Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ағымдағы жылға арналған бірқатар шаралар жоспары бекітілген болатын.
Сонымен қатар, 2021 жыл – Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жарияланып, республикалық байқаулар мен жобалар іске асырылуда. Басты мақсат – еңбек адамының әлеуметтік, азаматтық, қоғамдық рөлін көтеру, еңбегін бағалау, қызметтегі сапасына ақпараттық қолдау білдіру.
Сондай еңбеккердің бірі, кәсіподақ маманы, тәуелсіздік құрдасы – Маусымжан Жүсібалиева.
Маусымжан Ержанқызы Жүсібалиева 1991 жылы 28 маусым күні БҚО Жаңақала ауданында дүниеге келген. 2015-2017 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығында заңгер қызметін атқарып, өңірдегі кәсіподақ қозғалысына, ұжымдық шарттарда қолжетімді құқықтық актілердің болуына, еңбек адамының қорғалуы жолында белсенді үлес қосты.
2017 жылдан бері еліміздегі ең ірі шетелдік мұнай компаниялардың бірі – «Қарашағанақ петролиум оперейтинг» кәсіпорын қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымында заңгер қызметін абыроймен атқарып келеді. Өз саласында бірнеше жетістіктерге де жетіп үлгерген кәсіподақ белсендісі бүгінгі күні өндірістік объектілерді еңбек жағдайына сертификаттау мәселелерін бақылауға, кәсіпорынның өндірістік қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеуге және есепке алуға қатысады. Еңбек ұжымындағы қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын тұрақты орган – келісім комиссиясының мүшесі. Ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шарт жасасу мәселелері аясында қызметкерлердің заңды өкілі, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен сот органдары жанынан құрылған құқықтық комиссияларға толыққанды, тұрақты мүшелікте.
Сонымен қатар жас, білікті маман Маусымжан Ержанқызы Халықаралық еңбек ұйымдарынан да қосымша тәжірибелер алып, өзінің біліктілігін шыңдауда. Сондай-ақ Грузия елінде ХЕҰ-ның кәсіподақ заңгерлеріне арналған халықаралық соттарды ұлттық соттарда қолдану бойынша өткен оқыту курсын тәмамдаған.
«Өңірдегі мұнай-газ саласының дамуына, компаниядағы әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарт қатынастарын нығайтуға әлі де үлесімді қоса беремін», - дейді тәуелсіздік құрдасы, кәсіподақ белсендісі.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ