23.05.2024, 12:45
Оқылды: 144

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының байқауы басталды

Облыс жастарына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының байқауы басталды. Аталған грантқа өңіріміздегі 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жаңа жобаның ерекшелігі, жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін 5 негізгі бағыт таңдалып алынды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық даму басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Мирфат Бисекенов айтты.

Ақша JP
2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жастардың жасампаз жобаларын жүзеге асыруға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы гранты тағайындалған болатын. Осыған орай алдағы уақытта өңір жастарына грант тағайындалмақ. Жобаның негізгі мақсаты – дарынды жастардың жаңа, батыл, серпінді ғылыми және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету.
– Жобаны облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырады. Грант аясында 5 бағыт таңдалып алынды. Атап айтсақ, мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және IT. Осы бағыттар бойынша облыста тұрғылықты мекенжайы бар, 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар байқауға қатысуға өтінімдер бере алады. Өтінімдерді қабылдау 29 сәуір мен 29 мамыр аралығында жүріп жатыр. Сондай-ақ осы мерзімге дейін біз кеңестік қолдау көрсететінімізді атап айтқым келеді. Кез келген өтінім берушінің өзінің жобасын дайындау барысында жергілікті жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтан кеңес алуға мүмкіндігі бар. Бұған қоса осы мақсатта бірыңғай сall-орталық іске қосылды, – дейді жоба координаторы Тасболат Серікқалиев.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша арнайы конкурстық комиссия құрылады. Оның құрамына облыстық әкімдіктің басқармалары мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар кіреді. Үміткерлердің конкурстық өтінімдері мемлекеттік және орыс тілдерінде электронды нұсқада қабылданады. Конкурстың ережесі мен өтінім беру нұсқаулығы облыстық қоғамдық даму басқармасының сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады.

Конкурстық комиссияның қорытындысына сәйкес 10 жоба жеңімпаз аталып, оның әрқайсысы 1 000 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болады.

Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»

ЖОБАНЫҢ БАҒЫТТАРЫ:

● «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды
және зерттеулерді іске асыру;
● «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық
мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске
асыру;
● «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның
ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыру және
әзірлеу;
● «Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыру;
● «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық,
пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыру.

БАҒАЛАУ КРИТЕРИЙЛЕРІ:

● жобаның аталған бағыттарға сәйкес болуы;
● мәселені (ағымдағы жағдайды) түсіну және нақты сипаттау, статистика
және ресми дереккөздерге сілтемелер келтіріледі;
● жобаның бәсекеге қабілеттілігі;
● ұсынылатын жобаның жаңашылдығы (бірегейлігі);
● бенефициарларды қамту және жобаны іске асыру ауқымы;
● қаржыландыру аяқталғаннан кейін қызметті жалғастыру және (немесе)
нәтижелерді ілгерілету мүмкіндігін нақты сипаттау;
● сметада шығындар негізделген және нақты болуы керек;
● жобаны іске асыру уақыты нақты көрсетілуі тиіс .

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік немесе
орыс тілдерінде қабылданады:
1) нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
2) жобаның бейне-таныстырылымы (60 секундтан аспайды);
3) шығыстар сметасының жобасы;
4) зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуы тиіс;
5) жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі қоса ұсынылуы тиіс.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале