13.12.2019, 10:30
Оқылды: 511

Теке қаласы Еуропа және Шығыс карталарында таңбаланған

Тарихшылар Орал қаласының ежелгі аты Теке деп жазып жүр. «Теке» сөзінің этимологиясына қатысты бірнеше нұсқа бар. Оның біреуінде «мінәжат ететін орын», «тақуалық мекені» дегенді тұспалдайды. Шаһардың ескі атына қатысты Германиядағы Бонн университетінің Шығыстану және Азия зерттеулері факультетінің профессоры, PhD докторы, тарихшы Нұрлан Кенжеахмет  (суретте) картографиялық зерттеулер арқылы тың дерек ұсынып отыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің шақыртуымен академиялық ұтқырлық аясында елге келген ғалыммен сұхбаттасудың сәті түсті. Профессор Еуропа мен Шығыс карталарынан Теке қаласының белгіленгенін, соған байланысты жаңа тұжырымдар қалыптастыруға болатынын айтты.

zkitu-2

– Нұрлан Кенжеахметұлы, Орал қаласына қош келдіңіз! Өзіңіз жайында айтып өтсеңіз?

– Қытайдың Бортала (Бұратала) деген қаласы бар. Сол қалада туып-өстім. Қазақстанның Талдықорған аймағындағы Сарқанд деген жерін жайлаған бабам Жабықбай өте бай адам болған. Тегі – Найманның Матай руынан. Сталиндік репрессия басталғанда, «қызылдардың қолынан өлтіргенше, жанымды ерте ала көр» деп бір түн жалбарынған. Ертеңіне ауырмай-сырқамай өмірден өтіпті деседі. 1929 жылы атам Баубек Жабықбайұлы «Ұрпағымды сақтап қалайын» деп Қытай асып кеткен. Әкем Кенжеахмет Қорғас тауының баурайында дүниеге келген. Ол – мұғалім болған адам. Әкемнің менің ғылымға бет бұруыма ықпалы зор болды. Қытайда мектепті қазақ тілінде бітірдім. Үрімжідегі Шыңжаң университетінен бакалавр дәрежесі бойынша білім алдым. PhD докторлығын Пекин университетінде қорғадым. Аталған оқу ордасында оқып жүрген жылдары мені Мәскеудегі М. Ломоносов атындағы университетке бір жыл тағылымдамадан өту үшін жіберген еді. 2007 жылы Пекинде Батыс Түрік қағанатының астанасы – Суяб қаласының тарихына байланысты докторлық диссертациямды қорғадым. Жібек жолының археологиясы бойынша зерттеу жүргізуіме байланысты Жапонияға шақырту алдым. Негізгі мамандығым тарихшы болғандықтан, Қытайда жүргенде ғылыми жұмыспен айналыса бастадым. PhD докторлық дәрежесін иеленген соң, шетелдерге ғылыми сапарымды Жапониядан бастадым. 2008 жылы Қазақстанның шақыртуымен елге оралдым. Алматы қаласындағы Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтында, кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Л. Гумилев атындағы университетте дәріс оқыдым.

– Бірнеше тілді меңгерген екенсіз. Мұндай қабілетке қалай қол жеткіздіңіз?

– Бала кезімнен тіл білуге деген құштарлығым ерекше болды. Мен туып-өскен қалада бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бір-бірімізбен қытайша, қазақша, ұйғырша кейде моңғолша сөйлесіп жүрдік. Университетке түскен соң, орыс және ағылшын тілдерін меңгердім. 2011 жылы ортағасырлық қытай картасын зерттеудегі жетістіктеріме назар аударған Германия үкіметі Гумбольдт стипендиясын тағайындады. Германиядағы Бонн университетінің Шығыстану және Азия зерттеулері факультетінде картографиялық зерттеулер жүргіздім. Сегіз жылдан бері неміс ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасағандықтан, жергілікті халық тілін емін-еркін меңгеріп алдым.

– Қытай мұрағатында қазақ тарихына қатысты жазба деректер мол деседі. Докторлық диссертацияңызға арқау еткен тақырыпты қаузасаңыз.

– Қытайда «24 тарих» деген ұғым бар. Әр тарау бірнеше том-нан тұрады. Ежелгі патшалық кезеңдерінен бермен 1911 жылға дейінгі дәуір деректері хатқа түскен. Қазақтың ата-бабаларына қатысты көптеген мағлұмат бар. Ғұн дәуірі, Көк түріктер тарихы, Қараханидтер кезеңі, Қазақ хандығы, оның ішінде Абылай хан билеген жылдарға дейінгі деректер сан алуан.

Менің докторлық диссертациямның тақырыбы «Суяб археологиясы және Батыс пен Шығыстың мәдениет алмасуы» жайында болды.  Суяб шаһарының жұрты Қырғызстанның Тоқмақ деген қаласының жанында жатыр. Халықаралық қатынасқа ыңғайлы өте ірі қала болған. VII ғасырдың басында Түрік қағанаты екіге ыдырап кеткені мәлім. Батыс Түрік империясының алғашқы астанасы Суяб, одан кейін Тараз болған. Империя билеушілері Тараз қаласы жанындағы Мыңбұ-лақ деген жерді жаз жайлайтын болған. Қытай тарапынан Суябқа қатысты кереғар деректер болды. Мәскеуде жүргенде ресейлік ғалымдардың археологиялық қазба еңбектерінің түпнұсқаларын алып, Суябтың орнында V ғасырда соғдылар шаһар тұрғызғанын дәлелдедім.

– Бір ғасыр бойы ғалымдар зерттеп жүрген «Канидо» картасының құпиясын ашыпсыз?

– Жапонияда сақталған «Канидо» дейтін карта бар. Оған жапон, қытай ғалымдарының назар аударғанына бір ғасыр уақыт өткен.

Картаны зерттей отырып, Орта Азияға қатысты жапон ғалымдарының еңбегінде қателіктер бар екеніне көзім жетті. Кейін Гумбольдт қорының өкілдері шақырған соң, «Канидоның» түпнұсқасының көшірмесін алып, Германияда екі жыл зерттедім. Соның нәтижесінде тың жаңалық аштым. Шыңғыс ханның немересі, Қытайдағы Юань империясының іргетасын қалаған Құбылай хан Батыстағы мұсылман елдерінен ғалымдар шақырып, ортағасырлық араб карталары негізінде «Канидоны» сыздырған екен. 2014 жылы Германияда ұйымдастырылған халықаралық конференцияда шартараптан келген ғалымдар алдында баяндама жасадым, ғылыми мақалам жарық көрді. Жыл соңында зерттеу деректерін арқау еткен монографиялық еңбегім Германияда жарық көреді. Бұл еңбегім картографиялық зерделеу жұмысына серпін береді деген ойдамын.

– Ақ Жайық өңіріне қатысты тарихи жаңалыққа тоқталсақ, Текені «қайдан таптыңыз»?

– Әйгілі түркітанушы ғалым Зәки Уәлиди Тоған 1941 жылы «Түрік елі тарихы» деген кітапты шығарған. Қазақ тілін жақсы меңгерген кісі.

Түркияда жарияланған кітапта үлкен көлемді карта басылған. Ғалым түркілер тұрған жердің картасын сызған. Онда Қазақстан аумағы да, Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласы да қамтылған. Осы картада Орал қаласының орналасқан жерін «Теке» деп атаған. Жақша ішіне «Уральск» деп қосымша анықтама келтірген. Теке қаласы XVIII-XIX ғасырлардағы Шығыс карталарында көрсетілген. Сонымен бірге ХVII ғасырдағы Еуропа карталарымен салыстыра отырып, қазіргі Жайық өзені «Тік өзені» деп аталғаны жөнінде дерек таптым.

Алматы облысының Нарынқол аумағындағы Текес өзенін әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінде «Тіке өзені» деп атаған екен. Ал Каспийге тіке ағып барып, құятын болған соң,  географиялық сипатына орай Жайықты «Тік» өзені деп атаған болар деп топшылаймын. Енді бір Еуропа картасында Атырау облысындағы Сарайшық шаһарының солтүстігінде «Қос Жайық» деген қала бар екені белгіленген. Оның Орал қаласының тарихымен қаншалықты байланысы бар екенін зерттеп білу керек. 1607 жылғы Еуропа картасында Жайықты «Теке өзені» деп аталғанына қатысты тағы бір дерек келтірілген. Ол карта да қолымда.

ТАХИ

1728 жылғы Маньчжур патшасы Юнжэннің 10 белдеулі картасында Теке қаласы «Таки хотоң» делінген. «Хотоң» сөзі қала дегенді білдіреді (суретте). Аталмыш картада Шаған, Елек, Шыңғырлау (Шоңгорлоу), Ойыл, Қиыл, Сағыз өзендері де аталған.

– Бір тарихи деректен Еуропа аумағындағы жер-су, өсімдік атына 500-ге жуық түркі атауының түбірі сақталып қалғанын оқып едім. Қазақстан тарихын, оның ішінде, батыс өңірінің тарихына арнайы көңіл бөліп, терең зерттеу ойыңызда бар ма?

– Елге келіп зерттейін деп, Қазақстан Республикасының Білім мен ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне 4-5 жыл бұрын ғылыми жоба ұсындым. Оның тақырыбы «ХVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығына қатысты Еуропа және Қытай карталары. Тарихи сөздіктер» деп аталды. Еліміздің барлық өңіріне қатысты деректерді қамтымақ еді. Қытай және Еуропа карталарында, әсіресе, Солтүстік Қазақстан тарихына қатысты мағлұматтар көп. Оларды картографиялық тұрғыда зерттегенімен, топонимикалық мағынасын ешкім ашқан жоқ. Ғылым комитеті жобамды мақұлдамады. Қазақстан тарихына қатысты ақтаңдақ көп. 1600 жылғы Еуропа картасында Атырау қаласының шығыс жағында Қараман деген қала тұр. Түркітану ғылымының алыбы Зәки Уәлиди Тоғанның картасында да солай деп белгіленген.

Теке атауы Алтын орда мемлекеті кезінде жиі қолданылған. Көне түркі тілінде сақталған болуы керек. Кейін қыпшақтар дәуірінде Жайық атауы Дайк болып аталған. Содан бермен Дайк – Дек – Дік – Тік – Теке болып дыбыстық өзгеріске ұшырап келуі де кәдік.

Еуропа ғалымдарының Орта Азия тарихына деген қызығушылығы мол. Қазақстан топонимикасын зерттеу үшін көне түркі тілін, оның бұтағы – қазақ тілін терең білу керек. Тіл білмеген соң, олардың бұған тісі батпайды. Қазақстанда бірнеше тіл білетін тарихшы мамандар бар. Мемлекет тарапынан қолдау болса, жергілікті ғалымдармен бірлесіп зерттеу жүргізуге болады. Ғылыми жұмысты жекелей жүргізу мүмкін емес, ұжымдасып тер төксе, жақсы нәтиже болады. Әрине, қазіргі уақытта елмен тығыз байланыстамыз. Мені Орал қаласындағы арнайы дәріс беруге шақырған профессор ғалымдар – тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков пен БҚИТУ құрылтайшысы, тарих ғылымдарының докторы Баян Ғаббасқызы Шынтеміроваға алғыс айтамын. Олар оралдық ғалымдармен ғылыми әрі іскерлік байланысты қалыптастыруыма септесуде.

– Ақ Жайық өңірінен тарихи зерттеуге қатысты тың түйіндер жасауға, ғылыми олжа табуға мүмкіндік туды ма?

– Германияға қайтамын деген күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің музей меңгерушісі  Нұржан Төлепов білім  ордасындағы музейді көрсетті. Сөз арасында Жұмағазы хазірет кесенесі туралы айтып қалды.  Халықтың Дәдем ата деп атайтынын да тілге тиек етті. Бірден елең ете түстім.

«1154 жылғы Идриси картасындағы Дадами деген жер болмасын?» деп бастырмалата сұрақ қойдым. Расымен, тура айтқанымдай екен! Келесі күні Жұмағазы хазірет кесенесіне ат басын бұрдым. Әулиенің ұрпағы Ғарифолла Жанбозов қасиетті мекенге өзі алып барды.

5a46fd7a-5e20-483f-b4e7-27f92bf73a5a

Оғыз дәуірінің қасиетті кесенесі Дәдеми аталған. Әулие есімінің түбірі «Дада» деген сөзден шыққан. Идриси картасында Ақтөбе облысындағы Ырғыз өзені айдан анық көрсетілген. Сондай-ақ Батыс өңіріндегі Қарағанды қаласының болғаны туралы дерек бар. Картографиялық зерттеулер ұлан-байтақ жеріміздің түпкі иесін, рухын танытады. Тарихтың қадірін бір кісідей білуіміз керек. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын! Ел тарихы – егемендіктің алтын айнасы.

сұхбаттасқан Нұртай  Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале