26.12.2022, 10:45
Оқылды: 10

Театр сахнасында – «Сырым батыр»

Өткен аптада Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрда «Сырым батыр» пьесасының премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Дара» төсбелгісінің иегері Самал Әбуов, қоюшы суретші  –  ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «Дара»  төсбелгісінің иегері Әсемгүл Төлепберген.

1C3A7134

«Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық театры ұсынған қойылымда  ұлт тарихының іргелі бір бөлігі сипатталған. Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, ел тарихынан орын алған ұлы тұлға Сырым Датұлының 280 жылдығына арналған қойылым көрермен көңілінен шықты.

– Белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы мен жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың дала кемеңгері Сырым Датұлының туғанына 280  жылдығына орай «Сырым батыр» тарихи драмасын сахналадым. Қойылымды бір айдай дайындадық. Қойылым кейіпкерлерін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің» қызметкерлері ойнады. Олар кәсіби актерлар болмаса да, әр кейіпкер өзіне берілген рөлге шынайы дайындалып, өз деңгейінде алып шықты. Күллі қазақтың батыры, ел  мен жер, қазақтың рухы үшін айқасып өткен батырды сахналау – біз үшін Сырым бабамыздың рухы алдындағы қарызымыз, өскелең ұрпақ алдындағы парызымыз, – дейді қойылымның режиссері Самал Әбуов.

Премьерадан соң сахнаға көтерілген Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов жас театрға өз ризашылығын білдірсе, Сырым ауданы әкімінің  орынбасары Артур Шерғалиев Сырым елі атынан Серік Тоқмамбетов бастаған өнер  ұжымына сый-сияпат табыс етті. Облыстық Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Б. Халиолла қоюшы режиссер С. Әбуов пен  Сырым батыр рөлін жоғары деңгейде алып шыққаны үшін Ж. Мағауияұлын  «Сырым батыр» төсбелгісімен марапаттады.

Үздік тарихи қойылымымен көрерменді тәнті еткен «Алтын Орда»  балалар мен жасөспірімдер театры ұжымына жиылған жұртшылық ризашылықпен қол соғып, құрмет көрсетті.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz

Суретті түсірген Виктор Предыбайло

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале