20.10.2022, 9:31
Оқылды: 46

Тегінде бар тектілік

Жастайынан ел басқару ісінде көзге түсіп, жасы ұлғая келе кəсіпкерлік салада бағын сынап, зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін жазу-сызумен білек сыбана айналыса бастаған абырой асқарындағы ақсақал – Нұрлыбек Бірмановты Ақ Жайық жұртшылығына таныстырып жатудың өзі артық.

2

Елге танымал тұлғаны бұрыннан сырттай жақсы білгеніммен, ол кісімен шүйіркелесіп əңгімелесе бастаған кезім соңғы жеті-сегіз жылдың еншісінде.

Бірде «Жəңгір хан» кітап дүкеніне басымды сұқсам, қай-қай жағынан да Алла тағала кеңінен піше салған атпал азамат алпамсадай денесімен таудай болып тұр екен. Жас кезінде қазақша күрестен республикалық деңгейдегі сайыстарда талай мəрте топ жарған, дене бітімі құрыштан құйылған мүсіндей ағамыз кітапханаға жаңа түскен кітаптарды парақтап, ақыл-есі, бар зейінімен «басқа əлемге» еніп кетіпті. Менің ішке кіргенімді байқап, маңғаз қалпында маған бұрылып қарады. Жақындап барып қазақы дəстүрмен «Ассалаумағалейкум» деп амандастым. Мені бұрыннан етене білетін жандай жылы шырай танытып, күлімсірей сəлемімді алды. Өмірден көріп жүргеніміздей, кейбір жоғары лауазымға жеткен билікшілер сияқты ернін болар-болмас күбірлетіп не саусағының ұшын беріп, мұрнын шүйіріп аспанға қарап тұрған жоқ. Сəл ғана амандық-саулық сұрасқаннан-ақ ол кісінің бойынан кішіпейілділік пен кісіліктің лебі есіп тұрды. Ең бастысы, өзімен тең дəрежеде сөйлескені ұнады. Ағамыздың ата-тегі осал жерден емес, дәулетті тұқымнан екенін бұрыннан еміс-еміс білетінмін. Тарқатып айтсақ, олар XVIII, XIX ғасырда Кіші жүз бен Бөкейлікте ел билігіне араласқан Байшеркеш батыр Марқабайұлы, Қожамбет Байшеркешұлы, Бекберген Қожамбетұлы секілді старшын, билер болатын. Олардың есімдері сол замандағы архив құжаттарында таңбаланған. Атам қазақтың «Тегінде бар тектілік», «Текті жердің тұлпар ұлы», «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген нақыл сөздері кездейсоқ айтыла салмаған-ды. Уақытында Батыс өңірде ел билігіне араласқан белгілі əрі беделді əулеттің үмбетінің араға уақыт салып, саяси-басқарушылық ортада жарқырап көзге түсуі – осының дəлелі.

Бала Нұрлыбек қаршадайынан-ақ Кеңес заманының өзінде намазға жығылған тақуа, зерделі атасы Бірманның айтқандарын қалт жібермей қағазға түсірумен айналысса, кейін Мəскеудегі К.Тимирязев атындағы Ресей аграрлық университетінде оқыған студенттік жылдарында дворяндық-буржуазиялық орыс тарихнамасының сирек кездесетін кітаптарын жинауға əуестенген. Нəтижесінде кітап қоры бай жеке кітапханасының негізін сол кезде-ақ қалаған. Текті азамат ұзақ жыл өзінің ата-бабасы туралы, шеркештер тарихын жүйелеп, бірте-бірте зерттеу аясын кеңейтті. Ағамыздың əсерлі əңгімелерін мұқият тыңдаған жан оның тағдырындағы небір қызықты оқиғаларға елең ете түсері хақ. Айталық, ел тізгінін ұстаған жылдарда маңдалада мал бағып отырған малшының үйіне арнайы барып, кешкісін қос орынбасарын ауылға қайтарып, өзі сонда қонып қалады. Үй иесі əрі малшы, əрі молда екен. Бір ғажабы, ол кісі өткен ғасырда сол төңіректе өмір сүрген белгілі тұлғалардың көне құлпытастарын бір кісідей білетін қырағы жан болса керек. Ертеңіне Нұрлыбек Шайдоллаұлы ойға алған бүкіл шаруасын біркелкі тиянақтап, жұмыс орнына барғанда, облыс орталығынан обкомдағылар қоңырау шалып, «Сен жапан даладағы молданың үйіне жалғыз өзің не себепті қонып жүрсің?» деп шүйлігіпті. Қатаң тергегені былай тұрсын, сол кездегі идеология бойынша оны əбден əбігерге салыпты.

Сөздің қысқасы, жылдар бойы жан дүниесіне тыныштық тапқызбаған бабалар тарихына деген зор сүйіспеншілік Нұрлыбек Шайдоллаұлын əуесқой тарихшылардың тобына əкеліп қосты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің тарихи ізденістері мен ата-тек шежіресінен батысқазақстандық ағайын жақсы хабардар. Жақында ғана оның алғашқы томы жалпақ жұртқа жолдама алып, М. Өтемісов атындағы БҚУ-да арнайы тұсаукесері өткен-ді. Иə, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» немесе «Біткен іске сыншы көп». Сол жиында университет ғалымдары еңбектің жетістіктері мен кемшіліктерін жəне толықтыратын тұстарын жан-жақты талқылаудан өткізіп, таразылаған еді. Ол туралы «Орал өңірі» газетіне арнайы мақала жариялағасын, бұл жолы оны қаузағымыз келіп тұрған жоқ. Тек кітаптар циклінің əлі де жалғасатындығын оқырманға айтқым келеді.

Ағамыз – сан қырлы талант иесі. Олай дейтін себебім, жан дүниесі сезімтал жанның аздап ақындық өнері бар екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Қолынан келгенінше айналасына көмектескісі келіп тұратын мəрттігі өз алдына. Ел басқару ісінде өте дарынды шəкірттер тəрбиелеген аяулы ұстаз. Өзіне ұнаған тарихи тақырыптарда телефонмен сағаттап сөйлесетіні тағы бар. «Орал өңірі» газетінің сегіз санына жарық көрген «Күншілдік синдромы» атты шағын зерттеуіміздің астын сызып тұрып оқып, оған өзінің шынайы көзқарасын білдірген сүйікті оқырмандарымның бірі. Осы орайда ол кісіге іштей риза болғанымды жасыра алмаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ағамыз қаншалықты ақжарқын болса, соншалықты жұмбақ, қаншалықты қарапайым болса, соншалықты бекзат! Осы орайда қазақ халқының «Баталы ұл арымас» деген нақылына тағы бір мəрте көз жеткізгендейміз.

Жуырда ағамыз 75 жасқа толды. Келген жасыңыз құтты болсын, абырой асқарындағы аға!

Жаңабек Жақсығалиев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале