27.03.2018, 17:10
Оқылды: 82

Театр әртісіне құрмет көрсетілді

IMG_2077Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында әртістік қызмет атқарған сахна шебері Тельман Имашевтың тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінді. Игі шараға  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, зиялы қауым өкілдері, әртістің зайыбы Слана Имашева мен марқұмның туысқандары  қатысты.

Шара барысында сөз алғандар әртістің жүріс-тұрысынан, сөйлеген әрбір сөзінен тектілік есіп тұратынын айтып, оның өмірі мен өнер жолын еске алды. Тельман Сатқанұлы 1956 жылы Қазталов ауданының Қараоба ауылдық округінде дүниеге келген. Оның өнерге деген махаббаты мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ байқала бастаған. Әскери борышын өтеп келген соң 1981 жылы Т. Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтының актерлық бөліміне оқуға түсіп, сахна тарланы Хадиша Бөкеевадан тәлім алған. Әртістің шоқтығы биік рөлдері Т. Ахтановтың «Ант» тарихи драмасындағы Әбілқайыр хан бейнесі және Иран Ғайыптың «Махамбет» поэтикалық трагедиясындағы Жәңгір хан рөлдері болған. Ол әр сахналық бейненің жүз құбылысын өте шебер сомдап, сәтті суреттеген.

IMG_2089- Біз жанұяда алты бала болдық. Тельман төртіншісі еді. Небары 48 жасында өмірден озды. Оның театрға, өнерге деген адалдығы, кейіпкерінің жан дүниесін аша білетін алғырлығы көрерменнің есінде мәңгі сақталады деп сенеміз. Тельман тұрған үйге ескерткіш тақта іліп, құрмет көрсеткен мәдениет басқармасына және Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының ұжымына отбасымыздың атынан алғыс білдіремін, – деді марқұмның  бауыры Қуаныш Имашев.

Жиналғандар шара соңында ескерткіш тақтаның алдына гүл шоқтарын қойды.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Фото Темірболат Тоқмамбет

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале