Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған мемлекеттік құрылымдардың, құқық қорғау органдарының, қоғамдық және діни бірлестіктердің басшылары, БАҚ өкілдері және селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.
Теріс діни ағымдардың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік құрылымдардың атқарып жатқан жұмыстарының барысы талқыланған жиынды Арман Кәрімұлы ашты.
-Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамымыздың рухани жанғыруы еліміздің саяси және экономикалық жаңғыруларының өзегіне айналуы керек деген. Халықта «Ес түзелмей, ел түзелмейді» деген даналық сөз бар. Қоғамымыздың қай саласында болмасын, осындай рухани жаңару секілді ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда, зиялы қауым өкілдерінің, сарапшылар қауымының рөлі орасан зор. Сондықтан Елбасы қойған міндеттер аясында өзара пікір алмасуы үшін кеңес отырысы өткізіліп отыр. Дәстүрлі діни құндылықтарды сақтау және діни экстремизм мен терроризм идеяларына қарсы іс-қимылды күшейту үшін барлық мемлекеттік құрылым мен қоғамдық ұйымдар арасында кешенділік пен үйлесімділік шараларын қолға алып, қоғам болып атсалысуымыз қажет,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жиында негізгі баяндаманы облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов жасады. Ол өңірдегі дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру жолдары мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Баяндамашының айтуынша, облыс аумағында тұрғындар арасында деструктивті діни ағымдар идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастырумен дін істері басқармасы жанындағы дін мәселелерін зерттеу орталығы, ақпараттық-түсіндіру топтары (АТТ), үкіметтік емес ұйымдар айналысуда. «Зерттеулер мен талдау жұмыстары көрсеткендей, тұрғындар арасында деструктивті діни ағымдар идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыруда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары негізгі пәрменді әдіс-тәсіл болып табылады,-деді Талғат Рақымұлы.
2017 жылдың І жартыжылдығында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында құрылған ақпараттық-түсіндіру топтары арқылы 97408 адамды қамтыған 1287 іс-шара (452 – кездесу, 272 – дәріс, 64–семинар, 56 – дөңгелек үстел, 7 –кеңес, 2 – Форум, 63 – акциялар, 212 – жекелей әңгіме, 159 – өзге шаралар) өткізілді.
Барлығы 97408 адамды қамтыған 1287 іс-шара ұйымдастырылса, соның ішінде тұрғындар арасында 80692 адамды қамтыған 877 іс-шара, жастар арасында 16716 адамды қамтыған 410 іс-шара жүзеге асырылды.
Бұл маңызды үрдіске аудан әкімдіктері де лайықты үлес қосты. 2017 жылы аудандарда түрлі форматта өткізілген шараларды сараптай келе, Бөрлі (134 шара), Зеленов (124 шара), Теректі (101 шара) аудандарының белсенділік танытқанын, Сырым (79), Жаңақала (73), Қаратөбе (59), Казталов (56) аудандары орташа деңгейде тұрғанын, ал, Тасқала мен Ақжайық (48), Жәнібек (42), Шыңғырлау (39), Бөкей орда (25) аудандарының бұл мәселеде белсенділігі біршама төмендегенін байқаймыз.
Бүгінде елімізде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындаушы саланың бірі рухани, құлықтық, патриоттық білім беру мен тәрбие болып саналады. Келешек ұрпақтың рухани тұрғыда және құлықтық даму проблемасы – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Ал, сол білімді жастарға беруге ең негізгі қызмет ететін тұлғалар – педагогтер қауымы. Сондықтан да білім беруде жүргізіліп жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру – оқытушы қауымына ортақ іс. Жаңа заман оқытушыларға жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді. Оқытушы қауымына тың серпіліс, жаңа көзқарас әкеледі.Әлемге танымал мұсылман дінтанушысы әл-Ғазали діни білім туралы былай дейді: «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы-екенін айтып кеткені бар. Бүгінгі таңда жастардың көз алдында дін рухани-құлықтық идеаларды таратушы және мәдени дәстүрді сақтаушы ретінде жоғары дәрежеге ие болып отыр. Осыған орай білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар алдында қазақ қоғамы үшін дәстүрлі діндердің әлеуетін жастарды рухани-тәрбиелікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу туралы мәселе тұр. Сондай-ақ, елімізде өзара түсіністік пен дінаралық татулықты сақтай отырып, мемлекеттілікті нығайту үшін жас ұрпаққа дәстүрлі діндер, олардың рухани құндылықтары, еңбектері, дін ғұламалары жайлы білуі керек.
Сондықтан да жалпы білім беретін орта мектептерде заман талабына сай, жасөспірімдерді діни сауаттылыққа тәрбиелеуге негізделген «Дінтану негіздері» курсы енгізілсе, 2016-2017 оқу жылында факультатив курсының атауы «Зайырлылық және дінтану негіздері» болып өзгертілді.
2016-2017 оқу жылында негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбы үшін типтік жоспардың вариативті компонентінен «Зайырлылық және дінтану негіздері» факультатив курсы міндетті 1 сағат апталық жүктемесімен жүргізілуде. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығына сәйкес әзірленді.
zhaikpress.kz
Сәкен Әбілхалықов