Металлургтер қаласының тұрғыны Райымгүл Базарбек Теміртау қаласы әкімінің грантына ие болып, шампиньон өсіретін ферма ашты. Кәсіпкер әйел бастапқыда өзінің табысына сеніп, шағын кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына қатысуға шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауыл шаруашылығын дамыту басым бағыт болып табылады. Саңырауқұлақ фермасын дамыту идеясына гранттарды бөлу жөніндегі комиссия оң баға берді.
«Бұрыннан бизнеспен айналысқым келді, бірақ қаражат қажет болды. Саңырауқұлақ өсіруге қызығушылық таныттым. Интернеттегі көптеген мақалаларды зерделеп, Қарағанды мен Теміртау нарығын зерттедім. Бизнес-жобаны жасаған кезде, бұл тиімді бизнес екені белгілі болды. Өтеу мерзімі өте қысқа. Миллион теңгеге грантты осындай қасиеттерге байланысты ұтып алдым деп ойлаймын. Жұмысыма жұбайым Тілеген көмектеседі. Біздің бизнесіміз отбасылық», – дейді Райымгүл Базарбек.
Кәсіпкер шампиньон өсірумен айналысады. Оның айтуынша, бұл өте күрделі саңырауқұлақ. Интернеттегі ақпарат, әрине, пайдалы болды, бірақ осы бағытта арнайы оқыған.
«Алматыда аграрлық саланың көрмесі өткен кезде, ол шараға Туладағы компания өкілдері қатысқан болатын. Содан кейін олар маған келді. Технологиялық процесті реттеуге, Ресейден шикізат табуға көмектесті. Олар нөлден бастап алғашқы өнім алуға дейін қолдау көрсетті деп айта аламын», – дейді кәсіпкер.
Жалға алынған үй-жайда ерлі-зайыптылар бес тонна саңырауқұлақ отырғызды. Алғашқы өнім 33 күннен кейін жиналды. Тәжірибелі кәсіпқойлардың өзі теміртаулық бизнесменге аз уақыт қажет болғанына таң қалды. Әдетте саңырауқұлақтар 45 күн өседі. Сатуға келетін болсақ, өнімдерді көкөніс павильондары, мейрамханалар мен кафелер қабылдайды.
Алғашқы айналымнан түскен қаражатқа саңырауқұлақ өсіруші екінші камераны 10 тоннаға жабдықтамақшы.