1.04.2026, 11:15
Оқылды: 63

Тері өндірісін қалай жолға қоямыз?

Өмірде кей адамдар мамандығын өздері таңдайды.  Ал кейбір жанды мамандықтың өзі таңдайтын секілді көрінеді.  Нәсіпқали Жылқыайдаров (суретте) – бала кезінен тері-терсек шаруашылығымен етене таныс.  Оның ғұмыры    қазақ даласындағы жеңіл өнеркәсіптің, нақтырақ айтқанда, тері өңдеу саласының өрлеуімен және құлдырауымен тығыз байланысты.  Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» романында Найман руының ішіндегі Көншілер табының тері өңдеп танылғанын және содан да рудың аты Көншілер (тері өңдеудің шеберлері) руы атанғанын жазады.  Осы тұрғыдан алсақ, кейіпкеріміз Ақ Жайық өңірінің бас көншісі екені шүбәсіз.

 Жылкыайдаров1

Нәсіпқали Шыңғалиұлы бұрынғы Жымпиты ауданының Аралтөбе ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысып, контузия алған әкесі 1962 жылы 38 жасында дүние салды. Ол кезде кейіпкеріміз тоғыз  айлық шарана еді. Анасы үш баламен – екі ұл, бір қызбен жастай жесір қалды.  Нәсіпқали ағаның балалық шағы соғыстан кейінгі қиын жылдардағы жоқшылықпен, бірақ еңбекпен қоса өрілді. Көршілес тұратын нағашысы Айғали Есмырзаұлы ауыл-аймаққа белгілі теріші еді. Тұрғындардан тері-терсек қабылдап, үйінің жанындағы қамыс қораға жинайтын. Кішкентай Нәсіпқали нағашысының қасында жүріп, теріні бізбен тесіп, жіпке қалақ байлап, қай ауылдың терісі екенін жазатын. Мектепке барса да, кешкісін кепкен теріні сүйретіп, жинауға көмектесетін. Күніне бір сарқұлақ табатын. Ол заманда бір сом – қомақты ақша. Тапқанын анасына әкеп беретін. Қазір ойлап отырса, сол тірлігі бір жағынан еңбекке, екінші жағынан отбасыға сүйеніш болуға тәрбиелепті.

Айғали нағашысы тек теріші ғана емес, бұғанасы қатпаған балаға рухани ұстаз да болды. Кітапты көп оқитын, жиенін де соған баулыды. Ілияс Есенберлиннің «Ақ Жайық» романын беріп, мазмұнын сұрап тексергені күні кеше сияқты көрінеді. Осылайша еңбек пен білім бұғанасы қатпаған баланың санасында қатар өрілді.

Ауыр еңбекпен шыңдалды

Мектепті бітірген соң Нәсіпқали аға Ресейдің Кострома қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында зоотехник мамандығы бойынша оқиды. 1984 жылы қолына диплом алады, шаңырақ көтереді. Зайыбы Алма Ибатқызы – физика-математика пәнінің мұғалімі. Оралда дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 33 жыл бойы ұстаздық етті.

Жас отбасы Оралда пәтер жалдап күнелтті. Сол кезеңде ауылдан келген қазақтар ауыр, лас жұмыстарға жегілетін. Нәсіпқали аға «Землячка» тері өңдеу зауытына жұмысқа тұрды. Көпестің ескі атқорасының орнындағы бейімделген өндірістік цехта ауыр еңбек қайнайтын. Бірақ жұмысшылардың жалақысы – 350-400 сомға дейін баратын. Сол кезде зауыт директоры Зият Мұзафаров (төмендегі суретте: ақ қалпақты) есімді мықты директор болды. Қарапайым жұмысшы Нәсіпқали ағаның жалақысы директордың жалақысынан екі есе көп еді.

1986 жылы кәсіпорын жұмысшыларына арналған отбасылық жатақхана салынды. Жас әрі өз ісінің  шебері ретінде кейіпкеріміз жатақханадан жайлы пәтерге лайықталған екі бөлмеге қол жеткізді. Екі ұлы мен қызы сол жерде өсті.

Тері – қасиетті шикізат

– Зауытта тері тиеу, түсіру, илеу – көбіне қол еңбегімен атқарылатын. Кей процестер, мысалға, терінің майын станоктарда сылайтын. Қазір мұндай қара жұмыстың барлығы заманауи қондырғылар мен техника көмегімен орындалады. Қабылданған теріні суға салып, жібітіп, бастапқы қалпына келтірген соң, станокта өңдеу басталады. Бір күні барлық цехты аралап көрдім. Ең ақырғы әрлеу цехы деген болатын.  Онда сұрыптаушылар жұмыс істейді. Боялған, жып-жылтыр тері көз қуантады. Содан цех бастығына барып, тері өңдеу үрдістерінің барлығын: теріні қабылдап, жуудан бастап, соңғы цехқа дейін үрдістерін кезең-кезеңімен істеп үйренгім келетінін айтып, келісімін алдым. Екі ай дегенде әр цехта жұмыс істеп, вет блю, яғни теріні  жүнінен айырып, көк теріге (өңделген терінің үш сорты бар. 30-35% өңделген көк тері «Wet blue» деңгейіне жатады)  айналдыруды үйрендім.  Ондай тері бұзылмай жата береді. Барлық цехта жұмыс үрдістерін меңгеруім менің теріші маман болып қалыптасуыма әсерін тигізді, – деп еске алады Нәсіпқали аға.  Осыдан кейін ол Алматыға бір айлық курсқа және бригадирлік оқуға  барып, тері өңдеу саласындағы білім-білігін жетілдірді.

Кеңес одағы кезінде «Землячка» тері өңдеу зауытында айына 5 мың тері иленетін. 600-ге жуық адам еңбек етті. Былғары, қайыс, тері (түгі бар), жұмысшы киімдері – бәрі осында өндірілді. Әлемнің 36 еліне былғары шығарды. Алайда 1991 жылы ескі цехтың төбесі опырылып түсті де, зауыт уақытша жабылды. Кейін 1998 жылы банкротқа ұшырады. Барлық станок металға өткізілді. «Сол станоктарды қолынан іс келетін жұмысшыларға қалдық құнымен бөліп беруге болатын еді. Сонда өндіріс, жеңіл өнеркәсіп саласы өркендеп кетер ме еді», – деп  өкінеді кейіпкеріміз өзегі өртеніп.

Ауылдағы  жаңғыру

«Землячка» зауыты тұрып қалған соң, теріші жігіт «Аяз» киіз фабрикасының сол кездегі басшысы Аманкелді Таспиховқа барады. Көршілес зауыттан күніне жарамсыз деп 70-80 тері қоқысқа кететінін көріп жүретін. Содан былғары жасай аламын деген ұсынысын айтып, бір жылға келісімшарт жасайды.  Өзіне серік етіп 5-6 жұмыстас жігітті алып барып, қой-ешкінің терісін иледі. «Аяздықтар» тігін цехында былғары мен теріден күрте, тондар тігетін. Осылайша қоқысқа тасталатын теріні кәдеге жаратты.

1993 жылы Ақ Жайық өңіріне танымал Казталов ауданының Ақпәтер ауылындағы «Красный паризан» совхозының директоры Кәрім Өтеғұловтың шақыртуымен  Ақпәтер ауылында тері илеу цехын іске қосты. Алты айда жабдықты жүргізіп, былғары мен тері өндірді. Тігін цехын ашты. Осылайша 15-20 адам жұмыспен қамтылды. Нәсіпқали аға тері илеу цехында киік терісін де иледі. Одан күрте, плащ, қолғап тігілді. Бұрын «Землячка» кәсіпорнында Жаңақала ауданы жағында киік басын реттеуден кейін 15-20 мың дана киік терісі өңделетін.

– Киіктің терісі қой-ешкінің терісіне қарағанда ең мықты әрі икемді, созылғыш. Дала жануары болған соң ба, күн мен жаңбырға, қарға суарылған, терісі жыртылмайды. Оның терісін илеп, былғарысынан күрте, қолғап тігетінбіз. Қазір мұны естен шығардық, – деп әңгімесін сабақтады теріші.

1996 жылы «Землячка» зауытының орнына «Нұрәлі» ЖШС кәсіпорны ашылды. Жеңіл өнеркәсіп саласының майталманы Нәсіпқали ағамызды қоғам қайраткері, марқұм Аманжол Зинуллин қолқалап, қызметке шақыртып алған еді. Зауыт басшылығы оны цех бастығы етіп жоғарылатты. Онда 1996-1999 жылдары жұмыс қайнады. Бірақ жекешелендіру, экологиялық талаптар, нарықтағы қиындықтар біртіндеп кәсіпорынның жұмысын тоқтатты. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын терішіге көршілес Ақтөбеден де цех ашып беруге көмек сұраушылар болды.  Алға ауданына екі ұлымен бірге барып, тері өңдейтін цех ашуға қызмет етті.

«ПОШ Руно»  және шикізат мәселесі

2017 жылы Оралда «ПОШ Руно» ЖШС былғары өңдеу кәсіпорны ашылғанда, Нәсіпқали аға балаша қуанды. Зауыт иесі Роберт Ирменовтің қолқалауымен тәжірибелі маман өндірісті жолға қоюға көмектесті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен тері жинауды ұйымдастырды. Ресейдің Астрахан, Дағыстан аймақтарынан да шикізат жеткізілді.

«Зауыт басшылары жергілікті теріні қабылдап, өңдеуді ұсынды. Басқа өңірлерден  қой терісінің бір данасы 170 теңгеге тасымалданатын. Оған теріні сатып алу, жеткізу шығындары кіретін.   Енді жергілікті бір теріні 50 теңгеге сұрасақ, ешкім тапсырмайды. 100 теңгеге де бермейді. Осылайша зауыт коронавирус індеті ылаң салғанша жұмыс істеді. Артынан 2022 жылы түріктер жалға алып, алты ай іске қосты. Содан кейін зауыт тоқтады.   Роберт Ирменовтің қолдауымен Қытайдың Шанхай қаласында өткен халық-аралық көрмеге барып, теріге сұранысты зерттедім. Негізі, біздің терінің сапасы шамалы. Шамалы дегенім күлге лақтыр дегенім емес, сиыр 4-5 жасқа келгенше сан рет айырмен түйрейміз, күрекпен ұрамыз. Оның барлығы теріде із қалдырады. Ветеринарлық шараларға, екпемен қамту дегенге мән бермейміз. Қойды көбікке түсіретін адам аз. Содан да қой қотыр болады. Ондай қойдың жүні түсетіндіктен терісі астарға кетеді. Қытайларды шақырамыз деп жүргенде ирандық инвесторлар табылды», – деп сөзінің соңын қуанышты леппен аяқтады Нәсіпқали аға. Оның маңдайындағы қатпар-қатпар қыртыстары жазылып, қараторы жүзіне шуақ ұялады.

Кәсіпорынның қуаты кү-ніне 750 ірі қара, 2500 қой терісін өңдеуге жетеді. Үш жыл тұрып қалып, ирандық инвестордың келуімен жұмысы жүреді делінген тері зауытының басты мәселесі – шикізат тұрақтылығы және ветеринарлық анықтамаларда көрінеді. «Тері бар, бірақ жинау жүйесі жоқ» дейді теріші. Кеңес дәуіріндегі қабылдау пункттерін қалпына келтіру керек деп санайды. Әр ауылда тері жинау орны болса, зауыт тоқтамайды. Қазір сиыр терісін 800 теңгеден, қой терісін 200 теңгеден қабылдайды. Бірақ ветеринарлық анықтама алу қиын әрі қымбат. Мал сойған ағайын тері тапсыру үшін терісін сүйретіп, Оралға келіп, ауру емес деген ветеринарлық анықтама алуы керек. Оны кім істейді шығынданып? Бұл мәселе – өндірісті «тұсаулайды».

Атакәсіп – аманат

Зейнетке шықса да, Нәсіпқали Шыңғалиұлы теріден қол үзген емес. «Атадан ама-
нат» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрды. Сырым ауданында тері жинауды қолға алды. Терішінің айтуынша, өңірдегі тері жинау жұмысын ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы шешуге болады. Бұл туралы бастамасын облыс әкімдігі қолдағанымен, әлі күнге қозғалыс жоқ. Өңірлік деңгейде тері жинау пилоттық жобасын іске қосып, оны республика көлемінде тарату мүмкіндігін қарастырған жөн. Батыс аймақтағы төрт облысқа ортақ Оралдағы тері өңдеу зауытының тұрақты жұмыс істеуі жүздеген адамды жұмыспен қамтып, ауыл тұрғындарына қосымша табыс көзі болар еді.

– Тері мен жүн – дала байлығы. Бір етікші бір ауылды асыраған заман болған. Шикізатты рәсуа қылмай, жүйелі жинасақ, халық игілігін көреді. Табиғи теріге сұраныстың болмауы – өндірістің жолға қойылмауы. Қазіргі кезде өркениетті елдерде табиғи терінің орнына жасанды материалдар қолданылады. Мысалға, мұнай қалдықтарынан жасалатын дермантин, сән индустриясындағы вегантері (ол өсімдік тектес шикізаттардан – ананас жапырағынан, алма қабығынан жасалады) және зертханаларда жасушадан өсірілген биотері бар. Ал бізде кәдемізге молынан жарайтын шикізат көздері қоқыс полигондарының шұңқырын толтырып жатыр, – дейді ол.

056b0f5aa956681b

Бүгінде Нәсіпқали ағаның ұлдары Қайрат пен Ришат әке жолын жалғап, теріден бұйым тігеді, тері илейді. Қайрат тері бұйымдарын тігетін цехта алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Ришат та кәсіпкер, 20 шақты адамды жұмысқа орналастырған. Зайыбы Алма Ибатқызы – ұстаздық жолын абыроймен аяқтаған жан. Қыз-күйеуі Әсем мен Азамат та кәсіпкерлік жолда. Әулеттің жапырағы жайылуда.

Нәсіпқали Шыңғалиұлы – терінің қасиетін түсінген теріші. Оның ғұмыры – кеңестік өндірістен тәуелсіздік кезеңіндегі кәсіпкерлікке ұласқан салиқалы жол. Ол үшін тері – жай шикізат емес, атакәсіп, аманат.

«Ғұмырым жетсе, бастаған ісімді орта жолда қалдырмаймын», – деді ол жүзі алабұртып.

...Қағылез денелі, алпыс алты жастағы ағамыз жылдам адымдап көше бойлап кетіп барады. Жаңағы сеніммен айтылған сөзі ойландырды. Жеңіл өнеркәсіптің жанкештісінің сөзі осы өндірістің үміт шоғын үрлегендей көрінеді.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале