Қайырымдылық айлығы ауқымында Оралдағы Достық үйінде артында айтулы із қалдырған марқұм Рахметолла Хамитұлы Сүйербаевты еске алу кеші өткізілді.
Жиынға марқұмның отбасы мен әріптестері, достары, замандастары қатысты. Еске алу кешінде облыс әкімі Ғали Есқалиев сөз алды. Ол кешегі жаһанды жайлаған індеттен жақын, туыс жандардан айырылып қалғандардың баршылық екенін, соның ішінде бұл кеселден бұдан үш айдан астам уақыт бұрын жайсаң мінезді, асыл адам Рахметолла Хамитұлының да бақилық болып, мәңгілік аттанғанын қимастық көңілмен баян етті.
– Оның бүгінде арамызда жоқтығына сенгіміз келмейді. Рахметолла ағаның ешкімнің көңілін қалдырмай, ренжітпей айтатын орынды әзілін сағындық. Сол шақта үстемдік құрып тұрған індеттің кесірінен ағамызбен қоштасу рәсімін дәстүр, жоралғыға сай өткізе алмадық. Ол облысқа танымал тұлға еді, өзінің саналы ғұмырында соңына өшпес атын қалдырды, көптеген мықты кадрларды тәрбиелеп шығарып, ұстаздық шеберханасынан ұшырды. Оның өзі де, мемлекеттік және қоғамдық іске баулып, даярлаған шәкірттері де елге, халыққа мінсіз қызмет етті. Қандай лауазымды қызметте болса да ол адамгершілігінен, қарапайымдылығынан айнымай, өнегелі мінезімен көпшіліктің көңілінде қалды. Артында бар оңалар деген, шүкір, ағамыздың үлгілі, көргенді ісін жалғар ұрпақтары, достары, замандастары барда жарқын бейнесі ешқашанда ұмытылмайды,– дей келе Ғали Нәжімеденұлы марқұмның жары Мария Темірғалиқызының иығына қамзол, басына орамал жапты.
Рахметолла Сүйербаевтың әріптесі болған Абат Есенғалиев осы шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіре келіп, марқұммен 1983 жылдан бері таныс болғанын баяндады.
–1984 жылы ол Казталов ауданына бірінші хатшы болып тағайындалғанда, мен оның қарамағында қызмет істедім. Ол кадрларға қатаң талап қоя білетін басшы еді. Расын айту керек, қызмет барысында сөзге келіп қалған шақтар да болды. Мұның бәрі ортақ істің қамы еді. Онымен жақын таныса, білісе келе аға-інідей болып кеттік. Ағамен 23 рет Ессентукидегі курортта бірге демалдық. Мұның өзі бір-бірімізді сыйлап, жақсы көргендегіміздің белгісі іспеттес. Бір күн хабарласпай кетсем: «Бала қайда жүрсің, көрінбей кеттің ғой»,– деп өзі алдымен телефон соғатын. Бұл күнде осындай аяулы ағаның аялы алақанын сағынамын. Қарапайымдылықты ту қылып ұстаған жан еді. Отбасымызбен араласып, құраласып, ағайын-тумадан бір кем емес едік. Ағамыздың артында тәрбиелі ісі, өзінен өнеге алған шәкірттері қалды. Жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы жолдас болсын, – деді Абат Қадемұлы.
Жиын барысында еңбек ардагерлері Бәтес Исмағұлова, Светлана Анесинко сөз сөйлеп, Кеңес үкіметі мен еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында марқұммен қалалық, облыстық құрылымдарда қызметтес болғандағы қымбат шақтарды жан толқуымен еске алып, Рахметолла Хамитұлының білімдарлығы мен мәдениеттілігін, жұмыста талапшыл болумен қатар, адамға деген мейірімі мол, бекзат мінезін ризашылықпен айтты.
– Рахаңмен таныстығым 1960 жылдардан басталды. Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясында бірге оқыдық, кейін облыстық партия комитетінде қызметтес болдық. Оның бір жас қана үлкендігі болса да, мені інішек дейтін. Оны аға тұтып, арқа таңатынбыз. Жастау кезімде маған көрсеткен көмегі көп болды, әрдайым қол ұшын беретін еді. Рахметолла Хамитұлының өнегелі жолы-адамдардың мүдделеріне қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол әрқашан еліне жақсылық жасады, сондықтан артына өзі жайында ескірмес естеліктер қалдырды. Марқұмның жаны жанатта болсын, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұқанбетов өз сөзінде.
Теректі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, зейнеткер Мұсағали Төлегенов өз сөзінде көзі тірісінде Рахаңның үлкен құрмет пен беделге ие болғандығын, оның облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істегенде интелектуалдылығын, жан-жақты білімдарлығын көре, тани қалғандығын айқын мысалдар келтіре баяндаса, «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов ешкімді жатсынбайтын Рахаңа адамдардың бәрі де жақын, бауыр болғандығын, қай адамға қандай сөз айтатынын білетін көкірегі сұңғыла жан екендігін тілге тиек етіп, нұрлы, сәулелі жүзі жүрегінің төрінен мәңгілік орын алатынын разы көңілмен жеткізді.
Кеш соңында Рахметолла Хамитұлының өмірлік аяулы жары, ақылшысы болған Мария Сүйербаева мен ұрпағы, ізін басқан ұлы Ғарифолла Рахметоллаұлы сөз сөйлеп, жұбайының, әкесінің тірі кезінде жастарды жақсы көріп, өзіне дос санағанын, оларға «Жігіттің басына қиындық түскенде жігерлі болу керек» деген сөзді жиі айтып, қайрап, шыңдайтынын сөздеріне сүйеніш ете отырып, марқұмның рухына тағзым етуге, ардақтауға келген жұртшылыққа алғыстарын білдірді.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz