9.06.2022, 10:45
Оқылды: 182

«Театрдың ғажайып әлемі»

Осы аптада өңірімізде «Театрдың ғажайып әлемі» атты Батыс аймақтық балалар театрының фестивалі өтті. Фестивальға Атырау, Ақтөбе облыстарынан және облыс орталығы мен аудандардан 11 балалар театры қатысты.

5Q5A3143

Фестиваль басталмас бұрын жасөспірім-көкөрім өнерпаздарды, олардың жетекшілері мен режиссерларын ұйымдастырушылар қабылдады.

Балалар жылы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы, сондай-ақ КСРО және Қазақстанның халық әртісі, кино және театр актрисасы, жерлесіміз Х.Бөкееваның 105 жылдығына орай ұйымдастырылған балалар театрының фестивалін тамашалауға жас өрендер көп жиналды. Екі күнге созылған өнер фестивалі облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдени-ағарту бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, театр фестивалінің негізгі мақсаты – қойылым арқылы балғын көрермендерге ұлттық рухта патриоттық тәрбие беру, балалар драматургиясына қалам тартып жүрген жасөспірімдерге қолдау көрсету, тәжірибе алмасу.

Шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Қоғамға бала көзімен қарағанда...

Облыстық Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрын екі күн бойы шуаққа бөлеген балалар театрының фестивалінде өнерді жастайынан серік еткен жеткіншектерді көріп қуанып қалдық. Балғын өнерпаздардың өнерге ұмтылысы, өз рөлдеріне жауапкершілікпен дайындалуы көрерменді тәнті етті. Екі күн бойы залда ине шаншар орын болмады. Қойылымды көруге келген ұлы бар, қызы бар, балауса көрермендер орын болмағандықтан, баспалдаққа отырып тамашалап, өздері құралпы өнерпаздарға қуана қол соқты. Фестивальдің шымылдығы Қаратөбе аудандық «Оскар» балалар театры дайындаған «Жоғарыдағылар» қойылымымен ашылды. Бар болғаны төрт бала ойнайтын шағын қойылымның көтерген жүгі ауыр.  Әлдебір байқаудан әуе шарымен серуенге жолдама алған жетім балалар мұғаліммен бірге әуеге жол тартады. Жоғарыдан төменге көз салған балалар өздері тұратын шағын ауылдағы құлап жатқан мәдениет үйі, көше тазалығы сықылды түрлі мәселелерді қозғайды.  Өскен соң ауылдағы қиын жағдайды шешуге атсалыспақ болады. Шап-шағын қойылымда бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселелер бала көзімен, бала тілімен көрермен жүрегіне жол тартты. Көрерменді бір күлдіріп, бір жылатқан қойылым балаларға шынайылығымен ұнады. Менімен бірге театр фестиваліне барған он жасар ұлым «Мына балалар детский домда тұра ма? Олардың папа-мамасы жоқ па?» деп сұрап, аяушылық танытты. Осыдан-ақ қойылымның нанымды, сәтті шыққанын байқауға болады.

Сырым аудандық мәдени-демалыс орталығы сахналаған «Жауапсыздық тағдыр тәлкегі» қойылымында балалар темекі шегіп, арақ ішіп, қолы босаса, карта ойнайтын ата-аналарды сомдап, бала көргенін жасайтынын меңзеп, көрермен назарына ұсынды. Ақтөбелік «All–Art» балалар және жас-өспірімдер театры ұсынған А.Чеховтың «Қараңғылық» қойылымында да өмірдегі әділетсіздік, сыбайластық сынға алынған. Оралдық «Алтын орда» балалар театры сахналаған табиғат пен адам арасындағы байланыс әдемі өрілген «Қоңырау» ертегісі балаларға ерекше әсер сыйлады.

Жалпы, сахналанған қойылымдардың бәрінде дерлік балалар ынта-ықыласымен беріле өнер көрсетті. Олар өз үні арқылы қоғамға, үлкендерге ой салуға талпынды. Сахнада өрілген әр қойылымның айтары бар. Жас жеткіншектердің қаршадай кезінен көркем әдебиетке, өнерге құштар болып өсуі үшін балалар театрын бұдан әрі жетілдіріп, дамыту қажет десті үлкендер. Қысқасы, сахнаға шыққан өнерпаз балғындар да, олардың өнерін тамашалауға келген құрбы-құрдастары да театрдың ғажап әлемімен тыныстап, көкейлеріне ізгі ой түйіп қайтқаны анық.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!»

Иә, дәл осылай ұл-қызына жігер берген халқымыз әу бастан-ақ алға ұмтылған балапанының қанатын қомдап, биікке ұшуына жағдай жасаған. Өңірімізде екі күн бойы дүркіреп өткен балалар театрының фестивалі қанша баланы қуантып, қанша баланың үміт ұшқынын оятып, арман-мақсатына бір қадам алға басуға жол ашты. Солардың бірі – «Жәмилә» спектакліндегі Оспан бейнесін сомдаған Арғын Сәндіғали. Ол – Ақтөбе облысындағы Н.Байғанин атындағы Темір аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Аманат» жастар театрының мүшесі. Киелі сахнада өнер көрсетіп, күтпеген жерден «Үздік ер бала бейнесі» аталымына ие болған Арғынның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол биыл 11-сыныпқа қадам басқан. «Бүгіннен бастап актер боламын деп шешім қабылдадым. Өйткені осы рөлді сомдау арқылы мен көп нәрсені түсіндім. Бұл фестиваль маған жалын-жігер, керемет құлшыныс сыйлады. Мен бұл күнді ұмытпаймын!», – дейді бізбен қуанышын бөліскен Арғын.

Театр фестивалінің қазылар алқасының төрағасы, Құрмет орденінің иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Еділ Рамазанов балалардың театр өнеріне қызығушылығы жоғары екенін алға тартты.

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп тегін айтпаған аталарымыз. Балаларымызды қаршадайынан ұлттық өнермен сусындатып жүрген ата-аналарға, оларға қолдау көрсетіп, балалар театрының фестивалін өткізген ұйымдастырушыларға  алғысым шексіз. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, әр өңірде балалар театры ашылып, кішкентай өнерпаздардың қазірден сахна мәдениетімен танысуы мені қатты қуантты. Қойылымдардың бәрі дерлік бір-бірінен асып түседі. Біздің мақсатымыз – жас өрендерді қанаттандыру, жігерлендіру. Бүгінгі балғын өнерпаздардың өмірде жақсы адам болып қалыптасатынына сенемін, – деді Еділ Рамазанов өз сөзінде.

Қазылар алқасының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева да жасөспірім өнерпаздардың ынта-ықыласының жоғары деңгейде екенін, тыңғылықты дайындалғандарын атап өтті.

00044

Фестиваль қорытындысында «Үздік қойылым» аталымын Ақтөбе облысының Нұрпейіс Байғанин атындағы Темір аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Аманат» жастар театры, «Үздік ер бала бейнесі» аталымын «Жәмила» спектакліндегі Оспан бейнесін сомдаған  Арғын Сәндіғали, «Үздік қыз бала бейнесі» аталымын «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының Б. Калчыбаева «Қоңырау» ертегісіндегі Кермарал рөлін сомдаушы Елнара Сейтжан, «Үздік ансамбль» аталымын  қалалық білім беру бөлімі Оқушылар сарайының «Мақашева» театры иеленді.

000

Сахнада өнер көрсеткен жас өрендер мен олардың жетекшілеріне арнайы сыйлықтар мен алғысхаттар табыс етілді.

«Театрдың ғажайып әлемі» атты балалар театрының фестиваліне келген бірнеше баланы әңгімеге тарттық. Олардың ішінде фестивалді көру үшін аудан-ауылдан келген балалар да көп екен. Солардың бірі - Ақжайық ауданының Чапаев ауылынан келген 7-сынып оқушысы Маржан Асхатқызы өзіне барлық қойылым ой салғанын айтты. Соның ішінде «Барлық тышқандар ірімшікті жақсы көреді» және «Жәмила» қойылымы қатты әсер еткен. Жыл сайын қалаға қыдырып келетін Маржан әжесімен бірге қаладағы мәдени орындарға, кинотеатрларға жиі барады екен. Ол биылғы жазғы демалыстың ерекше әсермен басталғанына қуанышты екендігін жасырмады. Қаламыздағы №38 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Аруназ Хамза екі күн бойы барлық қойылымды қарап шығыпты. Аруназ – облыстық театрдың тұрақты көрермені екен. Ол қазақ драма театрында қойылған барлық ертегіні көріп үлгерген. Осы жолы кішкентай театр жанашырына «Қара шекпен» қойылымы қатты ұнапты. Екі күнде біраз баламен тілдесіп, олардың ой-пікірін сұрадым. Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің «Театр» бөлімінің балалары осындай фестивальдер жиі ұйымдастырылса деген тілек-ниеттерін жеткізуді сұрады. Екі күнгі өнер додасында көркем әдебиетті түсініп оқитын, өнерді бағалайтын жас толқынның өсіп келе жатқанын байқап, қуандық.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале