Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалына қарасты аналар кеңесінің ұйымдастыруымен маңызды рухани-әлеуметтік форум өтті. «Ана – үйдегі бақ, әке – төрдегі тақ» тақырыбында өткен басқосу отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ананың мейірімі мен әкенің беделін қоғам санасында нығайтуға арналды. Форумның ұраны – «Тектілік төрден, мейірім үйден басталады» шараның негізгі идеясын айқын көрсетті.

Форум жұмысына облыстағы аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, ақсақалдар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, әкелер одағының мүшелері, студент жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
БҚО ҚХА аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, «Ел анасы» атағының иегері Шалқыма Құрманалина аналар кеңесінің қоғамдағы рөліне, отбасы тәрбиесіндегі ананың орны мен әкенің жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
– Аналар кеңесі 2025 жылы отбасы құндылықтарын нығайту, адал азамат тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.
Өңірде барлық деңгейде 157 аналар кеңесі жұмыс істеп, 1230-дан астам белсенді ана қоғамдық іске атсалысты. Жыл ішінде 468 ісшара өткізіліп, оған 15 850 адам қатысты. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында 195 шара ұйымдастырылса, «Салауатты сана» жобасы бойынша 184 іс-шара өтіп, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, құмарпаздық, вандализм сияқты әлеуметтік кеселдердің алдын алуға басымдық берілді. Сонымен қатар қайырымдылық акциялары, үлгілі отбасылармен кездесулер, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу шаралары, аналарға психологиялық және құқықтық қолдау көрсету жұмыстары жүргізілді. Аналар кеңесінің бастамалары қоғамдағы отбасылық тұрақтылықты сақтауға және ұлттық тәрбиені күшейтуге бағытталды, – деп атап өтті Шалқыма Хайроллақызы.
Іс-шара аясында «Отбасы – құндылық бастауы» тақырыбында қолөнер және шығармашылық жұмыстардан көрме ұйымдастырылды.
Форумның маңызды бөлігі «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамдағы өзекті бес кеселмен күрес тақырыбына арналды.
Нашақорлық, тұрмыстық зорлықзомбылық, вандализм мен ысырапшылдық, құмарпаздық (лудомания) сияқты мәселелер бойынша арнайы презентациялар жасалды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі Жанар Жұмағазиева, «Ана үйі» қоғамдық қорының басшысы, аймақтық үйлестірушісі Замзагүл Шканова, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің директоры Алтынгүл Қайырлиева, аналар кеңесінің мүшесі, психолог Айнұр Бралиева сынды сала мамандары мен аналар кеңесінің белсенді мүшелері тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды.
Форум барысында әкенің отбасындағы рөлі де кеңінен сөз болды. Облыстық әкелер одағының төрағасы Серік Ихсанов «Әке – отбасының тірегі және қорғаны» тақырыбында баяндама жасап, әке беделін арттыру – ұлт болашағын нығайтудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Ал облыстық дін мәселесін зерттеу орталығының басшысы Мейрамбек Қабдоллин «Отбасындағы үйлесім – берекенің бастауы» тақырыбында рухани келісім мен өзара сыйластықтың маңызын түсіндірді.

Форум соңында БҚО ҚХА аналар кеңесінің үлгілі отбасыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. LED-экран арқылы отбасылардың фотосуреттері көрсетіліп, олардың өнегелі өмір жолы, берекелі шаңырақ құрудағы тәжірибелері көпшілікке үлгі етілді.
Қорытынды сөз сөйлеген Шалқыма Хайроллақызы форумның маңызын атап өтіп, отбасы құндылықтарын сақтау – қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді.
Бұл форум ананың мейірімі мен әкенің парасатын ұлықтаған, ұлттық тәрбие мен отбасылық бірлікті нығайтуға бағытталған тағылымды жиын ретінде қатысушылар жадында қалды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»