24.06.2025, 12:00
Оқылды: 294

«Таза Қазақстанның» көкжиегі кеңеюде

Былтыр «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық  акциясы  аясында қала аумағы мен шағынаудандарды тазалау, көгалдандыру және абаттандыру  жұмысына 49 127 тұрғын атсалысқан. Оған қоса, жоғары, арнайы орта оқу орындарының студенттері және «Жасыл ел» жастар жасағы сенбіліктерге белсенді түрде қатысады. Бұл жөнінде облыстық  қоғамдық даму басқармасының жастар ісі жөніндегі бөлімнің бас маманы Асылай Алтай тарқата айтты.

DSC08587

– Акция басталғалы бері тазалық жұмыстары барысында қала аумағынан  32 579 текше метр қоқыс шығарылды. 20-ға жуық маңызы бар орындардың  айналасынан 320 текше метр қоқыс жиналып,  тазартылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоқыс тазалау жұмысымен ғана шектелмейді. Аталмыш жоба аясында  3 363 көшет отырғызылды. Сонымен қатар базар аумағында және сауда орындарында тазалық сақтау маңызды екені туралы бірнеше түсіндірме жұмысы жүргізілді. Қала аумағы бойынша 24 тексеру тобы жасақталып, мәслихат депутаттары, жергілікті полиция қызметкерлері жауапты болып бекітілді. Жауапты мамандар өзіне тиесілі аумақтың әр көшесін аралап, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарға, тұрғын үй аулаларына мониторинг жүргізілді. Тазалыққа немқұрайлы қараған азаматтарға ескерту жасалып, оны орындамағандар жауапкершілікке тартылды.

2024 жылы Қазақстан  Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің:

– 505 бабы (абаттандыру ережесі) бойынша 4 250   дерек анықталып, 1-тармағы бойынша 1 606 020  теңге көлемінде 32 айыппұл,  2-тармағы бойынша 387 660 теңге көлемінде  5 айыппұл;

– 434-2 бабы (қоғамдық орынды ластау) бойынша 96 392 675 теңге көлемінде 5 446  айыппұл  көзделген.

«Таза Қазақстан» телеграм боты – тұрғындардың өтініш-шағымын қабылдайды. Былтырғы жылы 159 өтінім түсіп, толықтай орындалды. Бұл өтінімдер шағым түскен аумаққа жауапты әкімдіктер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жолданады. «Таза Қазақстан» телеграм боты арқылы 2025 жылдың басынан 72 өтінім түсті. Өтінімдердің басым көпшілігі қоқыс шығару, санитарлық тазалық, жарық мәселелері турасында. Қазіргі таңда барлық шағым толықтай орындалды, – деді бас маман.

Биыл «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала аумағында әр сенбі сайын  сенбіліктер өткен. Тазалық  жұмыстарына 5 000 адам, оның ішінде жоғары, арнайы оқу орындарының студенттері жұмылдырылған.

– Орал қаласының аумағынан 11 975 текше метр қоқыс жиналып шығарылды. Оның ішінде: Деркөл кентінде  310 текше метр, Желаев ауылдық округінде 885 текше метр, Зашаған кентінде 600 текше метр, Круглоозерный кентінде 500 текше метр  қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, шығарылды. Қала аумағынан 9500 текше метр  қоқыс полигонға төгілді. Сондай-ақ қала бойынша  18 804 ағаш отырғызылды, – деді Асылай Алтай.

Бүгінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмысы, тазалық іс-шаралары жалғасын табуда.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале