14.12.2020, 11:32
Оқылды: 258

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

16 желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсізідік туы желбіреді. Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Содан бері 29 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік.

т1

Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Осы уақытқа дейін қол жеткізілген барлық табыстар бір төбе болғанда, кешегі өркениеттің көшбасшысы атанып жүрген еуропалық елдердің аймақтық қауіпсіздікті сақтау үшін құрған ЕҚЫҰ-ға мүше болып табылатын барлық 56 мемлекеттің басшылары саммитінің Нұр-Сұлтанда өткізілгендігі жеке-дара бір төбе табыс болды. Оның қаншалықты маңызды екендігінің тереңіне  көне тарих ғана бойлап, бағасын беретін болады.

Ата Заңымыз қабылданып, ұлттық тең­ге­міз енгізілді. Тәуелсіздіктің қорғаны Қарулы күш­тер құрылып, бар­лық көршілерімізбен мемлекеттік шека­ра­мыз берік шегенделді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген ұлтара­лық тату­лық пен діни келісімге негізделген сарабдал саясатының арқасында көп­ұлт­ты қазақ­стандықтар арасында береке-бірлік орна­ды. Саяси, экономикалық және әлеу­мет­тік реформалар жүзеге асырылып, «Қа­зақстанның 2050 жылға» дейінгі даму Стратегиясы айқындалды

Біз «Қазақстан - 2050» стратегиясының ұлы мақсаттарына ұмтылдық. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуға қадам бастық. Оған бізді адастырмай апаратын жалғыз ғана жарық жұлдызымыз –  Темірқазығымыз бар. Ол – тәубе қылатын, тәу ететін біздің ұлы Тәуелсіздігіміз.

Тәуелсіздік – жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын кәусар бұлағымыз.  Біз кемеңгерлігі мен көрегендігі, бірлігі мен бірегей мақсаткерлігі қатар өрілген Мәңгілік Елімізді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны баянды етіп, нығайту міндеті біздің маңдайымызға жазылды.

Біз осындай мерейлі оқиғаларды атап өтіп, жастарымызды Отансүйгіштікке тәрбиелеуге ынталандырамыз. Кешегі күндері ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде басқыншы жаумен аянбай күрескен  ардагерлеріміздің де ерлік жолдарын үлгі-өнеге етуге тырысамыз Әр ер азамат ең алдымен, өзінің туған ошағын және ұлы Отанын қорғауға бар күш-жігерін жұмсауы керек.

Қазіргі  кезде  оған  біздің  «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері зор үлес қосып, өз қызметтерін адал абыроймен атқаруда.

Бауырластық пен еркіндік мерекесінде барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік  мерекесі күнімен шын жүректен  құттықтай отырып,  отбасыларына бақ-береке, қажымас-қайрат, еңбектеріне жеміс, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, бақыт және толайым табыс тілеймін. Отанымыздың тәуелсіздігі тұрақты, тұғыры берік болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін, ағайын!

 

Бақыт Алазов,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлерінің

«Батыс» өңірліқ қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтіқ-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале