Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да бәріміз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды.Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсеткен болатын.
Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке ие болғанымызға, мінеки, биыл 30 жыл. Шынында 30 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болуы мүмкін, алайда осы ширек ғасырдан астам уақытта тәуелсіз елдің, ұлы даланың еркін ұландары қалыптасып үлгерді. Бүгінде әскер қатарында Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып жүрген жауынгерлеріміздің басым бөлігі еліміздің егеменді ел болған кезеңдерінде дүние есігін ашып, ер жетті. Сол үшін олар азат елдің ұрпағы ретінде еркіндік қасиетіне ерекше ие. Дүниеге шыр етіп келген күннен бастап «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» деген аталы сөзді естіп өсті. Олар Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Анасы бесігін азаттық жырымен тербеген. Егемендік желі айдарынан есіп, Тәуелсіздік лебі танауын қытықтаған.
Бүгінде Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, 30 жасқа келген жастар – әр саланың тізгінін ұстаған егемен елдің айбынды ұландары. Елдің дамуына өзіндік үлес қосып, көпке үлгі болып жүрген азаматтар. Бірі – өнерде, екіншісі – спортта, ендігісі қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрсе, ұлы даламызда өркен жайған тәуелсіздікті қорғайтындар - әскердегі ел үшін қызмет етіп жүрген жауынгерлер – азаттықтың қырандары деп сеніммен айта аламыз.
Осы бір қастерлі де қасиетті Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің тәуелсіздікпен құрдас бір топ әскери қызметшілерін әңгімеге тартқан болатынбыз. Енді төменде солардың жүрекжарды ой-пікірлерін еш бояусыз ұсынуды жөн көрдік.
5546 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальонының командирі, капитан Акбарали Ахмадалиев:
«Отанға қызмет – үлкен жауапкершілікті жүктейді»
Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін үлкен мәртебе және мақтаныш! Мен 1991 жылы шілде айының 2-ші жұлдызында қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ұлтым – өзбек, әкем – агроном, анам – үй шаруасындағы әйел. Отбасымызда 3 ұл, 1 қыз бар, мен ата-анамның тұңғыш перзентімін.
Ұлтым басқа болғанымен, біз бірлігі мен тірлігі жарасқан көпұлтты - ұлы мемлекетте тұрамыз. Өз ана тіліммен қатар мемлекеттік тілді еркін меңгергенмін және егемен елімнің тарихын, салт дәстүрін өте қатты құрметтеймін. Біздің Отанымыз біреу, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Мен бала кезден әскери болуды армандадым, иықтарында пагондары жарқырап сап түзеген әскерилерді көргенде қатты қызығатынмын. Сөйтіп, 2009-2010 жылдары қатарынан арманымды жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі академиясына оқуға тапсырдым, өкінішке орай сынақтан сүрініп түсе алмадым. Алайда сағым сынбай, қалайда офицер болуды мақсат етіп, 2011 жылы Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан жоғарғы әскери институтының курсанты атандым. Ал, 2015 жылы көптен күткен алғашқы офицерлік шенімді алып елімнің батыс аймағы Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде взвод командирі болып қызметімді бастадым.Одан кейін 2017 жылдан бастап 5546 әскери бөліміне қызметім бойынша ауысып келіп 1 жедел мақсаттағы ротасының командирі қызметіне тағайындалдым.
Бүгінде жедел мақсаттағы батальонның командирімін, капитан шенін мерзімінен бұрын алдым, мұның барлығы елімнің тыныштығын қорғау жолындағы жеке құрамның жетістігімен, тынымсыз еңбегімнің бағасы деп білемін.Осы қарқында алға қарай ұмтыламын. Қазіргі таңда отбасын құрып екі баланың әкесі атанып үлгердім.
Туған Отанымның төл тарихын өте жақсы оқыдым, бабаларымыз аңсаған егемендіктің жолының ауыр қасіретке толы болғанын білемін. Сол бабалар аманатына адал болып, өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің қасиетті парызымыз, әсіресе Отан қорғау жолында жүрген біздер үшін үлкен жауапкершілікті жүктейді. Тарихи күнді отбасыммен бірге өткізуге, достармен кездесуге тырысамын. Алайда жауынгерлік қызметімізге байланысты мереке күндері күшейтілген түрде қызмет істейміз. Өйткені біз - Ұлттық ұлан жауынгерлері – мемлекеттің ішкі тәртібін қамтамасыз ететін құқықтық тәртіп әскері ретінде күнделікті халықтың ортасында қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күзетеміз. Елімнің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, нағыз патриот, рухты жауынгер тәрбиелесек, менің Отанымның өркендеуі жолына қосқан бір үлесім деп білемін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
5546 әскери бөлімі Атқыштар ротасының аға маман-бақылаушысы,
кіші сержант Нұрсұлтан Есенгалиев:
«Егемен елдің Отан қорғаушысы болғанымды мақтан етемін»
Мен 1991 жылы Тәуелсіздігімізді жариялаудан бір ай бұрын 17 қарашада дүние есігін ашыппын. Егемендігімізді алғаннан соң, сүйіншілеп қуанышын жариялаған елдің есінде тағы бір мәселе яғни тығырықта тұрған ел экономикасын көтеру болған еді. Ел еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа бастаушы - көшбасшымыз болған Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз екенін бәріміз білеміз. Есімімді Президенттің құрметіне Нұрсұлтан деп қойған екен ата-анам.
Негізгі мамандығым заңгер болғанымен әскерге барып, азаматтық борышымды өтеп келген соң, өмірімді біржола әскери қызметпен байланыстыруға шешім қабылдадым. Міне, содан бері Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде атқыштар ротасы бақылаушылар взводында аға маман - бақылаушы қызметін атқарып келемін. Тәуелсіздік тарихына байланысты әрбір сөздің, әрбір оқиғаның орны қадірлі, қастерлі. Еркіндікке ие елдің ұландары ретінде оны жүрекпен сезіне білеміз. Егемендік бізге теңдікпен қатар көптеген мүмкіндік сыйлады. Мемлекет тарапынан, жастарға білім алу, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе әскери қызметшілерге баса назар аударып отыр. Тәуелсіздіктің арқасында замандастарыма әлемнің кез келген елінде оқимын, саяхаттаймын десе де жол ашық. Сондықтан жастарға мүмкіндік көп. Біз мүмкіндіктерді пайдалана отырып, елге қызмет етуге әрдайым әзірміз. Бастысы егемен елдің Отан қорғаушысы болғанымдымақтан етемін.
Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толады, елімнің мерейлі мерекесімен бірге тағы өмірімде мен үшін тағы бір қуанышты оқиға орын алды, әке атандым, тұңғыш ұлым дүниеге келді. Ендігі жерде мен елімнің жарқын болашағына, ұлымның кемел келешегіне сенемін!
Материалдық және техни калық қамтамасыз ету ротасы байланыс взводының аға маманы, сержант Ахмет Насыров:
«Бабаларым жасаған ерлікпен мақтанамын»
Өз басым мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты деп санаймын. Тәуелсіз деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр! Менің өзім де осы Тәуелсіздік таңы атқан жылы дүниеге келгенмін. Алайда, Отанымың кең байтақ жерінде кіндік қаным тамбады. Ата - анам мен өмірге келгенде 1991 жылы Өзбекстан Республикасы Қызылқұм ауданында тұрған. Дегенмен тәуелсіздіктің арқасында Отанымыза оралдық, балалық шағым қазақилықтың қаймағы сарқылмаған оңтүстік өңірінде өтті. Кәдімгі шаңды аспанға айдақтатып көшеде өскен, мал бағып, егін еккен ауылдың қара баласы болдым, ерекшеленетін ештеңем де жоқ. Мектепті аяқтаған соң 5546 әскери бөліміне әскер қатарына шақырылдым, мерзімдік қызметімді аяқтаған соң, келісімшарт бойынша қызметке қалдым.
Өзімнің орта-арнайы білімімді Атырау қаласындағы Х. Досмұхамбетов атындағы университетінде жалғастырып, информатика саласы бойынша жоғары білім алдым. «Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ» деп Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев айтқаны есімізде.
Бүгінде байланыс қызметінде арнайы маман боп қызмет атқарып келемін. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеу тарихына Отан қорғаушы ретінде тамшыдай болса да үлес қосып жүргеніме қуанамын. Айтулы күнді отбасыммен, бала-шағаммен атап өтемін. Мерекенің маңызын балаларымның бойына сіңіргім келеді. Бабаларым жасаған ерлікпен мақтанамын, себебі өздерінің өмірлерін құрбандыққа берген батыр бабаларымыз бізге қандай көз жеткісіз ұлан-ғайыр жер қалдырды.
Осы орайда, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігі мәңгі болсын. Бастысы, бабалар аңсаған күннің қадіріне жетіп, бағалай білсек болғаны.
Материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасы қойма бастығы, ефрейтор Мухсина Дүйсенова:
«Балаларымның болашағы жарқын, егемен елімнің ертеңі ертегідей болсын деп тілеймін!»
Мен тәуелсіздіктің таңы атқан жылда дүниеге келіп, оның төл құрдасы болғанымды мақтан етемін. Тәуелсіздік күні - ұлық мереке. Елбасымыз «Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды» тарих беттерінде жазылған қасіреттерді екі ауыз сөзбен түйіндеген болатын. Қиындықпен жеткен, бабалар, Алаштың зиялы өкілдері арман еткен азат күнде өмір сүргеніміз – шексіз бақыт.
Әскери қызметке келгеніме көп уақыт болмаса да, бұл қызметтің қадір-қасиетін артатын жауапкершілігін терең түсіндім. Ел аманатын ерлермен бірдей арқалаған тәні нәзік болса да, жүрегі батыл Отан қорғаушы қыздардың бірімін.
Ел басына күн туғанда елі үшін қолына қару алып, майдан даласында жаумен алысқан Әлия мен Мәншүк апаларымыздың ерлігінен өзіме қуат, жігер аламын. Ұлттық ұланның қатарында қызмет етіп, Отан қорғаушысы деген қасиетті ұғымды тәуелсіз елмен тең байланыстырамын, себебі еркін елдің ертеңінің жарқын, бейбіт болуы үшін де еңбек етіп келеміз. Егемен мемлекетімнің болашағы болар Диас, Омар есімді қос ұл тәрбиелеп отырмын. Олардың батыл, отансүйгіш, иманды, білімді азамат болуы үшін барымды салып келемін. Күнделікті мектепте, балабақшада жеткен жетістігіне мені ана ретінде қатты қуантады. Балаларымның болашағы жарқын, егемен елімнің ертеңі ертегідей болсын деп тілеймін!
Жалпы, халқымызда «Отан» деген ерекше ұғыммен бірге айтылатын ұлы сөз бар. Ол – Тәуелсіздік. Ата – бабамыз «ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен» сақтап, бүгінгі ұрпаққа мирас еткен мол мұра мен күреспен келген тәуелсіздікті біз қорғап – қастерлеуіміз керек.
Сөз соңында осы Отанымыздың, патриотизм, бауырластық пен еркіндік мерекесінде, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесі күнімен шын жүректен құттықтап, отбасыларына бақ-береке, қажымас-қайрат, еңбектеріне жеміс, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, бақыт және толайым табыс тілейміз.
Малика Шынжигитова,
лейтенант