Сенаттың жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Telegram-ның Қазақстанға жауапты кеңсесі қай қалада ашылатынын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Сурет: pixabay.com
«Біз Аstana халықаралық қаржы орталығының базасында Telegram-ның кеңсесін ашып жатырмыз. Контентті модерациялауға жауапты нақты адам анықталады. Егер зорлық-зомбылыққа шақыру немесе есірткінің заңсыз айналымымен байланысты заң бұзу фактілері тіркелсе, Telegram біздің өтініштерімізді жылдам қарап, арналарды бұғаттап, жоюға көмектеседі», - деді министр.
Бұған дейін Telegram Қазақстандағы өкілін тағайындап, кеңсесін ашатыны хабарланған.
Бірақ ол кеңсенің қай қалада болатыны нақты айтылмаған еді.
«Біз сондай-ақ Telegram платформасымен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес, енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындауға міндетті. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткізілді — бұл контентті бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам», — деген Жаслан Мадиев.