30.11.2016, 13:29
Оқылды: 115

Темір тұлпарыңыз қысқа дайын ба?

Жадыраған жаз бен қоңыр күз де өтіп, қылышын сүйреткен  қыс та келіп қалды. Үш ай, кейде одан да ұзайтын жылдың осы бір суық мезгіліне жан-жануар да, тіпті өсімдіктер дүниесі де алдын ала дайындалады. Тіршілікті айтпағанда, күнделікті аяқ артып жүрген темір тұлпарларымыздың өзін қыс мезгіліне тыңғылықты дайындау да — маңызды іс.

Қазан айының соңғы күндері аяқ астынан жауған қардан көліктер жол үстінде тайғанақтап,  соқтығысып қалғаны белгілі. «Сақтықта қорлық жоқ» дейтін көлік иелері болса, темір тұлпарларын қазірден қысқа қамдап жатыр. Қараша айының екінші онкүндігінде жауған қардан кейін дөңгелек жөндеу нысандарында көліктерінің дөңгелектерін ауыстырушылардың саны күрт көбейгені белгілі. Көлік дөңгелектерін  ауыстыру қызметінің құны дөңгелек резеңкесінің көлеміне байланысты. Отандық, жеңіл аутокөліктердің әр дөңгелектерін ауыстыру құны 1000-1500 теңге болса, көліктің түріне қарай бағасы да жоғарылай береді. Ал дайын дөңгелекке тікенек жапсыру арзанға шығады екен. Бұл мәліметтерді бізге Шолохов көшесі бойындағы шиномонтаждардың бірінде жұмыс жасайтын Бейбіт Ғұмаров есімді жігіт баяндап берді.

— Негізі, көлік дөңгелектерін қысқы мерзімге уақтылы ауыстырған дұрыс. Оларды дер кезінде айырбастау ауа райының қолайсыз, көктайғақ кезінде көлік басқарушының өзін де, айналасындағыларды да апаттан қорғауға көп септігін тигізеді. Тек көлік иелерінің көпшілігі бұл іске аса мән бермейді. Көлік дөңгелектерін айырбастағанда оның сапасына, қысымына да назар аудару қажет. Сонымен қатар көлік қозғалтқышына қысқы май, әйнегін жуар жүйесіне қатпайтын сұйықтық құю, беріліс қорабы мен гидрокүшейткіштердің майын қадағалау, аккумулятордың қуаттылығын тексеру, жанармай сүзгілерін айырбастауды да естен шығармаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, адам баласы күн суықта жылы сырт киім, жылы аяқ киім киетіні секілді көліктерге де күтім көрсету қажет. Қысқасы, уақтылы қимылдап, аутоарғымағын сайлап алған жүргізуші қыстан қысылмай шығатыны анық, — дейді аутокөлік маманы.

Айта кетейік, көлік дөңгелектерін уақтылы ауыстыру Кедендік одақтың регламентінде де қарастырылған. 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 Кедендік одақ комиссиясы шешімінің 5.5-тармағының талаптарына сай қысқы мерзімде, қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Жазғы дөңгелектерді қысқы мерзімдікке айырбастамағандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының (Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу) 5-бөлігі бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жауапкершілігі қарастырылғандығын да естен шығармаған жөн.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале