтқанда, Қаратөбе ауданында Қалдығайты өзені арқылы өтетін көпір, Қоржын ауылында Жақсыбай өзені арқылы өтетін, Шыңғырлау ауданында Утва өзені арқылы өтетін көпірлер. Бұл нысандарды аса маңызды әрі жалпы мемлекеттік маңызы бар жобалар тізбесіне енгізу үшін ҚР Көлік министрлігінің Аутомобиль жолдары комитетіне тиісті хат жолданды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар аутомобиль жолдарын жөндеу барысында 7 көпір және 96 су өткізгіш құбыр салынды. Оның ішінде «Ресей шекарасы – Казталов – Жәнібек» жолында 5 көпір және 44 су өткізгіш құбыр, «Өнеге – Бисен – Сайқын» жолында 11 су өткізгіш құбыр, «Ресей шекарасы – Подстепный – Теректі» жолында 2 көпір және 41 су өткізгіш құбыр салынды, – деді жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары  Мұрат  Залмуханов.

Сондай-ақ ол облыстық маңызы бар аутомобиль жолдарын күрделі жөндеу кезінде 1 көпір және 43 су өткізгіш құбыр салынғанын атап өтті. Оның ішінде «Бөрлі – Ақсай – Жымпиты» жолында 1 көпір және 22 су өткізгіш құбыр, «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» жолында 6 су өткізгіш құбыр, «Барбастау – Ақжайық – Индербор» жолында 15 су өткізгіш құбыр  салынған.

Жиында көктемгі су тасқыны кезеңіне жауапты мекемелер мен атқарушы құрылымдардың, күштік құрылымдардың дайындығы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар алдағы көктемдегі ауа райына болжам жасалып, облыс орталығы мен күрделі жағдай қалыптасуы ықтимал аудандар туралы кеңінен  мәлімет  берілді.

– Облыс орталығынан бөлек Тасқала, Бәйтерек аудандары су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға жатады. Бөрлі, Казталов, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарында қауіп орташа. Ал Бөкей ордасы, Теректі, Сырым, Ақжайық, Жаңақала және Жәнібек аудандарында қауіп деңгейі төмен, – деді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Тілеген Шапанов.

Комиссия отырысында су басу қаупі бар елді мекендерде қар шығару, су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасына мұз жару жұмыстарын жүргізетін мердігерді жедел анықтап, шараларды уақтылы ұйымдастыру міндеттелді.

Өңір басшысы дайындық деңгейін жаман емес деп бағалай отырып, қауіп бар аймақтарды толық бақылауға алатынын жеткізді. Сонымен бірге төтенше жағдайлар департаментіне қала және аудан әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуді  тапсырды.

– Орал қаласы мен аудан әкімдіктері барлық су басу қаупі бар елді мекендерде қар шығару және су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстарын жүргізсін. Эвакуациялық пункттер дайын болуы қажет. Өзендерде мұз кесу, қамыс шабу т. б. жұмыстары ұйымдастырылсын. Барлық аумақ тәулік бойы кезек-шілікпен қамтамасыз етілсін. Жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы, «Қазавтожол» мекемесі су өткізу құбырларының тасқын суды қабылдауға толық дайын болуын қамтамасыз етуі тиіс. Қауіпті учаскелерде арнайы техникалардың тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылуы қажет. «Қазсушар», Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы су қоймаларын транзиттік режимде ұстап, жауапты мердігерлердің кезекшілігін қамтамасыз етуі керек. Ұзынкөл су қоймасында инженерлік техника, инертті материалдар мен қапшық қоры міндетті түрде дайын болуы тиіс. Төтенше жағдайлар департаментіне атқарылып жатқан барлық жұмыстарға бақылау жүргізу, оның ішінде қар шығару шараларының орындалуын тексеру тапсырылды. Фото және бейнематериалдар жіберу арқылы тікелей баяндап отырсын. Бұл тапсырмалардың барлығы толық әрі сапалы орындалуы қажет, – деді өңір басшысы.

Көктемгі су тасқыны табиғи құбылыс. Алайда оған дайындық деңгейі – адам өмірі мен инфрақұрылым қауіпсіздігінің басты кепілі. Сондықтан жауапты құрылымдардың үйлесімді іс-қимылы, нақты жоспар мен қатаң бақылау – алдағы сындарлы кезеңнен сүрінбей өтудің басты шарты.

DSC03627 DSC03653

Түгелбай КЕНЖЕҒАЛИҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале