7.10.2025, 17:15
Оқылды: 151

Тері өңдейтін зауыт іске қосылды

Облыс әкімінің  орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов «ПОШ  Руно» ЖШС-ның  өндірістік  базасына барып, тыныс-тірлігімен танысты. 

 557638834_2263292457479344_9120936615903227037_n

Ақ Жайық өңірі – республикада малды өңірлердің бірі.  Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы 1 қыркүйекте облыста ірі қара саны – 1 млн 23 мың, жылқы – 319 мың, қой – 1 млн 444 мың 400, түйе 2 800 бас болған. Облыста тері-терсекті өңдейтін екі кәсіпорынның бірі – «Пош Руно» зауытының жұмысы 2022 жылдан бері тоқтап тұрған еді. «Шикізат тапшылығы зауыттың адымын аштырмады.  Өйткені онда тек мал сою кешендерінде механикалық алынған терілер қабылданады. Қосалқы шаруашылықта, үй жағдайында сойылған малдың терісін етінен ажыратқан кезде зақымдап алатындар көп.  Пышақ тигесін тері жұқарып қалады. Ол илеуге, өңдеуге жарамайды. Сондықтан ондай сапасыз теріні қабылдамайды. Одан басқа малдың терісіне күйдіріп басылған таңба мен малдың денесіне бөгелектердің дернәсілдерін қалдыруы да тері сапасын төмендетеді. Бұл ветеринарлық шаралардың уақтылы жүргізілмеуінен», – деді аталған басқарма басшысы Жасұлан Халиуллин.

Енді сол кәсіпорын биылғы қазан айынан бастап қайта іске қосылды. Зауыттың екінші тынысы ашылды. Иран елінен келген инвесторлар «Persist Kazakh K&K» ЖШС құрып, ірі тері өңдеу кәсіпорнының жұмысын қайта жаңғыртты. Содан кейін ауыл шаруашылығы жануарларының (ірі қара, жылқы) терісін өңдеуді бастады.

– Тері өңдейтін зауыт толық қуатына шыққан жағдайда жылына 182 мың ірі қара  және 624 мың ұсақ малдың терісін өңдеуге мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда аудандардан тері дайындау жұмыстары  ұйымдастырылып  жатыр.

Алдағы уақытта кәсіпорын қой жүнін қабылдап, өңдеуді, киік терісін өңдеуді және ұсақ малдың ішкі құрылысын өңдейтін жаңа цех салуды да жоспарлап отыр, – деді Қалияр Айтмұхамбетов.

557636583_2263292194146037_8996059319678629544_n

Өңірдегі екінші «Кублей» кәсіпорны таза сойылған өгіз, бұқа терісін қабылдайды. Одан басқа өз өндірісінде сойылған мал терісін өңдейді. Бұдан басқа қазіргі кезде Жәнібек ауданында тері өңдейтін жаңа цехтың жобасы жандануда. Жоба құны – 765 млн теңге. Кәсіпорында айына 400 тонна сиыр, жылқы терісі қабылданады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, кәсіпкер Бауыржан Сабанов жаңа «ЕСО-СLUB» тері цехына қажетті құрал-жабдықтар алуға 10 жылға 550 млн теңге бюджеттік несие алған.

Осылайша өңірдегі тері-терсек өңдеу мәселесі өз шешімін табады деген сенім бар.

 

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале