16.12.2020, 23:43
Оқылды: 133

Тәуелсіздік күніне орай «5 асыл іс» акциясы өтті

Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «5 асыл іс» акциясы ұйымдастырылды. 

A9E069D5-DC5F-4C68-AF30-4BC5F5A833ED Қатысушылар акцияның бірінші күні қазақ әдебиетінің үздік туындыларын көпшілікке насихаттау жұмыстарын жүргізді. 12-сынып оқушысы Владислав Запрометов Дулат Исабековтің «Транзитті жолаушы» шығармасынан мазмұнды цитаталар жарияласа, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмагүл Алмағамбетова қазақ детективінің негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалы туындыларын ұсынды. Қатысушылар, сондай-ақ, өз follower-лерін Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовтен бастап бері қарай Жұбан Молдағалиев, Шыңғыс Айтматов, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков, Асқар Алтай  және тағы басқа қазақ әдебиетінің жауһарлары шығармаларын оқуға шақырды. 

B364D0A5-3340-491B-ABBA-FC168365C97C

 «Екінші асыл іс» аясында акция қатысушылары түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, мейірім мен еріктілікті насихаттады. Алғашқылардың бірі болып үлгі көрсеткен дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық кафедрасының мұғалімдері медицина саласының ардагері Мәриям Иргалиеваға қолғабыс етсе, педагог-куратор Гүлім Жұмағалиева мектептің әлеуметтік жобаларының маңызы туралы жазды. Жақында ғана «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына ие болған мектеп клубының мүшелері онкодиспансердегі емделуші достарына барып қайтты.

Зияткерлік мектеп оқушылары мен ұстаздары бұл күні бұдан бөлек үйсіз жануарларға дәрі-дәрмектер алып, тор қоршауларды тазалап қамқорлық танытты.

 5F989400-8E08-4C16-8904-8870BD6B2E08

 «5 асыл іс» акциясының жексенбі күні нағыз шығармашыл жандардың онлайн көрмесіне айналды. 7-сынып оқушысы Тамила Русланова суреттер сериясын Батыс Қазақстан облысының өзендеріне арнаса, өңір аудандарынан келген зияткерлер туған ауылын желідегі достарына таныстырды. Бұл күні қатысушылар бейбіт күнінің құндылықтарын бейнелеу арқылы Тәуелсіздікті жақындатқан ата-бабалар рухына тағы бір тағзым етті.

 Өмірлік ұстанымды қалыптастыру, рух пен моральдық-адамгершілік құндылықтарды нығайту мақсатындағы акцияның төртінші күні  қатысушылар жырдан шашу шашты. Әлеуметтік желілерде өлеңқұмар оқушылар Күләш Ахметова, Ұлықбек Есдәулет, Бақытбек Смағұл, Қалқаман Сарин және тағы басқа ақындардың Отан туралы өлеңдерін оқыды. 

 «Бесінші асыл іске» туған жеріміздің түрлі саласында қажырлы еңбек еткен немесе қызмет атқарып жүрген  қарапайым еңбек адамдары – ұстаздар, мүмкіндігі шектеулі қайсар жандар, өмір жолында бағыт берген аға-апалар арқау болды. арналды. 9-сынып оқушысы Әлия Ашарбекова медициналық-психологиялық қызметтің жедел жәрдем отрядының жетекшісі, әкесі Нұрмұхан Жұмағалиев туралы жан тебірентерлік жазба қалдырды:

 – Құтқарушының басты қасиеттері – психологиялық тұрақтылық пен жанашырлық. Өз кәсібіне берілген осындай адамдарды біле отырып, мен өз өміріме және жақындарымның өміріне алаңдамаймын, – деп жазды Әлия.

 Қатысушылар бес күн аралығында әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында  100-ден астам жарияланым жасады. Сонымен қатар акцияға Жәнібек аудандық Ғұсман Ғабдуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептен жас достар да белсенді үн қосты.

 Айдана Хамидуллина,

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале