Қақаған қыста қар күреп, жаздың аптап күндері қоқыс жинау, аялдамалардың маңын сыпыру – 57 жастағы Күләш Төлеуованың үйреншікті жұмысы. Қара жұмыстан қашпайтын елгезек жанның «Жайық таза қала» ЖШС-ында жұмыс істеп жүргеніне – 23 жыл.
Замандасым Күләш Қызылорда облысының Арал ауданындағы Қасқақұлан ауылында дүниеге келді. Мектепті Қаратерең деген ауылдан бітірді. Балалық шағы бүгінде сағынышқа айналған, сол бір кездері шалқып жатқан Арал теңізінің жағасында өтті. Әке-шешесі қарапайым адамдар еді, тоғыз баланы тәрбиелеп өсіріп, аяқтандырды. «Әкем Алпысбайдың бір қолы жансыз-тұғын, бала кезінен мүгедек еді. Соған қарамастан балық аулайтын, қайық жасайтын. Өз өнегесімен ұл-қыздарын еңбекке баулыды. Қайық жасауға біз, балалары жанымыз қалмай жүгіріп жүріп көмектесетінбіз. Оқып, мамандық алуға мүмкіндігім болмады. Алайда ата-анамның берген тәрбиесінің арқасында нанымды адал тауып жүрмін. Адамды атақ-абыройына, қызметіне, жасы мен жағдайына қарап емес, жалпы адам баласы деп құрметпен қарауды бала кезімде үйретті. Өзгені сыйлаудан кішірейіп қалғаным жоқ», – деді Күләш.
Кейіпкерім Орал қаласына 1987 жылы келіпті. Ет комбинаты шағын-ауданындағы Р. Землячка атындағы былғары зауытында жұмыс істеді. Сонда жүріп тұрмысқа шықты. Жұбайы Тезекбай Есенұлы да осы кәсіпорында 12 жыл қосағымен бірге жұмыс істеді. Кейін денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауысты. Қазір зейнет демалысында. Екеуінің бес ұл-қызы бар. Бүгінде ұрпағының қызығын көруде.
– Мұнда жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдан асты. Бірақ ешуақытта басқа жұмысқа ауысамын деп ойлаған емеспін. Бір жерде тұрақты жұмыс істеген соң ба, әйтеуір үйреніп қалыппын. Ұжымым тату, басшыларымыз қамқор. Әріптестерім мені құрметтейді. Бір-бірімізге түсіністікпен қарап, көмектесіп жүреміз. Жас кезімізде абыройлы болу үшін еңбек етсек, енді абырой бізге қызмет етеді. Менің жұмысымның бір артықшылығы бар: таза ауа жұтасың әрі денең қимылдайды. Бұл да бір гимнастика ғой. Оған қоса осы жұмыс үшін жалақы аласың, – деп жымияды Күләш Алпысбайқызы.
Қазір кәсіпорында 40-тан астам бригада болса, солардың құрамында 500-дей жұмысшы бар. Олар жылдың төрт маусымында еңбек етеді. Жұмыстары таңертеңгі 7:30-да басталады, сағат 12-ден екіге дейін түскі үзіліске шығады, содан кейін кешкі беске дейін тынымсыз жұмыс істейді. Кейіпкеріміз жұмысымыз қиын емес десе де, боранды күндері қар күреу, көктемгі лайсаңда күнбе-күн көше тазалау екінің бірінің қолынан келмейді. Әр жұмысшыға жұмыс учаскесі бекітілген. Әркім өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауап береді, қоқыс жәшіктерін тазалайды, жаяу жүргіншілер жолдарының және аялдамалардың қарын күреп, мұзын ояды.
– Біздің кәсіпорында ылғи еңбекқор жандар жұмыс істейді. Қаламыздың таза болуы үшін бар күшімізді саламыз. Айналамыздың таза болғаны кім-кімге де жақсы ғой. Президент биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Еңбек адамдарын құрметтеуді, олардың еңбегін насихаттауды тапсырды. Қарапайым еңбек адамдарынсыз қоғамның дамуын елестету қиын. Жұрттың бәрі оқып, мансап қуып кетсе, айналамызды кім тазалайды? Бізге жастар жұмысқа келеді. Өкінішке қарай, жұмыстың жүктемесіне шыдамай кетіп қалады, – деді Күләш. Ол жас ұрпақтың үлкенді сыйлап, қоршаған ортасына мейіріммен қарағанын, қаланы да үйіндей көріп, таза ұстағанын қалайды. Өйткені қала да, көше де жалғыз Отанымыздың бір бөлшегі емес пе?!
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»