6.08.2025, 15:15
Оқылды: 532

Терезеден төнген қауіп немесе қыршынынан қиылған сәбилердің  обалы кімге?..

Жазда балалардың жарақат алуына немесе  мерт  болуына  себеп  болатын  бірден-бір  фактор  –  торсыз  терезе.  Былтыр Зашаған кентіндегі  біз  тұратын  көпқабатты  үйдің  төртінші  қабатынан  үш  жасар  қыздың  құлап  кеткенін  көзіммен  көріп,  бір  апта  дел-сал  күйде  жүрген  едім.  Сол сәтте  әлгі  терезеден  итеріп қалған  шамамен  жас  шамасы  төрт  жарым  жастағы  әпкесі  де  келіп,  төменге  қарап тұр  еді.  Көршілер  болып,  жан-жақтан  бірі  «Әрі  қарай  кет, кет, бол!»  деп  айқайлап,  енді  бірі  сол  пәтерге қарай  жүгірді.  Шұғыл «Жедел  жәрдемге» хабарластық, көп  күттірмей,  дәрігерлер  бригадасы да  келді.  Бүлдіршінді  алып  кеткен  соң  «Ей,  Алла,  сәби  аман  болса  екен», «Аман-есен  анасымен  қауыштыра  гөр!»  деп  тілей  бердік,  тілей  бердік.  Әлгі  пәтерге  барған  көршіміз  терезені  жаптырып,  екінші  бүлдіршіннің  қауіпсіздігін  қамтамасыз  етіп  келді.  Ата-анасы  жұмыста  екен, таңмен  жұмысқа  кеткенде  баланы  күтушісіне  аманаттапты.  Бала күтушісі  телефонға  алаңдап қалса керек, жас  шамалары  тетелес әпкелі-сіңлі асүйдегі  терезенің алдына (подоконник) шығып, сол  жерде  қуыршаққа  таласып,  бір-бірін  итеріп  қалған.  Сол күніміз балаларымызға  қауіпсіздік  туралы ережені  қайталаумен өтті.  Содан сағат 02:15-тер шамасында  түнгі  тыныштықты сәбиін  жоқтаған ананың  зарлы үні  бұзды.  Дәрігерлер бүлдіршінді  құтқара  алмапты, мүрдені  шаңырағына  алып  келді. 

«Жедел жәрдем» жеті минутта  жетеді

Облысымызда балалардың терезеден құлау деректері көбеймесе,  азаймай тұр. Бұл сөзімізге дәлел – облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынған статистикалық мәлімет. Аталмыш басқарманың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы терезеден 12 бүлдіршін құлап кетсе, оның біреуі қайтыс болған. Ал былтыр құлаған 15 сәбидің біреуі алған жарақатының салдарынан өмірімен қош айтысыпты. Денсаулығына едәуір нұқсан келіп, мүгедек болып қалып жатқандары да бар. Биылдың өзінде бес бүлдіршін көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Қыршыннан қиылып жатқан қаршадай балалардың обалы кімге? Мүгедек болып қалған жазықсыз балақайлардың болашағына кім жауапты?! Әрине, ең бірінші, жауапкершілік – ата-анада!

Сәби терезеден құлаған сәтте ата-анасы, айналасындағы адамдар абдырап, қалай әрекет ету керектігін білмей жатады. Облыстық «Жедел жәрдем» стансасы директорының орынбасары Гүлнар Жұмағалиева мұндай қайғылы жағдай орын алса, бірден «Жедел жәрдем» қызметіне қоңырау шалу қажеттігін  айтты.

жумагалиева гулнар

– Бүлдіршін жазатайым оқиғаға тап болып, биіктіктен құлап кетсе, дереу 103 немесе 112 қызметтеріне қоңырау шалу керек. Оқыс оқиға орын алған мекенжай, баланың жасы мен оның жағдайын нақты айтқан дұрыс. Жоғарыдан құлаған баланы дәрігерлер келгенше орнынан қозғамау қажет. Өйткені жүйке, жұлыны мен омыртқасына, кеудесіне, бауырына, жалпы ішкі ағзаларына зақым келіп, іштей қан кету жағдайлары болса, орнынан қозғау кезінде денсаулығы одан әрі ушығады. Дәрігерлер бригадасы ғана зембілге салып, ота бөлмесіне жеткізеді. Мұндай қайғылы жағдайда, ең алдымен, сапалы медициналық жәрдем көрсетілуі тиіс. Дәрігерлер бұл кезде оқиға орнына барынша жедел жетеді. Жол ұзақтығы мен кептелісіне байланысты бару ұзақтығы 7-15 минутты құрайды, – деді Гүлнар Жомартқызы.

Бұғаттағыш кімдерге тегін орнатылады?

Жасыратыны жоқ, жаз басталысымен бөлме ішін желдету үшін тұрғындар терезені ашуға асық болады. Онда шыбын-шіркейден қорғайтын тор орнатылғанымен, ол үйдегі кішкентайлар үшін қауіпті. Өйткені терезеден құлап кеткен балалардың дені – москит торына (москитные сетки) сүйеніп, даланы қарамақ болғандар. Мұндай қайғылы жағдай орын алмас үшін ата-ана бейқамдық танытпай, ұл-қызын көзден таса қылмауы керек. «Осы орайда баланы терезе қаупінен қорғайтын жалғыз жол – темір тор немесе бұғаттағыш», – деді облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Азамат Исмаил.

азамат исмаил

– Облыстық төтенше жағдайлар департаменті балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар атқарды. Жыл басынан бері төтеншеліктер көп қабатты тұрғын үйлердің терезелеріне 600-ге жуық бұғаттағыш (2024 жылы – 274) орнатты. Оның 222-сі – көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын әлеуметтік осал топтағы отбасылар. Оларға бұғаттағыш тегін орнатылды.

Балалардың терезеден құлауын болдырмау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараларға тоқталсақ. Алдымен өзгелерге үлгі-өнеге көрсету мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті-нің жеке құрамы арасында «Өзіңнен баста» атты акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара аясында 149 қызметкер өзінің үйіне бұғаттағыш орнатты. Сондай-ақ биыл 30 маусымда балалар қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жоспардан тыс комиссия отырысы өтіп, онда барлық құрылысқа қатысты мемлекеттік мекемелерге ҚР ҚН 3.02-01-2023 «Көппәтерлі тұрғын үй ғимараттары» 5.3.9 тармағына сәйкес көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы және оны жобалау кезінде терезе бұғаттағыштарымен  жабдықталу қажеттілігі туралы ақпарат хат жолданды. Сондай-ақ Орал қаласының әкімдігі, тұрғын-үй шаруашылығына қатысты мемлекеттік мекемелердің және мүлік иелері бірлестіктерімен жиналыстар өткізілді. Басқосуда барлық мүлік иелері бірлестіктерінің төрағаларына терезе бұғаттағыштарын орнату қажеттілігі туралы айтылды. Орал қаласындағы көпқабатты 650-ден астам тұрғын үй мен үш лагерьге рейд жүргізіліп, салғырттық бала өміріне қауіпті екені түсіндіріліп, лекция оқылды.

Облыстағы 751 білім беру мекемесінің (мектеп және балабақша) ата-аналарымен жиналыс ұйымдастырылып, тиісті ақпараттар жеткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 1028 материал (телеарнада, радиода, газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде) жарияланды.

Жалпы балалардың биіктіктен құлап кетуінің алдын алу жұмыстары жалғасуда және арнайы бақылауда. Биыл балаларын қауіпті жағдайға қалдырған екі ата-анаға қатысты іс қозғалды. Оларға  ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 127-бабына сәйкес айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-ана терезеге өз беттерімен тор, бұғаттағыш орнатамын десе де өз еркі. Бастысы, қауіпсіздікті қамтамасыз етсе болды. Баланың тағдыры тұрған мәселеде қауіптің алдын ерте алу керек, – деді Азамат Исмаил.

Темір тордың бағасы қанша?

Терезеге темір тор орнатуды біреудің қалтасы көтерсе, кейбірінің қалтасы көтермеуі мүмкін. Осы орайда m.olx.kz сайтынан жергілікті жерде темір тордың бағасы қанша екенін білдім. Мәселен, Орал қаласында темір тор терезенің көлеміне, әсемдігіне байланысты бір данасы  12 000-20 000 теңге аралығында екен. Темір торға тапсырыс аламын деп жазып қойған Қанат есімді шеберге хабарласқан едік. Осы салада алты жылдан бері жұмыс істеп жүрген кейіпкеріміз тұтынушылар тарапынан жасаған темір торларға шағым болмағанын  айтады.

–  Қазір терезеге темір тор орнату бойынша тапсырыс көп түсуде. Ата-аналар хабарласып, тапсырыс бергенде бүлдіршін тағдыры үшін өзім де қуанамын. Біз темір торды 12 000 теңгеге орнатамыз. Бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін орната береміз. Бұл қаржыға терезе көлемін өлшеу, терезе торын орнату толығымен кіреді. Терезені өлшегеннен кейін екі-үш күнде орнатып береміз. Бұдан бөлек терезені шалқайтып ашпауға арналған бұғаттағышты (блокиратор) немесе терезе тұтқасына құлып орнатуға болады. Бірақ одан гөрі темір тор орнатқан дұрыс. Себебі блокиратордың беріктігіне сеніммен қарау қиын, – деді ол.

c7cc98fd-12b2-4db1-9b97-fb6eb17411f4

Ғаламтордан, яғни тұрғындар жиі қолданатын «Каспи» қосымшасынан   бұғаттағыштың да бағасын білдік. Бұғаттағыштың бағасы сапасына байланысты 689 теңгеден 7000 теңгеге дейін сатылады екен. Ал терезе тұтқасына орнатылатын құлып  300 теңгеден басталады. Оған шебердің орнату жұмысына алатын ақысын қоссаңыз, 5-6 мың теңгеге  шығады.

P.S.  Осыдан бірнеше күн бұрын Орал қаласындағы Завокзальный тупик көшесіндегі 59-үйдің 2-қабатынан сәби құлап кетті. Екі-үш жасар бөбектің комадан шығып, палатаға ауысқан сәтіне дейін көршілері амандығын тілепті.  «Періштесі қаққан» шығар, сәби сауығып, отбасына оралған. Биыл терезе салдарынан орын алатын қайғылы жағдай статистикасы осымен аяқталса екен деп тілейік. Қорғансыз баланы қорғау үшін мамандардың пікіріне құлақ асып, жауапкершілікті қазірден бастап қолға алайық, оқырман!

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале