18.11.2021, 12:50
Оқылды: 40

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Оралда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтеді

Орал қаласындағы теннис орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 19-21 қараша күндері ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді.

18

Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталмыш додаға еліміздің барлық өңірлерінен 350-дей спортшы қатыспақшы.

«Бұл чемпионаттың маңыздылығы сол, ол Токио олимпиадасына кейін өткелі отыр. Бірқатар дзюдошылар басқа салмақ дәрежелеріне ауысса, кейбіреулері спорттық жолын аяқтап жатыр. Сондықтан осы біріншілікте жаңа есімдер жарқ етеді деп сенеміз. Батыс Қазақстан облысынан да әлем чемпионатына қатысқан Аңсарбек Ғайнуллин, Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы Тоқтар Үмітәлиев секілді спортшылар бар. Оралда ел чемпионаты 2000 жылдан бері өтпеген екен. Осы біріншіліктен кейін Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталатын болады», деді А.Житкеев.

Брифинг барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев соңғы жылдары өңірде дзюдо спортының дамуына жақсы жағдай жасалып отырғанын, айрықша үміт күтетін балуандардың бар екендігін атап өтті.

Айта кетейік, аталмыш спорт түрімен облыста 4 мыңға жуық спортшы айналысады. Олармен 71 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс жасайды. Аңсарбек Ғайнуллин, Тоқтар Үмітәлиев,

Темірлан Көлбай, Нұрсұлтан Зайзағалиев, Карина Такиева сынды спортшылар дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап келеді.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале