Ел Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» секілді бөлімдерге жіктелген. Мақала мазмұнына дендеп енбестен бұрын «бағдар», «белес», «таным», «тағылым», «қоғам», «құндылық», «ұлағат», «ұстаным» ұғымдарына үңілген жөн-ау. Ұлттық менталитетімізге тән ұғымдар, ұлттық межелер. Аталған ұғымдар астарына бойлай келе оны қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен байланыстырған жөн. Ойлантпай қоймайды. Шынында да, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында ұстанған басты бағдарымыз қандай болды? Қандай белес-асулардан өте алдық? От пен судан өткендей өткеліміздің танымы неде, тағылымы қандай? Қоғам қалай дамуда? Ұлттық қазақы құндылықтарымыздың құнын ескере, аялай білдік пе, әлде аяқ-асты еттік пе? Отыз жылдың ұлағаты неде? Ендігі ұстанымымыз не болмақ? Мемлекет басшысы аталған мақаласында осы ұғымдарға баса назар аударған.
Турасын айтсақ, бағдары айқын елдің межелі нысанасы анық болады. Ел бағдары әлемдік бағыт үдесінде дамуы тиіс. Бағдарлы ел де белді белестерден өтері даусыз. Жазық та тегіс жерден сүрінгеннен сақтасын! Небір белесті бедерлердің танымдық тұрғыда жаңа білім қорын қосары әлемге аян. Осы жолда озық елдердің тәжірибесінен тағылым алғанға не жетсін?!
Қазақстан Республикасы Пре-зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылын қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес, көптеген халықтарға тән қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуірге балайды. Президент мақаласында еліміздің әрбір саналы азаматын «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекетті нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» тұрғысындағы сауалдар толғандырарын айта келе, азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі, екінші онжылдық Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі, үшінші онжылдық шаңырағымыздың биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналуымыз, ал төртінші онжылдық міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу деп пайымдауы ойға қонымды. Ақиқаты – осы үш онжылдықта атқарылған елдік істердің қомақтылығы. Мәселен, алғашқы онжылдықта Ата заңымыздың қабылдануы, ел аумағының ядролық қарудан толық тазартылуы, Елордамызды Арқа төсіне көшіруіміз, жастарымыздың әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастауының өзі неге тұрады? Қысқасы, осы іспетті игі де ізгі істердің нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз бір көтеріліп қалғаны айдай анық. Екінші онжылдықта «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендеуді өз қолымызға алуымыз, елімізге шетелден қомақты инвестиция тартуымыз, Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыздың ұлттық идеямызға айналуы, тұрғын үй құрылысының бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуы көңіл қуантады. Ал үшінші онжылдықта «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қоcылуды межелеуіміз, «100 нақты қадам» секілді ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруымыз, нәтижеде саяси және экономикалық реформалармен қатар халық қолдауына ие болған рухани жаңғыруға баса мән беруіміз ойымызды серпілтіп, бойымызды биіктетеді.
Осыншама толағай табысқа қол жеткізудің кілті халқымыздың даналығы, ұл-қызымыздың саналылығы, жанқиярлық еңбегі мен Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналған Елбасының төккен тері дер едік. Ендігі міндет – қуатты елге айналу, кемелдікке қол жеткізу, ұлттық жаңа болмысымызды қалыптастыру.
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №9 санынан оқи аласыздар.
Абат Қыдыршаев,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі