7.10.2025, 16:00
Оқылды: 625

«Іс тігіп бастағанда  шаршағанымды ұмытып кетемін»

Жаңақалалықтар Зарина Дауымованы он саусағынан өнер тамған ісмер ретінде жақсы біледі. Аудан орталығындағы оның ательесінде көздің жауын алар қолөнер бұйымдары мен балаларға арнап тіккен ұлттық киімдер, құрақ көрпелер, қыз-келіншектерге арналған әр түрлі пішіндегі сөмкелер, кәдесыйлар толып тұр. «Қыздың көзі – қызылда» демекші, ауданға іссапарымыз барысында «Зарина» ательесіндегі әр түрлі көркем бұйымдарға назар аударып, аз-кем тілдесудің сәті түсті.

WhatsApp Image 2025-10-07 at 11.12.57

Зарина Азаматқызы – 2023 жылы Қазақстанның КИНЭС рекордттар кітабына енген 400 құрақшының бірі. Казталов ауданында  дүниеге келген кейіпкеріміз жаңақалалық Айданалиевтер әулетінің келіні. Алтынбек азаматтың жары, Нұрдәулет, Ислам, Рамазан есімді перзенттердің анасы. Іс тігуді нағашы әжесінен үйренген. Ең алғаш әжесінің тігін машинасымен нәрестелерге арналған иткөйлектер тіге бастайды. Кейін мектептегі еңбек пәнінен сабақ берген ұстазынан жүн түтуді үйреніп, іс тігуге машықтанады. Мектеп бітірген соң әкесі Азамат: «Қызым, әр адам өзі жақсы көретін іспен айналысып, сол салада жұмыстану керек. Сонда жетістікке де жетесің, табысты да боласың», – дейді. Бойжеткен Зарина «Әке, мен іс тігуді білемін ғой, оның да оқу-тоқуы бар ма? Маған басқа не үйретеді?» деп әкесінің ұсынысына алғашында қарсы болады. Алайда әке ұсынысы мен  жүрек үнін тыңдаған кейіпкеріміз Орал қаласындағы А. Иманов атындағы №12 кәсіптік лицейде білім алып, ісмерліктің қыр-сырын меңгереді. Бүгінде ол кез келген киімді пішіп, тігіп беретін модельер-дизайнер.

WhatsApp Image 2025-10-07 at 11.12.57 (2)

– Қазір іс тігуді өз бетімен үйреніп алғандардың көбі тігінші-дизайнермін дейді.  Бірақ тәжірибелі тігіншілер олардың кемшіліктерін, яғни арнайы білім алмағанын бірден байқайды. Іс тігудің өзі – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп керек. Керек қиықтарды сызғышпен өлшеп, түп-түзу қылып қиып аласың. Түстердің сәйкестігі, матаның түсі, тігістің түрлері бәрі бір-бірімен үйлесім табуы керек. Кәсіптік лицейдегі ұстазым Жанипа Қанатқызынан ісмерліктің қыр-сырын үйрендім. Іс тігуді білемін деп өзіме сенімді болып оқуға түскенде тәжірибелі мамандардың сабағынан соң әлі де үйренетінім көп екенін ұғындым. Екі жыл білім алып, әмбебап тігінші мамандығы бойынша диплом алдым. Әмбебап тігіншілер матадан киімдерді, бұйымдарды, яғни тапсырыстарды өздері пішіп, тігеді. Іс машинамның майы таусылғанын, шаң-тозаң тұрып қалғанын жұмыс үрдісі кезіндегі дауысынан білемін. Тазалап, майын құйып, күтімін жасап тұрамын, – деді ісмер.

WhatsApp I

Жаңақала ауданы орталығында сауда үйінің бір бөлмесін жалдап, ауданда алғаш  болып ателье ашады. Басында «шалбарлардың балақтарын өзім де қысқарта аламын» деп ателье қызметінен бас тартқан әпке-жеңгелер уақыт өте келе оның тұрақты клиенттеріне айналады. Өйткені ине-жіппен көктеп тігілген тігістер бір-екі  апта өтпей жыртылып, қайта-қайта тіге беруден жалыққан соң Заринаның қызметін пайдаланып көреді. Киімдерді дүкендегі сатылымдағыдай пішіп-тігіп беретін ісмердің жұмысын көргеннен кейін риза болып, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарына жарнамалап, кейіпкеріміздің тұрақты клиенттерінің санын арттырады. Жүйелі білім жетілдіруге де баса назар аударатын Зарина Азаматқызы ісмерлер арасында ұйымдастырылатын байқаулардан да қалыс қалмайды. Мәселен, 2023 жылы Астана қаласында ұйымдастырылған кестелеп төгу байқауына қатысып, «Хас шебер» аталымымен марапатталған. 300-дей тігінші ұзындығы 15 метр, ені 6 метр болатын мемлекеттік көк туымызды кестелеп төгіпті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арасында өткен «Аламан құрақ» жобасына қатысып, аламан құрақшылармен рекорд орнатқаны үшін арнайы сертифатқа ие болған. Бір мезгілде кілем тәріздес жайылған 450 құрақ көрпенің жалпы көлемі 11200 шаршы метрді құраған. Ені 40 метр болса, ұзындығы – 252 метр. Құрақ көрпелерді тігу барысында «Гауһартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» құрақ техникалары және төртқұлақ қошқар мүйіз қолданылған. Жобаға 450 құрақшы қатысқан. Кейіпкеріміз Зарина жалпы ел астанасында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Аламан құрақ» байқауына екі мәрте қатысып, құрақшылардың Қазақстан рекордтар кітабына енуіне өзіндік үлес қосқан.  Ісмер осындай бағытта кәсіби дамуға арналған курстарға, байқауларға жиі қатысады. Ателье қабырғасына ілінген қазақша, ағылшынша мәтінмен жазылған сертификаттар соны айғақтайды.

027db222-24d1-4de1-9182-fa916d509e6d

–  Құрақтың 200-ден аса түрі бар. Төрт бұрыш, сынық мүйіз, қиықша құрақ, үшбұрыш, аққу, жұлдызша, гүл құрағы, сегіз жапырақ, тұмарша сияқты түрлері кеңінен тараған. Құрақ құрау үшін, ең алдымен, түрлі-түсті маталар қажет. Маталар түрі мен түсіне, қалыңдығы мен жұқалығына қарай сұрыпталып, бір-бірін ашатындай үйлесіммен таңдалуы тиіс. Құрақты тігер алдында
мата қиындыларын бір-біріне сәйкестендіріп, үйлесімін есептеп аламыз. Оның бәріне есеп керек. Кейде осының бәрін біздің ата-бабаларымыз қалай меңгеріп, қайдан үйренді екен деп таңғаламын. Егер есеп дұрыс болмаса, құрақ та қисайып, бұзылады. Ал, екінші жағынан, бұл – үнем. Жоқтан бар жасау. Матаның қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдеге жарату. Құрақ – ысырапсыздықтың, еңбекқорлықтың көрінісі. Бұрынғы апаларымыз да әр қиындыны сақтап, болашақта жаратады деп жинап отырған. Қазіргідей зат мол заманда да бұл өнер өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Қазір де қыздың жүгіне құрақ көрпе қосатындар көбейді. Өйткені қазір аналар «Құрақ құраса – құралады» деген ырымға мән беріп, қызының үбірлі-шүбірлі, дәулетті болғанын қалайды, – деді Зарина.

Кейіпкеріміздің ательесіндегі матаның, ине-жіптің түр-түрі, түрлі бұйымдар, сөмкелер, құрақ көрпелер көздің жауын алып, бөлме ішіне ерекше әр беріп тұр. Тіпті бұл шеберханада қыздарға арналған «косметичкалар», жұмыс үстеліне арналған бұйымдар, гүл формасындағы сабындар, бөлмеге арналған интерьерлік картиналар, қолдан тігілген заманауи ойыншықтар да табылады. Кейіпкеріміздің құрақ көрпелері сұраныста. Сондай-ақ киімді қысқарту немесе өңін өзгертіп қайтадан жасау, көрпе-жастық, есік, терезе, сахна жабындарын, қол сөмке тігу секілді жұмыстарға жиі тапсырыстар түседі екен. Сондай-ақ мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен ұлттық киім, мектеп оқушыларына бірдей форма, өнер көрсететін бүлдіршіндерге мерекелік костюмдер тігеді. Ісмер бұйымдарын Zarina_atelie_Zhangala инстаграмм парақшасына салады.

WhatsAp

–  Іс тігу адамға жан тыныштығын сыйлайды, яғни «терапия». Кез келген күйзеліске түскен адамға өте пайдалы дер едім. Күнделікті күйбең тірлікте мазалайтын ойларыңды, мәселелеріңді ұмытасың. Көңілім алаң болса, бір нәрсе шешілмей жатса, ішкі дүнием мазасызданса – тігін машинама отырамын. Іс тіге бастасам, миым тынышталады, қарнымның ашқанын да сезбеймін. Бір нәрсеге ренжіп келіп тігін үстеліне отырсаң, жұмысың аяқталған соң неге ренжігеніңді ұмытып қаласың. Себебі жұмыс үрдісі аяқталарға таман тігіп жатқан бұйымың әдемі болып құрастырыла береді.  Оны көрген сайын көңіл күйің де көтеріледі. Кейде үйден шығарда духовкаға нан салып кететін кездерім болады. Сонда жұмысқа келіп іс тігуге кірісіп кетіп, ательені жауып шығарда ғана әлгі наным есіме түсіп жататын сәттер болады. Әйтеуір, үйде үлкендер бар, балаларым да есейіп қалды. Мен үлгермей қалғанда олар көмектеседі. Жалпы, менің алаңсыз тігінмен айналысуыма жағдай жасап отырған ата-енеме, ата-анама алғыс айтамын. Бір қызығы, менің ұшқан ұямдағы нағашы әжем мен келін болып түскен әулетімдегі анамның тігін машинасы бірдей, бір фирмадан, бір жылы шыққан болып еді. Нағашы әжемнің машинасымен тігіннің «әліппесін» үйренсем, кәсіп бастағандағы алғашқы табысымды анамның (енемнің) тігін машинасын пайдаланып тапқан едім, – дейді он саусағынан өнер тамған ісмер келіншек.

578add82-cc05-4f1a-804f-400aaba10832

«Шебердің қолы ортақ» демекші, Зарина Азаматқызының қолынан шыққан бұйымдар жаңақалалықтардың көңілінен шығып, тапсырыс берушілер де, сатып алушылар да күннен-күнге артып келеді. Бұл оның жұмысына деген адалдығын, қолынан шыққан әр бұйымның сапасына аса көңіл бөлетінін айғақтайды. Ісмер келіншектің ендігі бір тілегі – кесте төгуге арналған тігін машинасы мен түрлі маталар алып, жұмысын одан әрі дамыту. Әзірге бұл тілегінің орындалуына қаржылық жағдай қолбайлау болып тұр.

84d5ae66-dbf8-4271-b898-89ea8dec11f5

Адамдық болмысы мен аналық даналығы мол, қолы өнерлі шебердің әлі талай дүниемен тұтынушысын қуантары анық.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»,

Жаңақала–Орал–Жаңақала

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале