Жиында Орал қаласындағы жастар саясатының жүзеге асырылуы, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жастар бастамаларын қолдауға орай атқарылған жұмыстар, жастарды жұмыспен қамту туралы жылдық есеп қорытындыланды.
Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Дулат Жүсіпқалиев жыл бойы ел игілігі жолында атқарылған игі істерге тоқталды.
Сондай-ақ аталмыш басқосуда әр саланың көшбасына айналған өңір жастары сөз алып, ой- толғамдарын ортаға салды.
Форум барысында қала әкімі Абат Абайұлы шаһардың өсіп-өркендеуі жолында қызмет атқарған жандарға алғыс хат марапаттады. Сонымен қатар Абат Шыныбеков қаламыздағы ең жас кәсіпкер Бейбарыс Сұлтанның балалық арманын орындап, оған тәтті тағамдар пісіруге арналған пешті сыйға тартты.
“Тәуелсіздік ұрпақтары” атты тақырып таңдалған іс-шараның соңы “Орал жастары” әнұранымен тәмамдалды.
Қоғамның қозғаушы күші саналған кіші буын өкілдерінің бастамаларын жүзеге асыруға ықпал еткен аға буынға алғыс білдіреміз! Біз “Орал жастары” таудай істерді тәуекел етіп атқаруға бек дайынбыз!
Оралда жас та болса өз кәсібін ашуды мақсат тұтқан жігерлі жастар да бар. Олардың бірі 13 жастағы Бейбарыс Сұлтан. Жас кондитер тамыз айында қала әкімімен кездесуде тәтті торттарын пісіруге арналған арнайы пешті алғысы келетінін айтқан болатын. Бейбарыстың бала арманы орындалды.
Жас кәсіпкердің тіл үйірер дәмді тағамдарға тапсырыс алу қатарын арттыра бермек. Талайды тамсандырған қолы алтын жас өренге біз де сәттілік тілейміз!
Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен
жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы