Жуырда облыс әкімдігі ғимаратының «Астана» залында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен облыс активі өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында алға қойған мақсат-міндетті іске асыру барысы талқыланды.

- Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы Мемлекет басшысының халыққа арналған Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, жаңа тарихи кезеңнің басталғанын көрсетті. Атап айтқанда, өңірлерге қомақты жеке инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру, көлік-логистиканы одан әрі дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, экономиканы жан-жақты әртараптандыру, цифрлық технологияларды енгізу және тағы басқалары бар. Жолдауда жарияланған міндеттер еліміздің одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды және осы тапсырмаларды орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді алқалы жиынды сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Өңір басшысы өткен жылы облыс экономикасының барлық саласы бойынша тұрақты өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. Биыл да негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады.
– Өңір экономикасына тоғыз айда 483 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 80%-ын (391 млрд теңге) жеке инвестиция құрады. 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысында 437,1 млрд теңге, жеке инвестиция 387,2 млрд немесе 88,6% болды. Шетелдік инвестицияларды тарту үшін өзім бастаған облыс делегациясы ағымдағы жылдың шілде және қыркүйек айларында Қытай Халық Республикасына барып, әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде машина жасау, құрылыс индустриясы, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығына қатысты 19 инвестициялық компаниямен 21 меморандумға (газ турбиналы электрстансасының құрылысы, құрғақ құрылыс қоспалары мен адгезивтер өндірісі, аутоклавтық газ бетон өндірісі, қабырға панельдері мен құрылыс материалдарын өндіру және басқа да жобалар) қол қойылды. 2025-2030 жылдары жалпы құны 4,4 трлн теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 73 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Соның ішінде тек 2025 жылдың өзінде құны 56,9 млрд теңгеге тең 35 жоба іске қосылады. Жыл басынан бері құны 5,8 млрд теңгеге алты жоба жүзеге асырылды, – деді өңір басшысы.
Ірі инвестициялық жобалар:
– Қытайлық инвестордың қатысуымен «Batys POWER» ЖШС газ турбиналы электр стансасын 414 МВт дейін кеңейту жоспарланды. Жобаның алдын ала құны – 386 млрд теңге.
– «ZhaikPetroleumLtd» ЖШС мен қытайлық «Foshan City Construction Engineering Co» компаниясының қатысуымен қуаты жылына 130 мың тонна болатын «Метанол өндіру бойынша газ-химия кешенінің құрылысы» жобасын іске асыру басталды. Жобаның жалпы құны – 78 млрд теңге.
– «Конденсат» АҚ – «Мотор майларын өндіруді модернизациялау» жобасы, құны – 1,5 млрд теңге.
– Қытайдың «VEGA POWER» компаниясының газтурбиналы электр стансасын «Евразия» идустриялық аймағында салу жобасы. Жобаның құны – 82 млрд теңге.
– Еліміздегі калий өндіретін «Qazaq Kalium Ltd» компаниясының «Сатимола» калий тұздары кен орнында калий тұздарын өндіру кешенін салу жобасы. Құны – 1,6 трлн теңге.
Нариман Төреғалиұлы облыстың барша инвестор үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инновациялық жобаларды қолдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.
Жәнібек ауданында 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд 155 млн теңгеге өсіп, жоспар 166%-ға орындалды. Биыл ауданға жеке қаражат есебінен 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Аталған аудан әкімі Тимур Шиниязов енді осы межеге жету үшін жыл соңына дейін жалпы құны 5,8 млрд теңге болатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланғанын баяндады.
– «ЭкоКлаб» ЖШС тері өңдеу зауыты – аудан үшін бұрын-соңды болмаған тың жоба. Құны 630 млн теңге болатын аталған кәсіпорын іске қосылғанда ай сайын жиналатын 400 тонна теріден 200 тонна малазықтық қоспа өндіріледі. Және 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік қолдау аясында «АгроКомплексАрсен» ЖШС екпе шөп егуге арналған инфрақұрылым жобасын қолға алды. Құны 450 млн теңге болатын бұл бастама толық орындалған жағдайда ауданның оңтүстік ауылдары мал азығын жинау науқанында 37 500 центнер құнарлы жем-шөппен қамтамасыз етіледі, – деді Тимур Шиниязов.
Жәнібек ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда түрлі бағыттағы 67 жоба несиелендіріліп, 60 жұмыс орны ашылды. Биыл аталған бағдарламаға 46 аудан тұрғыны, төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қатысуда.
Келесі сөз кезегін алған Бәйтерек ауданы Макаров ауылдық округінің әкімі Еркін Әбілкәкімов 2022 жылы құрылған «Аманат – 22» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің тәжірибесін ортаға салды. Құрамында 96 отбасы бар кооператив сүт, құс және көкөніс шаруашылығы бағыттарында еңбек етуде. 2023 жылы ауыл тұрғындары «Жастық» ЖШС-ға әр литрін 200 теңгеден 325 907 литр сүт тапсырған. Жалпы 65 млн 181 мың 330 теңге табыс тапқан. Сүттің әр литріне 20 теңгеден берілген субсидия көлемі 6 млн 518 мың теңге болды. 2024 жылы 367 636 литр сүт тапсырып, 73 млн 527 мың 220 теңге кіріс кіргізген. Субсидия көлемі – 7 млн 352 мың теңге. Биылғы бірінші жартыжылдықта 181 402 литр сүт тапсырып, 36 млн 280 мың 400 теңге табыс тапты. Субсидия көлемі 3 млн 628 мың теңге болды. Екінші құс шаруашылығы бойынша округте 10 мың басқа арналған шағын құс фабрикасы бар. Онда жеті ауыл тұрғыны – кооператив мүшелері еңбек етуде. Үшінші бағыт көкөніс шаруашылығына 19 аула тартылған. Кооператив көктемгі егіс жұмыстарына көмек көрсетіп, қазіргі кезде жиналған өнімді өткізуге қолдау жасауда. Келісі 100 теңгеден 30 тонна қырыққабат Ақтау қаласына, 75 тонна қоймаға тапсырылды. Одан түскен ақша шаруаларға берілді. Бұл күндері 150 тонна қырыққабатты өткізу ұйымдастырылуда. Көкөніс өсіретін аулаларға орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде. Ауыл болып асқабақ, сәбіз, қырыққабат, қызылша еккен. Өнімді «ҚПО б.в.» компаниясына жеткізіп отырған. Облыс әкімі аталған округ халқының ауызбіршілігін атап өтіп, мұндай өнегелі іске ұйытқы болған округ әкіінің еңбегін көпшілікке үлгі етті.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау үшін өңірлердің белсенді ұстанымы мен жоғары жауапкершілігі шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Мәлік Нұржанұлы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға беріп, инвестиция тартуда да озық келе жатқанын айтты. Президент Жолдауында белгіленген басым бағыттарды тиімді жүзеге асыру үшін барлық салада жүйелі және үйлесімді жұмыс қажет екенін атап өтті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында экономикадағы, мемлекеттік басқарудағы, әлеуметтік саладағы негізгі міндеттерді шешу үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған кешенді реформалар бағдарламасын ұсынды. Ашығын айтайық, Президент бекерден-бекер халықаралық саммиттерге қатысып, шетелдік делегацияларды қабылдап, халықаралық мән-маңызы бар келіссөздерді жүргізіп отырған жоқ. Бүгін әлем тыныш емес, өте күрделі кезеңнен өтудеміз, – деген Мәлік Отарбаев бастысы мемлекеттілікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту және мемлекетшілдік дәстүрді жалғастыру қажет екеніне екпін түсірді. Сонымен қатар сыртқы қауіп-қатерлердің де бар екенін жасырмады. Сондықтан ел болып жұдырықтай жұмылып, алдағы Тәуелсіздіктің 40 жылдығын халық болып атап өту қажеттігін, егемендігімізді мәңгі ету басты мақсат-мұраттардың бірі екеніне мән-маңыз берді.
– Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ, оны көзіміздің қарашығындай сақтап, нығайту – басты міндетіміз. Сол себептен атқарып отырған жұмысымыздың идеологиялық мәнін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Біздің түпкі мақсатымыз осы – Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, тәуелсіздігімізді әрі қарай нығайтуымыз керек. Сондықтан жерді пайдалы игеру, аймақтық тұтастықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деп қорытты сөзін ҚР Президентінің кеңесшісі.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»