Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздегі жергілікті өкілді құрылымдар қызметінің тарихы мен өңіріміздің дамуына қосып келе жатқан үлесі туралы сөз қозғасам деймін. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттардың бірі ретінде халық үмітін ақтап, адал қызмет етуде бізге дейінгі аға буынның тәжірибесі мен атқарған істерін білудің, бағалаудың маңызы зор.
Тарихты парақтасақ, Жоғарғы кеңес 1993 жылы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары туралы» заң қабылдады.
1994 жылы 7 наурызда алғаш рет жергілікті өкілді билік құрылымдары – мәслихаттарға депутаттар сайланды. Заңға сәйкес мәслихаттарға жергілікті тұрғындардың құқығын көздейтін және өз алдына жеке әрекет ететін мемлекеттік құрылымның қызметі мен өкілеттілігі берілді.
Тәуелсіз елімізде халық сайлайтын жергілікті құрылымдардың пайда болуы демократиялық құрылым ретінде саяси маңызды қадам болып, оның азаматтық белсенділікті қолдайтын, жергілікті басқару ісіне қатысуға мүмкіндік беретін бағыттары санаға серпіліс әкелгені сөзсіз. Осы кезеңде қызмет еткен депутаттар елдегі демократиялық өзгерістердің іргетасын қалыптастыруға өз үлестерін қосып, халыққа қызмет етті. Зерделеу барысында Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласының мәслихат тарихын шолу арқылы біраз ақпаратқа талдау жасалды. Бірінші шақырылым 1994-1999 жылдарды қамтиды. Халық қалаулыларының қалалық мәслихат-жиналысының бірінші сессиясы 1994 жылғы 28 наурызда өтіп, оны қалалық сайлау комиссиясының төрағасы П.Камышев ашқан. Сайланған 21 депутаттың ішінде 18 ер адам, 3 әйел адам болса, ұлттық құрамында 14,3% қазақ, 76,2% орыс, 9,5% украин болған. Оның 71,4%-ы жоғары білімді, 29,6%-ы орта арнайы білімді. Депутаттардың ішінде тарих ғылымдарының докторы Т. Рысбеков, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты А.Нұғманов, техника ғылымдарының кандидаты С.Олейников, сондай-ақ дәрігерлер, мұғалімдер, экономистер, инженерлер болды. Мәслихат-жиналысының хатшысы ретінде депутат Павел Кочетков сайланып, алты тұрақты комиссия құрылған. Олар – мандат, экономика, бюджет және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер, азаматтардың азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлтаралық қатынастар, тілдер, мәдениет, жастар ісі жөніндегі және тексеру комиссиясы. Депутаттар бұл кезеңде халықты әлеуметтік қорғау, зейнеткерлер мен ардагерлерді, тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға көп назар аударды. Сол кездегі депутаттардың айтуынша, бірінші шақырылым уақыты өте қиын әрі қызықты кезең болған. Кеңес дәуіріндегі саяси жағдайдың орнына жаңа құрылымдар пайда болуына байланысты қызу тартыстар орын алған алмағайып кезеңде қоғамды демократиялық тұрғыдан құру жолы оңай болмағанын еске алады.
Екінші шақырылым (1999-2003 жж.) бойынша депутаттарды сайлаудың қорытындысын 1999 жылы 11 қарашада өткен бірінші сессияда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ә. Разов жария еткен. Мәслихат депутаты болып 20 адам сайланған, оның ішінде 11 ер, 9 әйел адам, ұлттық құрамында 4 (20%) қазақ, 15 (75%) орыс 1 (5%) украин болған. Оның ішінде он бес адам жоғары білімді, бесеуі орта арнайы, екеуі орта білімді. Сессия депутаттары Павел Кочетковты қайтадан мәслихат хатшысы етіп сайлады. Бұл кезеңде депутаттар өте маңызды мәселелер – жұмыссыздықты азайту, тұрғындарды еңбекпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарында халықпен бірге еңбек етті. Сол кезде ауылдан облыс орталығына миграция толқыны айтарлықтай болғаны белгілі. Осындай қоғамдық жұмысқа белсене араласа жүріп, депутаттар тәжірибе жинақтай бастады. Экономикалық жағдай жақсара келе, 90-шы жылдардың аяғында депутаттар қаланың тарихи бөлігін жөндеу және қалпына келтіру, әлеуметтік жағынан қамтылмаған топтарға тұрақты негізде тұрғын үй көмегін көрсету, Орал қаласын газдандыру бойынша бағдарламалар және басқа да мәселелердің шешілуін қадағалады.
Үшінші шақырылым (2003-2007 жж.) бойынша депутаттарды сайлау қорытындысын 2003 жылы 18 қазанда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов жария еткен. Онда 20 округтан 19 депутат сайланған. Ұлттық құрам бойынша 57,9%-ы қазақ, 31,6%-ы орыс, басқа ұлт өкілдері – 10,2%, барлық депутат жоғары білімді. Халық депутаттары ішінде екі ғылым докторы, үш ғылым кандидаты болғаны хабарланған. Аталған құрамның сапалық көрсеткішінде қазақ ұлтының өкілдері және жоғары білімді депутаттардың едәуір көбейгені байқалады. Орал қалалық мәслихатының хатшысы болып бірауыздан Әнес Ізтілеуов сайланды. Қалалық мәслихаты жұмысының күн тәртібі бекітіліп, 5 тұрақты комиссия құрылды. Бұл кезеңде 2001 жылы 23 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасында мемлекетті басқару туралы» жаңа заңға сәйкес депутаттар бюджетті түсімдердің толығуына, кен орындарын игеруден түсетін салықтың әлеуметтік салаларға бөлінуіне қызмет етті. Әлі күнге дейін маңызын жоймаған шағын және орта бизнесті дамыту, дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты бағдарламалары қабылданды және қалалық мәслихат депутаттарының басқа қалалармен ынтымақтастығы мен өзара байланысы нәтижесінде «Аула аумақтарын абаттандыру» бағдарламасы жасақталды.
Төртінші шақырылым (2007-2012 ж ж.) бойынша 2007 жылы 12 қыркүйекте өткен бірінші сессияны қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Абат Шыныбеков ашып, 20 депутат сайланғанын, бұрынғы депутаттар қатарына қала тұрғындарына танымал бизнес өкілдері қосылғанын хабарлады.
Ұлттық құрамы: қазақ – 9 (45%), орыс – 8 (35%), 4 адам (20%) армян, украин, татар, еврей ұлттарының өкілдері.
15 ер адам, 5 әйел адам, барлық депутаттар жоғары білімді, халық қалаулылары арасында екі ғылым докторы, екі ғылым кандидаты болған. Мәслихат хатшысы болып Әнес Ізтілеуов қайта сайланған және индустриалдық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік және жастар ісі, нормативтік-құқықтық және жұртшылықпен байланыс, экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі төрт тұрақты комиссия құрылған. Бірнеше қалалық бағдарламалар, атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлік, жастар саясаты жөнінде, дене шынықтыру және спорт, мәдениет саласын дамыту, қаланың аула аумақтарын абаттандыру, жеделсаты шаруашылығын дамыту және жаңғырту бағдарламалары бекітілген. Орал қаласын 2015 жылға дейін дамыту стратегиясы дайындалған. Бұл кезде қалалық мәслихат депутаттарының жұмысы алдыңғы буынның отандық және шетелдегі депутаттар тәжірибесін кеңінен пайдалануымен ерекшеленген. «Біздің қала» атты депутаттық қоғамдық бірлестік құрылып, атқарушы билік пен қала тұрғындарының бірлескен күшімен қоғамдық муниципалдық бірлестіктер жасақталған.
Бесінші шақырылымның (2012-2016 жж.) І сессиясын қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Абулхатин ашып, Орал қалалық мәслихатына 20 депутат сайланғаны, оның ішінде, ұлттық құрам бойынша: 13 қазақ (65%), 5 орыс (25%), 1 кәріс (5%), 1 армян (5%), білімі бойынша: 19 жоғары білімді, 1 арнаулы орта білімді, 16 ер адам, 4 әйел адам бары туралы ақпарат берген. Орал қалалық мәслихатының хатшысы болып А. Шыныбеков сайланады. Кейін 2015 жылғы 5 шілдедегі кезектен тыс 15-ші сессияда Орал қалалық мәслихатының хатшысы болып №3 сайлау округінің депутаты М.Сатыбалдиев сайланады. Бұл шақырылымның депутаттары да өз қызметінде қала өміріне байланысты ұйымдастыру шараларын кеңінен жүргізіп, сайлаушылармен кездесіп, өздерінің тарапынан атқарылған жұмыстар туралы тұрақты түрде есеп беріп тұрған. Қала тұрғындарының сан алуан мәселелерін шешуде депутаттар – Ш. Құрманалина, М.Берген, А.Амирханян, В.Михно, Л.Тұрсынова, Қ.Кощанов және басқаларының белсенділігі жоғары болған. Тұрақты комиссиялардың көшпелі отырыстарын өткізу жолға қойылып, көшпелі отырыстар коммуналдық кәсіпорындарда өткізіліп, мекемелердің басшыларының есептері тыңдалған.
Алтыншы шақырылым (2016-2020 ж ж). Бұл шақырылымның бірінші сессиясын ашқан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Айгул Төкешевның ақпаратына сай мәслихатқа 20 депутат сайланған. Оның құрамында 14 қазақ (70%), 3 орыс (15%), 1 татар (5%), 1 әзірбайжан (5%), 1 украин (5%) ұлттары болған. 19-ы жоғары, 1-еуі арнаулы орта білімді 16 ер адам, 4 әйел адам болды. Сала бойынша: 13 кәсіпкер, 3 мұғалім, 3 өнеркәсіп, 1 денсаулық сақтау ұйымының өкілі болған.
Орал қалалық мәслихатының хатшысы болып А. Әубекеров сайланған. Индустриалдық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік және жастар ісі жөніндегі, нормативтік-құқықтық және жұртшылықпен байланыс, экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөнінде төрт тұрақты комиссия құрылған.
Депутаттар мәслихаттың тұрақты комиссияларындағы қызметінен басқа өз сайлау округтерінде үлкен жұмыстар атқарды. Жолдарды жөндеу және жарықтандыру, аумақтарды абаттандыру, ардагерлерді қолдау, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелерде халық қалаулылары – В. Михно, Т. Тлемісов, А. Сәлиева, Л. Рысбекова, А. Бисенов, В. Крылов және өзгелері белсенділік танытты.
Жетінші шақырылымның (2021-2025 жж.) бірінші сессиясын қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Бекқайыр ашып, 22 депутат Орал қалалық мәслихатына сайланғанын хабарлады. Оның ішінде «Nur Otan» партиясынан 17 адам (78%), «Ауыл» партиясынан 3 адам (13%), «Ақ жол» партиясынан 2 адам (9%) болған. Ұлттық құрамында 16 қазақ (72%), 5 орыс (23%), 1 украин (5%) ұлты өкілдері бар. Депутаттардың орта жасы елуде, барлығы – 16 ер адам, 6 әйел адам. Халық қалаулыларының біреуі ғылым докторы болса, екі адам – ғылым кандидаты. 11 адам сала бойынша бюджеттік ұйымдардан, 11 адам бюджеттік емес ұйымдардан сайланған.
Мәслихат хатшысы болып Есентай Қалиев сайланды. Сонымен қатар индустриалдық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік және жастар ісі жөніндегі, нормативтік-құқықтық және жұртшылықпен байланыс, экономика, бюджет және қаржы мәселелері бойынша төрт тұрақты комиссия құрылды. Депутаттық корпуста кәсіп иелері де, әлеуметтік сала өкілдері де бірлесе жүріп, сайлаушылардың мүдделерін тиісті құрылым алдында білдіріп, атқарушы өкілдермен бірге әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси міндеттерді орындауда. Қала өміріне етене араласып, тұрғындарға қолдау беретін, үнемі өз ұсыныстарын ашық айтатын кәсіпкерлер ретінде Н.Ашықованы («Ляззат» ЖК), Ж. Кенжинаны («ДСК Приоритет» ЖШС), В. Юркевичті («БатысДилижанс» ЖШС) атауға болады. Әлеуметтік сала өкілдері ретінде қоғамдық істерде де, тұрғындарды қолдауда да белсенділігі жоғары депутаттар – С.Мұхамбеталиев, К.Нұршенов, Т.Ажғалиев, А. Ғұбашева, А.Маратова, А.Туркинамен бірге қызмет істеп келеміз. Халық қалаулыларының әрқайсысы өздерінің негізгі жұмыстарымен қатар тұрғындардың түйткілді мәселелерін шешуде, депутат ретіндегі жобаларын жүзеге асыруда нақты істер атқаруда.
Биыл депутаттардың ұсынысымен екі айда бір рет «Депутаттық сағат» өткізу тәжірибеге енгізілді. Оның отырысы алдын ала жоспарланып, қала тұрғындарынан түскен және әлеуметтік желілерде көтерілген, азаматтарды қабылдау кезінде көтерілген сұрақтар бойынша қала әкімдігінің бөлім басшыларының есептері тыңдалады. Депутаттар қолданыстағы пәтер иелерінің кооперативтері алдағы кезде мүлік иелерінің бірлестіктеріне немесе қарапайым серіктестікке ауысатынына байланысты тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қазір қызмет етіп жатқан пәтер иелерінің кооперативтерін 2022 жылғы 1 шілдеге дейін қайта құру қажет. 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды тұғырнаманың орындалуы тұрақты комиссиялардың басты назарында. Сонымен қатар бекітілген кестеге сәйкес депутаттар өз округтарындағы кездесулерін, «Nur Otan» фракциясы депутаттары ретінде азаматтарды қабылдау, тікелей эфирде сұхбат беру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады. Депутаттар жұмысының ашықтығы әлеуметтік желілердегі белсенді қызметтерден де көрінеді.
Мәслихаттың осы аралықтағы жұмыс тәжірибесі мен тарихын талдау барысында қай кезеңде де қоғамдағы өзгерістерге байланысты оның басым бағыттары болғанымен, негізінен жұмыс ұстанымы айқын және кәсіби шыңдалғанын көруге болады. Әр шақырылымның депутаттар құрамы қоғамдағы беделді, белсенді, айтары бар адамдардан құрылып, қала тұрғындарының мүддесі үшін қызмет атқарғаны сөзсіз. Халық қалаулылары өз кезегінде бұған дейінгі оң істерді саралап, тиімді тәжірибелерді негізге алып отырады. Қала мәслихатының депутаттары қала тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп, көпшілік тыңдауларды, тұрақты комиссиялардың көшпелі отырыстарын өткізуді жалғастырады.
Светлана Бахишева,
Орал қалалық мәслихатының депутаты,
әлеуметтік мәселелер мен жастар ісі жөніндегі тұрақты
комиссияның төрайымы