Тәуелсіздіктің 25 жылдығында өңірдің жалпы өнімі 1 миллиард теңгеден бастап, 1 трлн. 300 млн. теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар өнеркәсіп өнімі 1 трлн. 300 млн теңгеге, яғни 3 мың есеге көбейді. Өңірге тартылған инвестицияның 80 пайызы жеке секторды дамытуға жұмсалуда. Бұл жайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада тұрғындарды мерекемен құттықтаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
– Елбасымыз: «Біз осы тағдырды қабыл алып, бірлік пен еңбек арқылы тарихи жолымызбен шығынсыз жүріп келеміз. Біздің ел егемендігін нығайтып, Мәңгілік ел болуға бағдар ұстады. Сондықтан Тәуелсіздік күні – барша Қазақстан халқы мен әлемнің барлық түкпіріндегі достарымыз үшін ұлы мереке» деп атап өтті. Ел мен жер тұтастығын қамтамасыз еткен ата-бабаларымыздың аманатына адалдық танытып, ақыл мен парасаттың арқасында бірлігі жарасқан ел ретінде танылдық. Тәуелсіздік жылнамасына тарих ретінде жазылған еліміздегі ірі халықаралық оқиғалардан бастап, шағын елді мекендегі жағымды жаңалықтың барлығы да ауызбіршілігіміз бен бірлігіміздің арқасында болды.
Азат ел ретінде іргелі іске ұмтылған 25 жыл өңіріміз үшін табысты болды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңадан салынған және күрделі жөндеуден өткен ғимараттар халық игілігіне берілді. Ширек ғасырда 3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды, өндіріс көлемі 3 мың есеге дейін өсті. Ел қауіпсіздігін нығайту бағытында 25 жыл ішінде «Зенит» зауытында 25 кеме жасалды. Өңірімізде бүгінге дейін 60 мектеп, 17 балабақша, 103 денсаулық сақтау нысаны салынды. Аумағы 4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 14 үй салынып, 1500 пәтер пайдалануға берілді. 215 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан жаңартылды.
Орал қаласында көптеген ірі білім ошақтары, мәдени орталықтар, спорттық нысандар бой көтерді. Бүгін Жастар және оқушылар сарайы іске қосылды. Алдағы уақытта облыста келелі мәселелер шешімін таппақ. Мысалы, 55-ке жуық елді мекенді орталықтандырылған ауыз суға қосуды жоспарладық. Облыста шағын және орта бизнес оңынан дамуда. Ауыл шаруашылығы саласында өңірдің жалпы өнімі 15 есеге – 6,8 млрд. теңгеден 106,5 млрд, теңгеге дейін ұлғайды.
335 млрд теңгеге 47 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2002 жылы облыс жұртшылығының 44 пайызы қамтылса, биыл бұл көрсеткіш 93 пайызға дейін артқан.
Соңғы он жылда 146 мың жаңа жұмыс орны ашылды. 2005 жылы 9 пайызды құраған жұмыссыздық 2016 жылы 4,9 пайызға дейін кеміді. Осы игіліктің бәрі мемлекет қолдауы мен Елбасы саясатының және бірлігіміздің арқасында оңынан жүзеге асты, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.
Мерекелік шарада облыс өнерпаздары концерт қойды. Әсем ән-күйлер төгіліп, театрландырылған көріністер, символдық мәні зор қойылымдар көрермендер назарына ұсынылды.
Нұртай Текебаев