27.05.2017, 17:31
Оқылды: 50

Теректіліктер азық-түлік өнімдерін ұсынды

Бүгін облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп жүрген Ихсанов атындағы көше бойы тағы да берекелі базарға айналды. Осындай апта сайын өтетін, алып-сатар делдалсыз, өндірушінің өз құнымен сатылатын азық-түлікке оралдықтар үйреніп қалған.

Дихандық пен мал өсіруді қатар ұстаған Теректі ауданы бұл күні Орал тұрғындарын  базар құнынан кем қойған ет, сүт, май-қаймағы бастаған мал өнімдерімен, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз сияқты күнделікті қажеттілік көкөністермен жарылқап тастады. Бал, асқабақ, кептірілген жемістер де бар. Әсіресе, 100-150  теңгеден жұмыртқа сатылған жерде адам қарасы мол болды. Тіптен, өзіміз ұмыта бастаған «шереттің шеті кім» дегенді де осы жерден естідім. 260-300 теңгеден  өздері өсірген жас қияр сатқан шағандықтардың да өніміне сұраныс мықты болды.

Балалар жағы "Балалар шығармашылығы үйінің" үйірмешілерінің қолынан шыққан әдемі бұйымдарды тамашалап, қалай жасалғанын сұрап жатты. Сауда алаңының қақ ортасында тігілген сахна төрінде ән шырқалып, күй төгілді.

Жәрмеңкенің қызып тұрған кезінде келген облыс әкімі Алтай Көлгінов теректіліктердің жайған сөрелеріне көңілі толды. Ал қолдорбамен ғана емес, қоларбамен сүйреп, таңдағанын алып жатқан халықтың көңілі – жайлау десе де болғандай .

Камелия Өтеу

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале