Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен «Respublica» партиясының және өңірлік мемлекеттік басқару академиясың ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде және «Тaзa Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Орал қаласында ағаш отырғызу шарасы өтті.

Іс-шараға мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі еріктілер қатысып, 80 түп ағаш отырғызды, табиғатқа жанашырлық пен тарихқа тағзымның нақты үлгісін көрсетті.
Департамент басшысы Мұрат Байсалов қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі игі іс – Таза Қазақстанға қосқан үлес қана емес, бұл – өткенге тағзым мен болашаққа үміттің белгісі. Әр отырғызылған ағаш – майдангерлер ерлігіне тағзым әрі бейбіт өмірді бағалаудың көрінісі», – деп атап өтті.

Ағаш отырғызу – бір жағынан экологиялық мәдениетті арттыру, екінші жағынан жас мемлекеттік қызметшілердің азаматтық ұстанымын қалыптастыру құралы ретінде қарастырылды.
Іс-шара барысында қатысушылар соғыс ардагерлерінің ерен ерліктері мен еліміздің бейбіт дамуына қосқан үлесін еске алып, жас ұрпақтың тарихи жадыны сақтауға дайын екенін жеткізді.

«Туған жердің топырағына егілген әр ағаш – бейбіт өмірге деген алғысымыз», – дейді жас қатысушылар.
Мұндай бастамалар экологияны қорғау, патриоттық тәрбиені нығайту және мемлекеттік қызметшінің қоғамдық жауапкершілігін арттыру жолында маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті