10.04.2022, 17:10
Оқылды: 52

«Таза жүріп, адал еңбек еткен азамат еді...»

 Биыл Жұбан еліндегі іргелі ауылдардың бірі – Есенсайдың құрылғанына 90 жыл толғалы отыр. Атакүлдігім осы мекен болғандықтан, туған ауылымның өзім білетін бір азаматы жайлы сыр тарқатпақшымын. Өйткені ол да сонау бір жылдарда Есенсайдың өсіп-өркендеп, дамуына, іргелі ел болуына маңдай терін сыпырып жүріп еңбек еткендердің бірі. Мал шаруашылығы саласында жұмыс істеген оны мен көре қалдым, қатар жүріп еңбек еттік. Ол азамат – Бегеев Ізбасар Нығыметұлы. Бүгінде өмірде жоқ болса да, аруағы риза болсын деген қазақы дәстүрмен қолыма қалам алдым.

ADE3D54A-B490-461E-B970-E894C0B51E67

Ізекең соғыс басталғанда бес жасар бала екен. Арасында әкесі Нығымет те бар ауылдың бір топ азаматын соғысқа шығарып салғаны еміс-еміс есінде қалыпты. Сөйткен қайран әке қайтып оралмады, 1943 жылы «Ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келді. Сол күннен бастап сегіз жасар бала тез есейіп кеткендей болды. Иә, ол кезде жалғыз Ізбасардың ғана емес,  сол бір қаһарлы жылдар талай баланың бал шағын ұрлап, ерте есейтті ғой. Бұғаналары қатпай жатып, еңбекке араласты.  Сол кездегі Чапаев ауданына қарасты Қаршы ауылындағы орта мектепті жақсы оқып бітірді. Анасы «Оқимын» деген баласын бетінен қаққан жоқ. Соның арқасында Ізбасар  Орал қаласындағы орта деңгейлі мал дәрігерлік оқуды тәмамдады. Сол бойда «Есенсай» совхозының Дәуренбай бөлімшесіне мал санитары болып орналасты. Алғашқы күннен-ақ тыным таппай еңбектенді. Ол кезде техника тапшы, машина, трактор дегендеріңіз сирек. Мал санитары Ізбасарға ат-арба бекітіліп берілді. Қыста ол ат-шанаға айналады. Міне, сол көлігімен Ізбасар  қысы-жазы малшыларды тынымсыз аралайтын. Төрт түлік малды жыл-он екі ай тексеріп отырмаса болмайды. Ауру, індет деген аяқ астында. Уақытында, мерзімінде тиісті ем-домдарын жасап, мал арасында кездесіп қалатын індеттердің алдын алып отыру керек. Жас маман сол міндеттерін мүлтіксіз орындады.

Ізбасар ағамыз өзі еңбек етіп жатқан сол Дәуренбайдан күндердің күнінде өмірлік қосағын кездестірді. Көп ұзамай сол ауылдың  бойжеткені Қуанғалиева Нәсіппен болашақ күндеріне бірге ат-
танды. Үйлі-баранды болса да, «Оқысам»  деп армандайтын.  Ақыры, сол арманына жетті. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Саратов мемлекеттік мал дәрігерлік институтына сырттай оқуға түсті. Жігерлі де еңбекқор жас маман оны да оқып бітірді. Бұл кезде мал санитары  Бегеевтің аты тек Есенсай ауылында ғана емес, ауданда да біркелкі белгілі болып қалған еді. Облыстағы ауыл шаруашылығына қатысты мекемелер де Бегеевті жақсы білетін. Соның арқасы шығар, көп ұзамай жас маман «Есенсай» совхозының бас мал дәрігері қызметіне тағайындалады. Міне, осы қызметін Ізекең 40 жылға жуық мінсіз атқарды. Ол жылдарда «Есенсай» совхозы қазақ «ақ қой» деп атап кеткен меринос қойын өсіретін. Бұл өзі бабы күшті,  бағымы  мен  күтімі қатты,  бейнеті мол, тынымсыз еңбекті қажет ететін түлік болатын. Төлі  қызыл шақа, әлсіз болып туады. Оны енесінің бауырына салып, соңынан ілестіру деген малшылар мен мал мамандары үшін жатқан бір машақат. Бірақ аса бағалы жүніне деген сұраныс ол кезде сұмдық болғандықтан, ол қойдан, төлінен шығын бермеу керек. Міне, сол жылдарда Ізбасар бастаған малшыларға  осынау кірпияз түлікті бағып-қағу бейнеті бұйырған еді. Олар бұл сынақты мойымай көтерді. Бірақ күндердің күнінде қойлар өзінен өзі азып, жадап-жүдей бастады. Бара-бара азықтанулары шамалап, отарларда өлім-жітім кездесті. Ұйқы-күлкіні ұмытқан Ізбасар қойларды мұқият тексере бастады. Ұзақ қарап, пәленің қайдан келгенін анықтады. Сөйтсе, бәріне кінәлі ақ селеу шөп. Ол қойдың тамағына, денесіне инеше қадалады екен де әрі қарай ақырындап кіре береді екен. Сөйтіп, әсіресе, тамағына қадалғандары қойдың түбіне жетіп тынады. Ізекең малды ақ селеу өскен жерге мүлдем жайдырмайтын болды. Тағы бір жаманы – бұған ешқандай дәрі-дәрмек, ем-дом көмектесе алмайды. Сондықтан қойлардың үстін қолмен тазалауға шұғыл кірісті. Оған қойшылардан бастап, барлық адамдарды жапты. Екі-үш күн бойы қарқынды жүрген жұмыстың арқасында  отарлар аман қалды. Ол жылдарда шаруашылықты Темірбек Әбдешев басқаратын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған бұл азамат та Есенсайдың өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірген жан еді. Ізбасар сол кісіге өзінің ұсынысын айта отырып, шаруашылықтың шетінен жаңадан, соңғы үлгідегі  қой қырқым пунктін салдырды. Оны қырықтыққа қажет қондырғылармен жабдықтатты. Әлгі пунктте қырықтықшыларға асхана, жуынатын бөлмеге дейін болды. Ізекеңнің бас-көз болуымен қойларды тоғытатын арнайы бассейн-кубка салынды. Тағы бір айта кететіні, Ізбасар Бегеев тек қоғам малын емес, жекенің малының да амандығына бір кісідей еңбек сіңіргенін біз көре қалдық. Ол үшін демалыс күндері демалып жатпай, жекенің малын белгілі бір орында өзі күні бұрын белгілеген уақытта қарап, ем-домдарын жасап, дәрі-дәрмектерін беріп отыратын. Соның арқасы шығар, сол жылдарда Есенсайдың малының арасында індет-ауру кездеспейтін. Бұған қоса, шаруашылық мал басын аман сақтап, өз төлі есебінен өсіруден үлкен табысқа қол жеткізді. Аудан бойынша озат атанып, бірнеше рет ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Мұнда қарапайым мал дәрігері Ізбасар Бегеевтің де қосқан үлесі зор болатын. Ізбасар Нығыметұлының көзін көре қалған, қатар еңбек еткен «Есенсай» совхозы партия ұйымының хатшысы болған Қайырғали Уәлиев, бас инженер Нұрлан Құсановтар Ізекеңді ылғи еске алып отырады. «Таза жүріп, адал еңбек еткен азамат еді...» дейді. Торқалы 90-ға толғалы жатқан Есенсайдың тойында бұл азаматты да еске алып отырайық деп осы мақаланы ақ қағазға түсіріп едім...

 Мұрат Тұйғынбетов,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале