Өткен аптада Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы басқармасы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» өкілдері Теректі ауданына арнайы келді.
Мемлекеттік «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы және басқа да қолдау тетіктерін түсіндірген жұмыс тобы екі күн қатарынан Ақжайық, Подстепный, Федоров ауылдарында округтерді топтастырып, ашық ауада жиын өткізді.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жандос Шайжанов, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Орал қаласындағы филиалдың директордың орынбасары Дамир Ақынбеков алаңға жиналғандар алдында кәсіпкерлікпен, әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында іс ашамын деген ауыл халқына «Еңбек» бағдарламасының тиімді тұстарын баса көрсетіп, мол мәлімет берді.
Жиынға төрағалық еткен аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысы Бахтияр Карл теректілік ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдеріне аудан бойынша нәтижелі жүзеге асқан жобалар жайлы айтып, мемлекеттік қолдау мүмкіндігінен құр қалмауға шақырды.
Соңғы үш-төрт ай ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы құс алып, іске кіріскендер бар екендігінен хабардар ауыл тұрғындары «Еңбекке» қызығушылық танытып отыр. Осы кездесулерден соң мемлекет көмегімен жаңа іске бел байлағандар қатары толығары анық.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz