15.11.2023, 9:30
Оқылды: 61

Тең. Теңке. Деньга: Теңге атауы қайдан шыққан?

Тәуелсіздігіміздің нышаны – төл теңгемізге 30 жыл. Осы уақытқа дейін теңгеміздің кескіні сан рет өзгеріп, басқа валюталарға шаққанда құны да сан құбылды.

акша

Елдігіміздің белгісі, егемендігіміздің еңсесі болған ұлттық валютамыздың құны теңсіз. Бүгін теңгенің ұлттық валюта болып бекітілгеніне 30 жыл толды. Осыған орай, қазақ тілінде ақша атауларына байланысты қандай сөздер бар, олардың түп-төркіні қандай? Валюта ретінде неге «теңгені» таңдадық? Ақша атауларына қатысты осы және өзге қызықты деректерді Kazinform сарапшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының аға менеджері, тіл маманы Мәрлен Әділов түсіндіріп берді.

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы
Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге. Қазақстан рубль аймағынан бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасынан соңғылардың бірі болып шықты.1993 жылғы 15 қарашада 1 теңге - КСРО-ның 500 рубль қатынасында айналымға енгізілді. Ұлттық Банк – ұлттық валютаның Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз эмитенті.

Егемен Қазақстанның алғашқы ақшасын ағылшын компаниясы «Харрисон және ұлдары» басып шығарды. Елімізде банкнот фабрикасы 1995 жылы ашылды. Бүгінде 18 қорғаныс дәрежесі бар қазақстандық теңге әлемдегі қорғалған валюталардың қатарына кіреді.

Айналыстағы ақша белгілері банкноттардан және монеталардан тұрады. Ұлттық валютаның банкноттары мен монеталары ұлттық валюта – Қазақстан теңгесінің банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленеді. Банкноттар мен монеталардың бейнесі мен сипаттамалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің айналысқа шығарған банкноттары мен тиындары олардың белгiленген құнымен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төлемдердiң барлық түрi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына, енгізу және ақша аудару үшiн қабылдауға мiндеттi, оларды барлық банк және Ұлттық пошта операторы шектеусiз ұсатады және айырбастайды.

«Теңге» атауы ортағасырлық «теңке» сөзінен шыққан
Тарихқа үңілсек, «теңге» атауы ортағасырлық «теңке» деп аталатын күміс монеталарынан шыққан, олардан орыс тіліндегі «деньга/тенька» монетасының атауы да шыққан. Қазіргі заманғы теңге ортағасырлық Қазақстанның ірі қалалары Отырар мен Тараздың дәстүрін жалғастырды, көне қалалардағы теңгелер XIII ғасырда соғыла бастады.

Теңге ұлттық валюта болып бекітілгенге дейін біз тарих бойына сом, пұл, манат, динар, ділдә және тағы басқа ақша атауларын қолданып келдік. Солардың ішінде күні кешеге дейін сом терминіқазақ тілінде «жүз тиынға тең ақша, рубль» мағынасында айтылып келді. Алайда қолданыстан ығысты. Оған себеп те жоқ емес, өйткені Тәуелсіздігімізді жариялағанда біз көптеген ақша атауларының ішінен мың жылдық тарихы бар төл сөзіміз теңгені таңдадық. Ал бауырлас елдер Қырғызстан мен Өзбекстан ұлттық валюта ретінде рубльдің балама атауы сом терминін қалдырды. Түрікменстан мен Әзербайжан парсы тілінен кірме сөз манат-ты алса, Түркия итальянша лира сөзін қолдануды жалғастырды, – деді Мәрлен Әділов.

Тіл маманы аталған атаулардың әрқайсына жеке тоқталды. Оның айтуынша, теңге сөзі көне түркі тіліндегі дөңгелек мағынасындағы «теңерек» сөзімен төркіндес. Бірақ түбі «тең» сөзіне барады. Алтын Орда дәуірінде тіпті орыс тіліне тенька, деньга болып кіріп, көршілеріміз әлі күнге дейін деньги деп пайдаланып келеді.

Ал, пұл сөзі парсы тіліндегі «ұсақ ақша, тиын» мағынасындағы пул дегеннен келген. Бізге парсылардан сауда арқылы жеткен. Ал Иранға көне грек саудагерлері обол деген тиынды жеткізген. Сол обол сөзі бірінші бол, сосын бұл, ең соңында пұл болып өзгерген. Абайдың өлеңдерінде бұл/бұлда деп те жазылғанын көруге болады. Ақша мағынасынан қымбат матаға ауысқаны да тарихта бар. Пұл қазіргі тілімізде жеке тұрып жиі жұмсалмайды, бірақ соңғы кездері жаңа терминдерге қосылып жүргенін жақсы білерсіздер, мысалы: айыппұл, өтемпұл, шайпұл, тіпті жөргекпұл дегендей, – деп атап өтті тіл маманы.

Қазақ қызының есімін Манат деп қояды. Көнерген сөз болса да, тілдік қолданыста бар. Яғни, халқымыз, Алтын, Гауһар, Маржан, Інжу, Жібек және басқа бағалы зат атауымен қатар, ақшаның атауын да қызына есім етіп қояды. Мәрлен Әділовтің айтуынша, манат «алтын тиын» мағынасындағы латынша moneta деген сөзден шыққан болуы мүмкін.
Манатқа келсек, ол да қазақ даласында қолданылған. Манат «алтын тиын» мағынасындағы латынша moneta деген сөзден шыққан болуы мүмкін. Екінші жағынан манат дегеннің қымбат мата түрімен де байланыстылығын жоққа шығаруға болмайды. Қыз балалардың Манат есімі қайсы мағынамен байланысты екенін өздеріңіз топшыларсыздар, – деп түсіндірді спикер.

Маман бұдан бөлек қазақ тарихында ақша атауы ретінде қолданған динар мен ділдә сөздеріне де тоқталды. Оның сөзінше, бұл сөздер араб елдерінде «алтын тиын» мағынасында қолданылған.

Динар мен Ділдә араб елдерінде алтын тиын мағынасында қолданылған, қазір көптеген елдің ұлттық валютасы саналады. Біз оларды орта ғасырларда пайдаландық. Қыздарға қойылатын есімдерге қарап та, ол ақша түрлерінің қаншалықты құнды болғанын аңғарамыз. Сонда түбі қазақша сөз болмаған ба деген заңды сұрақ туады, әрине болған, бірақ теңге, тиын сөздері ғана болмаса, бақыр, жармақ, шақа деген сөздер бірте-бірте ұмытылып жатыр, – деді Мәрлен Әділов.

Сондай-ақ, сарапшы сом қазақ тілінде ең басында «тұтас» деген мағынада болғанын айтты. Бұл сөз кейін «металдың тұтас кесегі» деген мағынаға ауысқан.

Иә, мысалы: сом алтын, сом күміс, сом темір. Зорсынғанға Алла бар / Сом темірге балға бар деген мақалдан да көрінеді. Сом тұтас металдың кесегі болғандықтан, Совет уақытында мағына жағынан ұқсайтын Рубль сөзінің орнына қолданыла бастаған. Соған қарағанда бұл рубль орнына келген жаңа сөз емес, ерте кезеңдерден бері қолданылып келе жатқан көне сөзіміз болса керек, – деп топшылады ол.

Спикер кейбір ғалым сом сөзін «сан» атауымен байланыстыратынын атап өтті. Енді біреулері латын тіліндегі сумма/сомма тұлғасымен қатысты деп келтіреді. Тағы басқалары араб тіліндегі саум «баға» сөзінен келуі мүмкін деп алға тартады. Ал, бізше сом жоғарыда айтқандай, «алтын немесе күмістің құймасы, тұтас бөлігі, таза кесегі» мағынасындағы сом дегеннен келген.

Өйткені Бартольд бастаған тарихшылар орта ғасырдағы еуропалық көпестің сөзін дәлел ретінде келтіріп, сом сөзінің түркі далаларында алтын немесе күміс кесегі, құймасы мағынасында ақша орнына жұмсалғанын жазады. Шынында, әсіресе, сом алтын деген қолданыс өте ерте дәуірлерден бері қолданылып келеді. Мысалы ХІ ғасырдың құнды жәдігері «Диуани лұғатит түркте» сун алтун «кесек алтын» деген тіркес бар. Түркі тілдерінде де сом сөзі бұрынғы мағыналарында әлі күнге дейін айтылады. Мысалы: құмық тілінде сом алтын «саф алтын», қырғыз тілінде сом «өнделмеген метал кесегі», қарақалпақта сом «кесек»; сом алтын «саф алтын», түрік тілінде som «тығыз, құйма, кесек, таза, қоспасыз деген мағынада пайдаланылады, – дейді маман.

Сонымен қатар, Мәрлен Әділов Кеңес дәуірінде түркі халқының барлығы дерлік сом сөзін «жүз тиынға тең ақша, рубль сөзінің қазақша варианты» ретінде қолданып келгенін айтты.

Қазақстан да солай. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің ел 1993 жылы ұлттық валюта ретінде тілде белсенді қолданысқа ие болған сом атауын қалдырмай, мың жылдық тарихы бар бұрынғы сөз көнерген сөз теңгені қабылдады. Оның басқа да саяси себептері болуы мүмкін, мысалы Қырғызстан рубльден бізден ертерек бас тартып, сомды қабылдады. Осылайша, қазақ тіліндегі әр ақша атауының өзіндік тарихы бар. Ол тарих жүз жылға емес, тіпті, мың жылға дейін барады. Соларды теру, мағынасын түсіндіру біздің негізгі міндетіміз деп білеміз, – деп түйіндеді сөзін Мәрлен Әділов.

Демек, қазақтың ұлттық валюта ретінде теңгені таңдауы тегін емес. Бұл еліміздің қашанда ақша атауына аса мән бергеніне дәлел және тарихи деректерге негіздеп, ұлтымыздың бейнесін «тайға таңба басқандай» бекітіп берді.

Рахила Тлеуова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале