Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Халықаралық балалар кітабы күніне арналған «Кітаппен биік белеске» атты мерекелік іс-шара өтті.
Рухани кешке ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талап Таймасұлы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, сондай-ақ ата-аналар мен балғын оқырмандар қатысты.
2 сәуір – Данияның ұлы ертегішісі Г. Андерсеннің туған күні. 1967 жылдан бастап бұл күн (International Children’s Book day) бекітілген Халықаралық балалар кітабы күні ретінде аталып келеді. Игі іс-шараның бастамашысы болған неміс жазушысы Йелла Лепма. Көпжылдық дәстүр бойынша бұл күні ЮНЕСКО-ның халықаралық балалар кітабы кеңесінің шешімімен балалар жазушылары мен балалар кітаптарының иллюстраторларына Андерсен атындағы әдеби сыйлық беріледі.
Салтанатты жиынға арнайы келген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов кітаптың құндылығына тоқталып, балаларды кітаппен дос болуға бағыттайтын тағылымды, тәлімді іс-шаралар көбейе берсін деген ізгі тілегін білдірді.
Жыл сайын Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы дәл осы күні жыл бойы белсенділік танытқан, ең көп кітап оқыған үздік оқырмандарына төрден орын беріп, сый-құрмет көрсетеді. Осындай сыйға бөленген оқушылардың бірі – Альмира Әсетова. Орал қаласындағы №24 орта мектептің 2-сынып оқушысы. Ол – тәртібі үлгілі, үлгерімі озат оқушы. Бос уақытында анасына көмектеседі, кітап оқиды. Бүлдіршін 2024 жылы кітапханаға 12 рет келіп, 18 кітап оқыған екен. Кітапхананың ең кішкентай оқырманы Ханшайым Исламбектің жасы 4-те. Шыңғырлау ауданынан арнайы келген бүлдіршін ертегі тыңдағанды жақсы көреді. Бөбекжайдағы мерекелік іс-шаралардың бәріне белсенді қатысады. Бос уақытында сурет салып, сіңлісімен ойнағанды ұнатады. Бір айрықша атап өтер жәйт, Ханшайым тұсауын кескенде Абайдың кітабын таңдапты.
Балғын санаға ізгілік дәнін сеуіп жүрген кітапхана ұжымын мерекемен құттықтаған ҚР Ұлттық құрылтайдың мүшесі, балалар жазушысы Бауыржан Ғұбайдуллин ұлы миссияны абыроймен атқарып жүрген кітапханашыларға алдағы уақытта жемісті еңбек тіледі.
– Әлгінде көшбасшы, балғын оқырмандар классик ақын-жазушылардың біразын атады. Бірақ балалар әдебиетінде үлкеннің де, кішінің де назарынан орынсыз тыс қалып жатқан ақын-жазушылар да баршылық. Мысалы, өзіміз бала кезде шығармаларын сүйсініп оқыған Нәсреддин Сералиев, Өтебай Тұрманжанов, Машқар Гумерев, Сұлтан Қалиев, Балтабай Әділовтің есімдері соңғы жылдары аталмай, шығармалары назардан тыс қалып жүр. Есімдері ұмытылып бара жатқан балалар жазушыларының шығармаларын насихаттауда біздің өлкедегі балалар кітапханасы ұжымының көш бастағанын қалар едім. Жаңа ортаға біраз ертегі кейіпкерлері шықты, бірақ солардың арасынан өзіміздің Ертөстікті, Кер құла атты Кендебайды, Көлтауысар мен Желаяқты, Таусоғар мен Мақтақызды көре алмадым. Болашақта осыны да ескерерсіздер, – деп сөзін сабақтаған балалар жазушысы Бауыржан Файзоллаұлы үздік оқырмандарға сый-сияпат табыстады.
Балалар кітапханасының үздік оқырмандарының бірі – Регина Квитко – Серебряков орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Ол 7 жасынан бастап кітаппен дос бола бастаған. Бос уақытында сурет салғанды, серуендегенді, кітап оқығанды жақсы көреді. Регинаға шытырман оқиғалы детектив сипатындағы шығармалар ұнайды.
Мерекелік жиында ақын Талап Таймасұлы балалық шағында болған қызық оқиғасымен бөлісті.
– Бала күнімізде біз кітапты көп оқыдық. Малшының баласымын ғой. 7-8 жастағы кезім. Қияли бала болдым. Ертегі кейіпкерлері Желаяқ, Көлтауысар, Таусоғарлармен кездессем деп армандайтынмын. Бір күні айдалада атқа мініп, мал қарап жүрдім. Алыстан көк сағым көрінеді. Биік дөңнің үстінде жаулығы желбіреген бір әжей тұр. Мен оны өзім ертегіден күнде оқып жүрген мыстан кемпір деп ойлап, атымды кері бұрып, үйге қарай шаптым. Әжеме «Мыстан кемпір!» деп айтып үлгеріп, талып қалыппын. Олар үшкіріп, ұшықтап мені тұрғызып алды. Сөйтсем, менің жаңағы «жал-мауыз кемпірім» мал іздеп жүрген әжей екен, – деп бала кезіндегі естелігімен бөліскен Талап Таймасұлы кітапқұмар өрендерді алғысхат, естелік сыйлықпен марапаттады.
Балаларға кітаптың адам өмірінде орны ерекше екенін ұғындыруды мақсат еткен мерекелік іс-шараға небір ертегілердің мыстан кемпір, Буратино, Карлсон, Қызыл телпекті қыз секілді кейіпкерлері де жиналыпты. Балдырғандармен жүздесуге келген ертегі кейіпкерлері кішкентай оқырмандарды көрмедегі ғажайып кітаптармен таныстырды. Бұл күні кітапханаға жиі келетін жеткіншек оқырмандарға ерекше құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»