Қараша айы басталғалы бері Ресей нөмірін таққан аутокөлік жүргізушілерінен маза қашты. Сең соққан балықтай мең-зең күйге түскендер кімнен, қайда барып, ақыл-кеңес сұрарын білмей, дүдәмал күй кешуде. Жоғарыдан келген пәрменге бағынатын полиция қызметкерлері қараша айының басында арнайы рейд жүргізіп, құжаттарының кемшін тұстары бар көліктерді айып алаңына тоғытты. Айтарлықтай айыппұл салды. Шарасыздықтан шырылдаған аутожүргізушілер наразылық акциясына шықты. Мұндай жағдай тек біздің облыста ғана емес, еліміздің бірқатар өңірінде тіркелді.
Осы тұста қоғамның пікірі де екіге жарылды. Бірі "Астымыздағы арзан көлікпен жолаушы тасымалдап, отбасын асырап жүр едік, еш табыссыз қалдық" деп жанайқайға басса, екінші тарап "Еш ережеге бағынбай көшеде жүйткіп жүріп, жол-көлік оқиғасын жиілететін осы ресейлік нөмірлі көліктер еді. Азайғаны жақсы болды" деген ойда болды.
- Көлік жүргізушілерімен кездескен полиция департаментінің жауапты қызметкерлері "Ресейге аяқтай машинаны айдап барып, көліктің құжаттарын түгендеп, есепке қойып келу керек. Сонда ғана осы жаққа уақытша тіркеуге алынады" деген болатын. Бірақ ресейлік нөмірлі көліктің көпшілігі ол жақтан есептен шығарылған немесе утилизацияға жөнелтілген. Мұндай жағдай болса, тізгіндеп барған темір тұлпарыңызды қайтар жолда шекарадан өткізе алмауыңыз әбден мүмкін. Мен мұны өз басымнан өткендіктен, қалған жерлестерім сан соғып қалмауы үшін айтып отырмын, - дейді біздің редакцияға арнайы келіп, базынасын айтқан Еділ Бекесов есімді ағамыз.
Өңірде орын алған қандай ма түйткілді мәселенің оң шешім табуына бүйрегі бұрып тұратын қоғам белсендісі Еділ ағамызды әңгімеге тартып, ұсыныс-пікірін білген едік.
- Аға, жалпы мұндай мәселенің орын алуына не түрткі болды деп ойлайсыз? Сіз де ресейлік нөмірлі көлікпен жүр ме едіңіз?
- Жеке көлігім бар. Бірақ ол қазақстандық тіркеуде. Мен өз мүддемді қорғап жүрген жоқпын. Қарапайым халыққа жаным ашыған соң соларға аз болса да, көмегім тисе екен деген ой менде. Бұл дау-дамай полиция қызметкерлерінің ресейлік нөмірлі көліктерді тоқтатып, айыппұл салып, қамауға алған күнінен басталды. Ресейден алғандығы туралы сенімхаты жоқ көліктер түгелдей айып тұрағына қойылған. Заң шеңберінен қарасақ, полицияның әрекеттері орынды. Еш жерде тіркеуде жоқ көліктер қамауға алынуы керек. Сол күні 40 шақты адам көліктерінен айырылды. Ертесіне ашуға булыққан көлік иелері Шаған жағалауы бойындағы алаңға жиналды. Ол жерге облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин келіп: "Мың адамның қолы қойылған өтініштеріңді алып келіңдер. Мен құзыретті құрылымға, яғни Ішкі істер министрлігіне жолдаймын" деген әңгіме айтты. Сонымен қатар жиналғандарға бұл рейдтің тектен-текке жүргізілмегендігін, Ресейде тіркеуде жоқ немесе қандай ма бір қылмысқа қатысы бар көлікті анықтау мақсатында жоғарыдан сондай тапсырма болғандығы айтылды. Мұнан соң көлігі айып алаңына тоғытылған жүргізушілермен "Ақжайық – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінде кездесу өтті. Сол кездесуге қатысқан полиция департаментінің қызметкері Мерхат Әженов: "Қамауға алынған 21 аутокөлік бүгін шығарылды. Көп ұзамай қалғандары да айып тұрағынан босатылатын болады" деді. Мен білсем, заң бойынша құжаты түгел емес, тіркеуде жоқ аутокөлік иесі айыппұл төлеп, көлігі қолына тиген соң машинасын міндетті түрде тіркеуге қоюы керек. Ал біздің полицейлер айыппұл төлегендердің көліктерінің кілттерін қолдарына қайта бере салған. Сонда тәртіп сақшыларының бұл әрекеттері көлік иелеріне айыппұл төлетіп, бюджетті байыту ғана болғаны ма? Ол көліктің тәртіп бұзбасына кім кепіл. Ал жол-көлік оқиғасына тап болып, қайғылы жағдай орын алса, оған кім жауапты? Сұрақ көп, жауап жоқ.
- Полиция департаментінің басшыларымен де кездесу өтті деп айтып қалдыңыз. Олар не дейді? Жүргізушілерге қойып тұрған талабы қандай?
- Иә, Абай алаңына жиналған ресейлік нөмірлі аутокөлік жүргізушілерін облыс әкімдігі ғимаратында полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин қабылдады. Ол жердегі әңгіме де "Ешкім тимейді, ұстамайды" деуден әрі аспады. Ол Ресейден алынған көліктердің біздің елде емін-еркін жүруі үшін сол жаққа барып, аталған көлікті тіркеп, сосын осы жерге уақытша есепке қоюы керектігін айтты. Бұл сөзді естіген көлік жүргізушілері "Ол жаққа көлігімізді айдап барады екенбіз. Ал егер тіркеуден шығарылған немесе утилизацияға жатқызылған болса, көлігімізді шекарадан кері кіргізе алмай қаламыз ғой" деп шуласты. Олардың бұл сауалдарынан Ж. Жаншин: "Ол үшін көліктің өзін Ресейге айдап барудың еш қажеті жоқ. Орал қаласы, Гагарин көшесі 2/5 мекенжайына барып, тексеру актісін аласыздар да, сонымен ғана тіркеуге қоя аласыздар" деді. Менің білуімше, ол заң тек Қазақстанның шеңберінде ғана қолданылады. Ал Ресейге тексеру актісі мен құжаттары жүрмейді. Көліктің өзін айдап апару керек. Ал бұл жерде полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары өзі барып, көршілес елмен келіссөздер жүргізіп келгендей мәлімдеп отыр. Мұны тек ашу-ызамен келіп тұрған халықты алдап, шығарып салу деп түсіндім. Мен Жаншиннің сөзін негізге алып, бір көліктің құжаттарын Ресейде тұратын туысыма телефон арқылы жіберіп көрдім. Ол құзырлы құрылымдарға жолыққанда көлікті міндетті түрде айдап әкелуі керек деген жауап алған. Міне, қара халықты әуре-сарсаңға салу деген осы.
- Бір сөзіңізде Ресейге аяқтай барып келдім дедіңіз. Ол жақтағы ереже немесе тіркеуге қою тәртібі қалай екен?
– Бажамның екі баласында да ресейлік нөмірлі екі аутокөлік бар. Ресей жағындағы жағдайды білу үшін соларға әдейі ілесіп бардым. Баратын жеріміз Саратов облысының Новоузенск ауданы. Сөйтіп, Тасқала ауданының полиция басқармасынан хабарласып, біздің шекарадан өтіп, машиналарды тіркеуге қоятынымыз туралы ресейлік әріптестеріне ескертіп қоюды өтіндік. Шыны керек, күні бұрын сөйлесіп, тексерткенімізде екі көліктің де ол жақта тіркеуде тұрмағандығы анықталды. Осы жылдың наурыз айында Шешенстанның Грозный қаласынан алынған "Toyota Camry" маркалы көліктің иесі төрт айдан соң есептен шығарып тастағаны белгілі болды. Себебі сатып алған тұлға көлік иесіне төрт айдың ғана салығын ақшалай берген. Абырой болғанда "Toyota Camry" көлігін алғанда сатуға немесе басқа адамның атына беруге рұқсат беретін сенімхат толтырылған екен. Соның арқасында аталған көлікті сол жақта тұратын туысымыздың атынан есепке қойып, құжаттарын реттеп алдық. Ал екінші көліктің жағдайы тіптен бұлыңғыр болды. Сұраныс жолдаған кезде есептен алынған немесе алынбағандығы көрінбеді. Барған соң базадан қаратсақ, ол көлікті иесі утилизацияға жіберген. Яғни көлік жоқ мүлдем, жойылған. Біз "Көлік құжаттарының түпнұсқасы Қазақстан азаматының қолында, мәшинені де сол айдап жүр. Сонда оның ресейлік қожайыны утилизацияға қалай жібереді?" деп таңырқадық. Бақсақ, ол жақтың заңы бойынша аутокөліктің бұрынғы иесі нотариуспен куәландырылған көліктің техникалық құжаты арқылы есептен шығаруға немесе утилизацияға жіберуге құқы бар екен. Міне, қызық! Ең сорақысы, көлік өз аяғымен жүріп, шекарадан әрі өтіп барғанда есепте жоқ немесе утилизацияға кеткендігі анықталса, кері қарай шығармайды. Сөйтіп, екінші көлігіміз Ресейден бермен қарай кіре алмай, шекарада қалды. Бұл тек бір ғана біздің басымыздан өткен жағдай. Қаншама адам осындай келеңсіздікке тап болуда. Сондықтан жерлестеріме айтарым, көлігіңіз Ресейде тіркеуде жоқ екендігі белгілі болса, қолыңызда арнайы формадағы сенімхатыңыз болмаса ол жаққа барып, құжат жасаймын деу бос әурешілік. Нәтижесінде кезінде қымбатқа алған көлігіңізді шекарадан кері өткізе алмай, тиынға сатудан басқа амал қалмайды. Ондай көліктерді бөлшектеп сатып болса да, осы жақта "көзін құртқан" дұрыс деп ойлаймын. Одан басқа тақымыңыздағы темір тұлпарыңызды тіркеуге қоямын деп жүріп жаяу қалуыңыз әбден мүмкін.
– Сонымен, Еділ аға, бұл түйткілді қалай шешуге болады? Өз ұсыныс-пікіріңізді айтып өтсеңіз...
- Естуімше, елімізде 88 мыңдай ресейлік нөмірлі көлік бар екен. Соның 9 мыңнан астамы біздің өңірге тиесілі. Менің ойымша, бұл іске жергілікті билік пен құзырлы құрылымдар тікелей араласуы керек. Полиция департаментіндегі жауапты мамандар біздің өңірде жүрген ресейлік нөмірлі көліктердің тізімін алып, Ресейге барып, әр көлік құралының белгісіз жағдайлармен "қамауда" тұрмағандығын, тіркеуде бар-жоғын тағы сол секілді жағдайларын анықтап келуі керек деп ойлаймын. Егер де жоғарыда көрсетілген жайттар анықталып, көліктің "ауада қалықтап" тұрғандығы белгілі болса, жергілікті билік біздің облысқа ғана құзыреті жүретін шешім қабылдап, сондай көліктердің тек осы өңірде жүріп-тұруына жағдай жасаса екен. Сонда ғана қалтасы көтерген көлікті сатып алып, отбасын асырап отырған қарапайым адамдардың билікке деген сенімі арта түсер еді. Оның үстіне табысымнан айырылып қаламын деген халық әуре-сарсаңға салынбай, уақытша болса да, жүріп-тұруына жағдай жасаған полиция қызметкерлеріне алғысын айтар еді. Менің айтайын дегенім осы.
– Жерлестеріңізге жаныңыз ашып, көрген-білгеніңізбен бөліскеніңізге көп рақмет! Аман жүріңіз, аға.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz