28.01.2025, 16:45
Оқылды: 52

Тату көршілік – бар игіліктің бастауы

Таяуда М. Өтемісов атындағы БҚУ-да «Ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны облыстық «Қоғамдық келісім» КММ  және  М. Өтемісов  атындағы  БҚУ-дың  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  кафедрасы  ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2025-01-23 at 16.13.17

– Бұл іс-шара бірлік, татулық және ынтымақтастық ұғымдарының ел бірлігінің негізі екенін көрсетуге бағытталған. Ассамблея еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің айқын символы ретінде мемлекетіміздің мызғымас құндылықтарын насихаттап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХ сессиясында «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» қағидаттарын ел саясатының берік негізі ретінде атап өтіп, бұл ұстанымдар Қазақстан халқының стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтынын жеткізген болатын. Конференцияның мақсаты – Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи, әлеуметтік және мәдени қызметіне ғылыми талдау жасап, оның қоғамдағы рөлі мен жетістіктерін саралау, – деді М. Өтемісов атындағы БҚУ ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев.

Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева сөз сөйлеп, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, Ресей Федерациясынан келген Орынбор мемлекеттік университетінің «Цифрлы әлеуметтану» орталығының директоры Антон Дубенский, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұрғали Жолдасқалиев, БҚИТУ тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі Жасқайрат Ерназаров, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Әлеуметтік ғылымдар» білім беру бағдарламасының профессоры Құрманай Науанова, ҚазИИТУ-дың экономика және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Нартау Аманбаев баяндамаларын оқып, ойларын  ортаға  салды.

– Менің баяндамам Орынбор мемлекеттік университетінің мысалында ұлттық және діни қақтығыстардың алдын алу тәжірибесіне байланысты болады. Ресей мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас орнағаны басты факторлардың бірі болып табылады. Орынбор шекаралас аймақ болғандықтан, сіздер біздің ең жақын серіктесіміз болып табыласыздар. Сондықтан осындай конференциялардың маңызы өте зор. Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында осындай шараға шақырғандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Бұл оқиға ғылыми, саяси және қоғамдық тұрғыдан алғанда өте маңызды. Өзім Орал қаласына екінші рет келіп отырмын. Бірінші рет өткен жылы университеттеріңізбен және басшылармен танысу үшін шақырылдым. Сіздерден үйренеріміз көп екеніне көз жеткіздім. Біз әлеуметтік зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Әсіресе, бізді Орынбордың шығыс бөлігі, яғни шекара маңы аймағы қызықтырады. Сондай-ақ Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарын дамыту аясында нақты бағдарламаларымыз бар, олар осы жылы жүзеге асырылады, – деді Орынбор мемлекеттік университетінің «Цифрлы әлеуметтану» орталығының директоры Антон Дубенский.

Бұл конференция еліміздегі татулық-түсіністік идеологиясын нығайтуға және Қазақстан халқы ассамблеясының келешекке бағытталған жоспарларын жүзеге асырудағы маңыздылығын тағы бір рет көрсетті.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале