18.12.2021, 15:29
Оқылды: 42

Тәуелсіздіктің 30 жылында республикалық маңыздағы жолдардың 12,5 мың шақырымы салынды

1991 жылы Тәуелсіздік алған кезде Қазақстандағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 83,1 мың шақырымды құраған болатын, оның ішінде республикалық желі - 20,2 мың шақырым, ал жергілікті желі – 62,9 мың шақырым. Бүгінде бұл көрсеткіштер өсті.

211209071035326e
Елімізде жалпы пайдаланымдағы жолдардың ұзындығы 96 мың шақырымды құрап отыр, республикалық маңызы бар жолдар – 25 мың шақырым және жергілікті маңызы бар жолдар – 71 мың шақырым. Тәуелсіздіктің 30 жылында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 12,5 мың шақырымға жуығы салынып, реконструкцияланған. Жергілікті желіге келер болсақ, 3 мың шақырым жол салынды және қайта жаңартылды. Сондай-ақ, облыстық және аудандық маңызы бар 27 мың шақырым жол жөнделген.

«Сала осыдан 20 жыл бұрын, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2001 жылды «жолдар жылы» деп жариялаған кезде ерекше серпінмен дами бастады. Жол саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артты, біз халықаралық қаржы институттарымен, атап айтқанда, Азия даму банкімен, Еуропа Қайта Құру және Даму банкімен, Ислам даму банкімен, Халықаралық Қайта Құру және даму банкімен ынтымақтаса бастадық. Тиісінше, жол жұмыстарының көлемі де едәуір ұлғайды», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.

Дәл сол жылы Президенттің Жарлығымен республиканың автожол саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған алғашқы мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын.

Ең ауқымды жоба – жалпы ұзындығы 8400 шақырым болатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін реконструкциялау. Қазақстан аумағы арқылы 2747 шақырымы өтеді. Дәліз – Орталық Азия елдерінің Еуропамен көлік байланысын қамтамасыз етудің ең қысқа жолы. Аталған дәліздің қазіргі балама дәліздермен салыстырғандағы негізгі артықшылығы – жолды еңсеруге кететін уақытында.

Жоба негізгі үш бағыт бойынша жүк тасымалдауды қамтамасыз етті: Қытай – Қазақстан (25%), Қытай – Орталық Азия (35%), Қытай – Қазақстан – Ресей – Батыс Еуропа (40%).

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын іске асыру тұтастай алғанда Қазақстандағы, сондай-ақ жекелеген өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартқаны сөзсіз. Өйткені дәліз республиканың халық тығыз орналасқан бес өңірінің: Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының аумағы арқылы өтеді. Бұл өңірлерде 7,9 млн адам немесе Қазақстан халқының жартысына жуығы тұрады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде 1384 шақырым автожол I санатқа және 1363 шақырым автожол II санатқа ауыстырылды. 121 елді мекенмен сенімді көлік қатынасы қамтамасыз етілді, 24 ірі елді мекенді айналып өту жолдары және ұзындығы 421 шақырым болатын 2 асу салынды.

Осылайша, жобаны іске асырудан түсетін орташа жылдық экономикалық тиімділігі жүк тасымалдары мен транзит көлемдерін 2,5 есеге ұлғайту және жол жүру уақытын 2 есеге қысқарту есебінен 190 млрд теңгеден асады. Бұдан бөлек, жобаның арқасында халықаралық сауда-саттық жанданып, халықаралық қаржы әрі сауда байланысы нығайтылды.

Тағы бір маңызды жоба – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы, ұзындығы 224 км болатын алты жолақты «Нұр-Сұлтан-Щучинск» күре жолының құрылысы. Мұнда 2013 жылы алғаш рет жол жүру ақысын алу жүйесі енгізілді, содан бері көлік тарифтері өзгерген жоқ.

Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде республикалық желі бойынша 3 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланды және 10 мың шақырымға жуық жол жөнделді. Сонымен бірге, жергілікті маңызы бар 15 мың шақырым жол жөнделді. Бұл өңірлердің ұтқырлығын жақсартуға мүмкіндік берді және олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті.

«Нұр-Сұлтан-Қостанай-Челябі», «Омбы-Павлодар», «Алматы-Талдықорған», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Бейнеу-Ақтау», «Щучинск-Көкшетау-Петропавл», «Таскескен-Бақты» сияқты бірқатар ауқымды жобалар, сондай-ақ, Ертіс өзені арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір өткелінің құрылысы аяқталды.

Бес жыл ішінде I және II-техникалық категориялар параметрлері бойынша автожолдардың үлесі 34 пайызға дейін ұлғайтылды, республикалық жолдардың 88 пайызы және жергілікті жолдардың 71 пайызы нормативтік жағдайға келтірілді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале