«Орал өңірі» газетінің №77 (24 қыркүйек) санында «Таулы Қарабақтағы қиямет күндер» атты мақала жарияланды. Соған байланысты ауған соғысы мен Таулы Қарабақтағы этникалық жанжал қасіретін көрген ардагерлер пікір білдіруде. Олар бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуы мемлекет дамуында айрықша рөл атқарады деп санайды.
Беркінғали Ғабделов, «Ауған соғысының мүгедектері және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Облыстық басылымда жарияланған «Таулы Қарабақтағы қиямет күндер» атты мақаланы оқыдым. Шынтуайтында, Отан алдындағы борышын өтеуге ант беріп, қолына қару алып, бітімгерлік операцияларына қатысқан жауынгерлер тағдыры туралы көп жазыла бермейді. Қақтығыс ошағында болған қаруластардың оққа ұшқанын көзбен көру оңай емес. Ауған соғысы – тарих қойнауына енген қасірет парағының бірі. Бізден кейін басқа өңірге барып, этникалық топтар арасында тұтанған ұрыс-жанжалды саябырсытуға күш-жігерін жұмсаған, тіпті оқ пен оттың ортасында басын қатерге тіккен сарбаздардың қандай тауқымет кешкенін жан жүрегіммен сезінемін. Өз басым еліміздің тәуелсіздік жылдарын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман шежіресі деп қабылдаймын. Елбасының сарабдал саясаты арқасында етек-жеңімізді ерте жиып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білдік. Ең бастысы, барға қанағат, жоққа сабыр қылуымыз керек. Қазақстан Республикасының халқы тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсете беретініне сенімдімін.
Анатолий Боровский, запастағы полковник, интернационалист-жауынгер:
– Былтыр мамыр айының 6-сы күні «Ардагерлер туралы» заң қабылданып, армян-әзербайжан арасындағы және басқа шиеленісті аймақтардағы қақтығысты бәсеңдетуге атсалысқан жауынгерлерге «Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» деген дәреже берілгеніне риза екенімді айтқым келеді. Тұрмыстық-әлеуметтік тұрғыдан ардагерлерге көптеген жеңілдік қарастырылған. «Таулы Қарабақтағы қиямет күндер» атты мақала кейіпкерлері ардагер санатына ену үшін қиындық туындап жатқаны жайында айтқан екен. «Ардагерлер туралы» заңның қабылдануының өзі мемлекет тарапынан жасалған зор қамқорлық екенін түсінуіміз керек. Алдағы уақытта осы бағытта нормативтік-құқықтық актілер жетілдіріле түсетініне сенемін. Қазіргі кезде ауған соғысы, тәжік-ауған, армян-әзербайжан қақтығысына қатысқандарға жәрдемақы берілуде. Және коммуналдық, салықтық төлемдерге жеңілдіктер жасалуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау жылма-жыл жақсара түсуде. Ұлтаралық дау-дамай ушығып жатқан жерде береке болмайтыны ақиқат. Сондықтан егемендіктің елең-алаңында елді «тар жол, тайғақ кешуден» аман алып шыққан Елбасының саяси көрегенділігіне, тіпті әлемдік аренада бітімгерлік миссиясын абыроймен атқарып жүргеніне ризамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Елбасы қалыптастырған сара жолды, игі дәстүрді жалғайтын бірден-бір мұрагер деп қабылдаймыз.
Әділсейіт Жұмашев, «Таулы Қарабақ ардагерлері» ҚБ мүшесі, запастағы сержант:
– 1989 жылы күз айында бұрынғы Фурманов ауданынан әскерге аттандым. Украина Республикасының Днепропетровск қаласындағы алты ай дайындықтан кейін мені Днепродзержинск қаласындағы дивизияға жіберді. Екі айдан кейін Днепропетровскіге қайта жинап, Таулы Қарабаққа шұғыл аттандырды. Алдымен Әзербайжан КСР-нің Баку қаласына ұшақпен жеткізді. 1989-1991 жылдары Сумгаит қаласындағы өнеркәсіп кешенін қорғаған батальон қатарында қызмет еттім. Біз қызметке кірісер алдында, нақты айтқанда, қазанның 26-сы күні құрамында 46 десант болған бригада мінген ұшақ әуеге көтерілер кезде жарылып, қайғылы оқиға болған еді... Біздің батальон қару-жарақ, жанар-жағармай, химиялық қорғаныс құралдары сақталған қоймаларды күзетті. Қауіпті нысандарға шабуыл жасаған жасақтарға бірнеше мәрте тойтарыс бердік. Бөлімше командирі ретінде күзет операцияларының бел ортасында жүрдім. Қарабақтағы қайғы-қасірет салдарынан миллиондаған адам босып кетті. Қарулы қақтығыстарда он мыңға жуық жауынгер қаза болды. Ұлтаралық кикілжің тұтанған аймақта қызмет еткен әскерлер азапты күндерді бастан кешірді. Тоқсаныншы жылдары Таулы Қарабақтағы этникалық жанжалдың оң шешімін табуына Елбасының ықпалы зор болғаны анық. Әзербайжан халқы бітімгерлік миссиясына қатысқан Нұрсұлтан Әбішұлына дұғай-дұғай сәлем жолдап, алғыс айтқанына куә болдық. Тәуелсіздік жылдары ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашағы үшін елеулі істер атқарды. Қиыныстау кезеңде шекарамызды шегендеп алғаны – стратегиялық тұрғыда маңызы зор шешімдердің бірі де бірегейі болды. Қазақстан Қарулы күштерінің әлеуеті жылдан-жылға күшейіп, оған қоса қорғаныс саласы нығайып келеді. Мемлекетіміздің бейбіт ғұмыр кешетініне кәміл сенемін.