25.11.2021, 12:30
Оқылды: 78

«Тәуелсіздік – тұғырым!»

  Кешелі-бүгінді "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Елдіктің жеті қыры» атты қағидаттар жиынтығы һәм жас ұрпаққа жолдаған үндеуі қоғамның қызу талқысында.

WhatsApp Image 2021-11-25 at 12.20.28

Осы ретте алдымен «елдік» сөзінің қазақ баласының жүрегіне жақын кең мағынадағы ұғым екендігіне назар аударып, оған терең мән бере кеткеннің еш артықтығы жоқ. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың көкейінен кетпеген қайткенде ел боламыз, қайтсек мемлекеттілігімізді сақтап қаламыз, қандай бағдармен жүргенде адаспай жол табамыз деген сауал бүгінде өзінің өзектілігін еш жойған жоқ.

Түсінген жанға әлем санасатын алып империялардың бауырында жатқан ұлан-ғайыр жері бар балауса мемлекетіміздің азаттық алған отыз жыл ішінде «шашау шығармай» бүгінгі күнге дін аман жетуі өз алдына дербес саясат ұстанған қазақ дипломатиясының аса зор табысы мен үлкен жетістігі.

Оған негіз Елбасының төмендегі сөзі: «Біз тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық.

Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз (Таулы Қарабақ, Қырым, Грузия және т.б.)».

Ел билігінің ішкі һәм сыртқы саясатта байыппен шебер жүзеге асырған қимыл-қарекетінің анық бір дәлелі – Елбасының айтуынша, осы жылдар ішінде 9,5 миллионнан астам сәбидің жарық дүниеге келуі.

Оның негізі қарагөздер екені айтпаса да түсінікті. Сөз орайында  тәуелсіздігімізді жариялайтын жылы республикамыздағы мемлекет құраушы титулды ұлт – қазақ халқының саны бар болғаны 7 миллион болғанын еске түсірейік.

Нақ сол тәуелсіздігімізді жариялайтын 1991 жылы өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында байырғы, жергілікті халықтың –  Қазақ жерін мекендеген барлық ұлт пен ұлыстың небары 40%-ын құрағаны өте қауіпті, тіпті қорқынышты жағдай еді.

Олай дейтін себебіміз,  тарих ғылымында не нәрсенің де шынайы бағасы –  уақыт өте келе салыстырмалы талдау нәтижесінде анық көрініп, дәлелдеуді қажет етпейтіндей боп көзге ұрып тұрады.

Қалай болғанда да осы жылдар ішінде еліміздегі саяси тұрақтылық пен этносаралық татулықтың нәтижесінде сайын даланың 9,5 млн-нан нәрестелермен толығуы көңілге қуаныш ұялататын жайт. Біздіңше, бұл көрсеткіштің Құдай қаласа алда әлі де арта беретіні анық.

Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана. Сайып келгенде өліара кезеңде жүгімізді аударып алмай өз сүрлеуімізге түсіп, келешекке деген үміт отының қайта маздап жануы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек» деген сөзінде айрықша зор мағына жатыр.

Бұл жерде астын сызып айрықша атап өтетін нәрсе ел болашағының дербес ұлт – қазақ халқының елімізде жетекші, көшбасшы рөлге ие болуымен тікелей байланысты екендігінде.

Бұған қоса Елбасының «Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы» деген сөзі еліміздегі «қырық рудан» тұратын қаймана жұрттың қазақ халқының төңірегіне бұрынғыдан да тығыз топтасып, жергілікті ұлттың ана тіліне, ата тарихына, бай мәдениетіне өзге де ұлыстардың ерекше құрметпен қарайтын уақытының келгендігін паш етіп тұр.

Осындайда кешегі кеңес дәуірінің ұранды сөзіне айналған «Ақпыз, қара, сарымыз. Ағайынбыз бәріміз» деп,-барша әлеуметті халықтар достығының лабораториясына айналдыру саясаты еске түседі.

Одан ары Елбасы тек сонда ғана «Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болатынына» сенімді екенін айтады.

Тәуелсіздікпен бірге келген жаһандану үдерісінің отбасы институтына да қақырата соққы беріп, оның трансформацияға ұшырағаны Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың назарынан тыс қалмағанын байқауға болады: «Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт.

Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды.

Қай кезеңде де үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет.

Отбасы институты әлсірап, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай».

Иә, мақсат – біреу. Жаһандану атты жеті басты жылан жағадан алған қазіргідей алмағайып заманда қайткенде жұтылып кетпеу. Ұлттық иммунитетті күшейту. Ұлт ретінде бірегейлігімізді сақтап қалу. Әлемдік озық тәжірибені жүйелеп, арнайы саралау. Соның механизмдерін қазақ қоғамына енгізу.

Түптеп келгенде, біз Елбасы үндеуіндегі өзіміздің назарымызды аударған кейбір маңызды мәселелерге ғана қысқаша шолу жасап, алдағы жылдарда жасалатын негізгі жұмыстардың басым бағыттарын байқағандай болдық.

Атам қазақта  «елу жылда ел, жүз жылда қазан жаңа» деген нақыл сөздер бар. Мұның өзі ғасырлық тәжірибеден алынған тәмсілдер. Демек со қашықтыққа баратын уақыт аралығындағы тындырылатын тізбекті жұмыстардың сыр-сипаты қазірдің өзінен аңғарылып тұрғандай.

      Жаңабек Жақсығалиев,

                                     М.Өтемісов атындағы Батыс

                                              Қазақстан университетінің доценті,

                                         тарих ғылымдарының кандидаты,

                                         облыстық мәслихаттың депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале